ffin.kz

Қазақстанда күн сайын екі әйел қатерлі ісіктен қайтыс болады

Қазақстанда күн сайын екі әйел қатерлі ісіктен қайтыс болады Сурет ЖИ көмегімен салынды

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов өзінің Telegram-арнасында ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің деректерін келтірді. Оған сәйкес, Қазақстанда күн сайын екі әйел қатерлі ісіктен қайтыс болады. Taspanews.kz тілшісі сарапшылармен сұхбаттасып, әйелдерде онкологияны қоздыратын адам папиллома вирусына қарсы вакцинаның қаншалықты тиімді және қауіпсіз екенін білді. Сонымен қатар, вакцина туралы жалған ақпарат таратып, оған қарсы үгіттеушілерді тоқтату қалай жүзеге асуы керектігі сөз болды.

«Күніне екі өлім»

«Денсаулық сақтау министрлігі АПВ инфекциясын және жатыр мойны обырының алдын алудың жалғыз әдісі – вакцинация екенін мәлімдеді. Министрліктің мәліметінше, Қазақстанда жыл сайын жатыр мойны обырының 1900-ге жуық жаңа жағдайы тіркеледі (күніне бес жағдай), және 600-ден астам әйел осы патологиядан қайтыс болады (күн сайын екі әйел)», – деп жазды Аймағамбетов.

Ол Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынымына сәйкес, 135 елде, соның ішінде Қазақстанда, АПВ-ға қарсы вакцина Ұлттық егу күнтізбесіне енгізілгенін еске салды. Көптеген әлемдік зерттеулер адам папиллома вирусына қарсы вакцинацияның «қауіпсіздігі мен жоғары тиімділігін» көрсетеді.

Сонымен қатар, әлеуметтік желілерде вакцинаға қатысты жалған ақпараттардың пайда бола бастағаны ескертілді.

«Әлеуметтік желілерде вакцина стерилизация мен бедеулікке әкелетіні туралы ақпарат шындыққа жанаспайды және ғылыми тұрғыда дәлелденбеген. Мұндай жалған ақпарат таратқан адамдардың әрекетіне құқықтық баға беру үшін материалдар құқық қорғау органдарына тапсырылды», – деді Мәжіліс депутаты.

Асхат Аймағамбетов бұл ұстанымның дұрыс екеніне сенімді, себебі «денсаулық сақтау саласына қатысты фейктердің таралуы қоғам үшін ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін» деп атап өтті.

«Антиваксерлер мен вакциналар туралы жалған ақпарат бірнеше рет вакцинация көрсеткіштерінің төмендеуіне әкелді. Бұл халықтың осал топтарына қауіп төндірді. Егуге қарсы шыққандар өз әрекеттері үшін жауапкершілікті сезінуі тиіс. Кейбір елдерде азаматтардың денсаулығына зиян келтіретін жалған ақпаратты қасақана таратқаны үшін айыппұлдар мен қылмыстық жауапкершілік қарастырылған», – деп атап өтті ол.

«Әйелдердегі онкопатология бойынша 2-ші орында»

Дәрігер, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Гүлдара Нұрымова Taspanews.kz тілшісімен сұхбат барысында, Қазақстанда 11 жастағы қыздарды жоғары онкогенді АПВ түрлеріне қарсы 4 валентті вакцинамен егу басталғанын айтты.

«Қазақстанда қолданылатын АПВ-ға қарсы вакцина аурудың 4 түрінен қорғайды. Олар – 6, 11, 16, 18 түрлері. Әлеуметтік желілерде АПВ вакцинасының жас қыздар денсаулығына зиянды әсері бар деген ақпарат таратылды. Бұл болашақта бедеулікке әкеледі деген күдікті насихаттады. Әлеуметтік желілердегі барлық ақпарат шындыққа жанаспайды», – деді мәжіліс депутаты.

Ол бұл вакцинаның не үшін жасалатынын түсіну қажет екенін атап өтті.

«Адам папиллома вирусы – вирустардың үлкен тобы, олардың 200-ден астам түрі бар. Кейбіреулерінің онкогендігі аса жоғары және денеде қатерлі ісіктерге әкелуі мүмкін. АПВ-нан болатын ең көп таралған дерт – жатыр мойны обыры. Қазақстанда жатыр мойны обыры 25 пен 44 жас аралығындағы әйелдерде онкопатология арасында 2-ші орында», – деді Гүлдара Нұрымова.

Оның айтуынша, адам папиллома вирусын жұқтыру жағдайлары көп, себебі ол тікелей байланыс арқылы таралады. Депутат «жыныстық қатынасы тұрақты адамдардың барлығы дерлік өмірінде АПВ-ны тым болмаса бір рет жұқтыратынын» атап өтті.

«Статистикаға сәйкес, АПВ-ны 10 адамның 8-і жұқтырады. Көп жағдайда инфекция симптомдары байқалмайды және 12-24 ай ішінде өздігінен өтіп кетеді. Алайда, жоғары онкогендік қаупі бар АПВ түрлерін жұқтырған кезде, инфекция созылмалы түрге ауысуы мүмкін, бұл кейін қатерлі ісікке әкелетін өзгерістерге ұласуы мүмкін. Егер олар уақтылы анықталмаса және емделмесе, қатерлі ісікке айналуы мүмкін», – деп түсіндірді ол.

Сондықтан «әйелдер арасында онкологиялық аурудың даму қаупін азайту мақсатында АПВ-ға қарсы вакцинацияның маңыздылығы мен қажеттілігін ерекше атап өту қажет».

«Вакцина инфекцияның 90%-нан қорғайды»

Онколог Алима Сатанова (ҚазОРҒЗИ) біздің редакцияға берген сұхбатында АПВ-ға қарсы вакцинация «адам папиллома вирусымен байланысты аурулардың алдын алудың ең тиімді шараларының бірі» деп мәлімдеді.

«Зерттеулер көрсеткендей, АПВ вакциналары жатыр мойны обыры, анальды қатерлі ісік, жыныс мүшесінің, қынаптың және тамақтың қатерлі ісігі, сондай-ақ жыныс сүйелдерін тудыратын вирустардың 90%-ның алдын алады», – деді ол.

Онкологтың айтуынша, вакцинация жыныстық қатынас басталғанға дейін, яғни вирусты жұқтыру ықтималдығы аз кезде жасалуы керек, сол кезде ол тиімдірек болмақ. Дегенмен, тіпті вирус жұқтырған жағдайда да, вакцинация ересектер үшін де тиімді, себебі ол қатерлі ісік пен қатерлі ісікке әкелетін жағдайлардың тууын азайтады.

«Бұл вакциналар көптеген клиникалық сынақтардан өтті және бүкіл әлемде кеңінен қолданылады. Вакцинация бағдарламалары әлемнің 100-ден астам елінде енгізілген», – деді ол.

Дәрігер «вакцинациядан кейін жанама әсерлер болуы мүмкін, алайда олар әдетте жеңіл және қысқа мерзімді» екенін атап өтті (мысалы, егу орнындағы ауырсыну, бас ауруы, жеңіл қызба).

«АПВ вакциналары қауіпсіз болып саналады және зертханалық зерттеулерден клиникалық сынақтарға дейін дайындықтың барлық кезеңдерінде қатаң тексеруден өтеді. Нарыққа шыққаннан кейін олардың қауіпсіздігін халықаралық және ұлттық реттеушілер бақылайды», – деп атап өтті Сатанова.

«Ақпараттандыру маңызды»

Заңгер Надежда Гельдт қазір АПВ вакцинасы туралы жалған ақпарат тарататын антиваксерлерге арналған жазаны күшейтудің «мәні бар» деп санайды.

«Осылайша олар кез-келген нәрсені айтудан қорқатын болар еді және сол арқылы қарсы пікір білдірушілер мен үгіттеушілер саны да азаяр еді. Алайда, бұл жағдайда салдармен емес, олардың жалған ақпарат тарату себебімен күресу қажет. Неліктен бұл адамдар егуге қарсы болды, неге жақтаушылары көп екенін түсіну керек. Бұл жеткілікті білімнің болмауына, мемлекеттік органдар тарапынан ақпараттың аздығына байланысты болуы мүмкін», – деп санайды заңгер.

Оның пікірінше, антиваксерлерге тиісті ғылыми білім беру маңызды. Гельдт егер вакцинация жоспарланса, онда «мемлекеттік органдар тарапынан үлкен ақпараттық жұмыс жүргізілуі керек» деді.

«Білместік адамдарды қандай да бір ақпаратқа жүгінуге мәжбүр етеді. Сондықтан олар антиваксерлерге ілесіп кете барады. Әрине, біз барлығына қылмыстық жауапкершілікті айтып, үркітіп қоюымыз мүмкін, себебі антиваксерлердің әрекеті ауыр зардаптарға әкеледі-ақ. Мысалы, егер адам уақтылы егуден өтпесе, болашақта бұл өлімге әкеп соғар. Бірақ осындай қауіп-қатердің барын айтып қана қоғамдағы артық ойлардың таралу тенденциясын тоқтату қолдан келмес»,– деп түйіндеді ол.

Астанадағы дөңгелек үстел

Жақында Денсаулық сақтау министрлігі баспасөз қызметі Taspanews.kz тілшісіне 17 қыркүйекте Астанада 11 жастағы қыздарға АПВ-ға қарсы вакцинация жүргізу бойынша дөңгелек үстел өтетінін хабарлады.

«Оған мемлекеттік орган өкілдері, онкогинекологтар, иммунологтар, Нұрлан Асанов (Нұрлан имам), Айгүл Мүкей және басқалар қатысады. Белгілі тележүргізуші, қоғам қайраткері Лайлә Сұлтанқызы модератор болады. Іс-шараға егуден өткен әйелдер мен жатыр мойны обыры анықталған әйел қатысады. Басты мақсат – АПВ-на қарсы вакцинацияның маңыздылығын жақсы түсінуге ықпал ету және оны енгізу мен көпшілікке таратудың тиімді тәсілдерін әзірлеу. Нәтижесінде бұл жатыр мойны обырына шалдығудан қорғап, одан аман қалуға көмектеседі»,– деп хабарлады баспасөз қызметі.

Денсаулық сақтау министрлігі 2019 жылы әлем бойынша АПВ-нан әйелдер арасында 620 мыңға жуық, ал ерлерде 70 мыңға жуық қатерлі ісік ауруына шалдықандар бары туралы мәліметтер келтірді. Олар “қазіргі уақытта АПВ инфекциясын емдеу әдісі жоқ» деп түсіндірді.

Сондықтан вакцинация – жұқтыру мен дерттің алдын алуда аса маңызды.

Taspanews.kz

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

19:54

19:06

18:48

18:05

17:55

17:50

17:40

17:22

17:10

17:04

16:46

16:38

16:18

15:51

15:23

14:55

14:45

14:18

14:11

13:38

13:12

12:58

12:49

12:41

12:17