Биылғы Президент Жолдауында көтерілген бірпалаталы Парламент мәселесі қоғамда да қызу талқыланып келеді. Қазақстанда парламенттік реформалар 20 жылдан астам уақыт бойы айтылып келе жатқанымен, депутаттардың өзі халықтың сеніміне қаншалықты лайық деген сұрақ жиі көтеріледі. Әсіресе, соңғы саяси маусымда кейбір мәжілісмендердің қоғамға жасаған мәлімдемелері мен әрекеттері жұртшылық тарапынан сын мен күлкіге ұшырап, әлеуметтік желілерде кеңінен тарады.
Aqshamnews.kz редакциясы ел арасында түрлі пікір тудырған, әрекеті мен сөзі жұрт назарында ерекше есте қалған қалған депутаттардың антирейтингін жасап көрді.
Халыққа берген уәдесін есіне сақтай алмаған депутат әбден састы
Өткен аптада Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден кулуарда қойылған күтпеген сауалға жауап бере алмай, мүдіргені бар. 8 қазан күні Парламент отырысынан кейін журналистердің бірі одан депутат ретінде берген антын жатқа айтып беруін сұраған еді. Бірақ Қарақат ханым тосыннан қойылған сұраққа тосылды ма, ант мәтінін толық еске түсіре алмады.
Алғашында: «Ох, қандай сұрақтар қоясыңдар?..» деп абдыраған депутат екінші мәрте мәтінді еске түсіруге тырысқанымен, антты толық айтып бере алмады. Ақырында ұмытып қалғанын өзі де мойындап, «қарау керек екен» деп құтылды.
Бұл жайт көп күттірмей-ақ әлеуметтік желіге тарап, қоғамда түрлі пікір тудырды:
- «Антын ұмытқан депутаттан не қайыр?»
- «Депутат болып алғандар жынды ма, сеніп жүрген халық жынды ма?»
- «Басыңды неге ұмытып кетпейсің?..»
Сынды бейтарап қабылдағандар да бар, бірақ көпшілік мұндай жайтты мемлекеттік қызметкердің жауапкершілігіне күмән ретінде қабылдағандай. «Халыққа берген антын есте сақтай алмаған адам елдің мұң-мұқтажын қалай есіне сақтап, билікке жеткізеді?» деген сарындағы пікірлер де көп.
Еске сала кетейік, Қарақат Әбден 2022 жылы президент сайлауына қатысқан. Ал одан кейін “шетелдікке күйеуге шыққан қыздарға салық салу керек” деген ұсынысын парламентте көтеруге дайын екенін айтып, басы дауға қалған жайы тағы бар.
Ардақ Назаров жұрт назарынан түспей тұр
Ал мәжілісмен Ардақ Назаровтың есімінің ел аузынан түспегеніне айдың жүзі болды. Ондағы бар айыбы - Парламент отырысында 70 жасқа толған анасын мінберден құттықтағаны еді. Анасын осылай "ардақтау" арқылы ел алдында абыройын арттыра түскісі келді ме, депутаттікі «аңдамай сөйлеген ауырмай өледінің» кері болған секілді. Халық қалаулысының бұл әрекеті қоғамда екіұшты реакция туғызды. Желіде Назаровқа қатысты күлкілі жазбалар, мемдер мен сын пікірлер әлі басылар емес.
Бұл Ардақ Назаровтың бірінші рет сынға ұшырауы емес. Бұған дейін де ол Шерзат Полат өліміне қатысты Талғардағы қаралы үйге мобилограф ертіп барғаны үшін сынға қалған еді. Ол кезде жұрт «тойға барғандай видео түсіріп жүр» деп, әрекетін орынсыз санаған.
Даулы мәлімдемелерімен есте қалған депутаттар
Өткен жылы да халық қалаулылары ойды жеткіземін деп орынсыз айтып қалған кездер болды. Мәжіліс депутаттары Жарқынбек Амантай мен Анас Баққожаевтың тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты пікірі қоғамда үлкен дау тудырып еді. Олар отбасындағы дау-жанжалдың шығуына әйелдердің де себепкер болуы мүмкін екенін айтып, жұрттың сынына қалды.
Ж.Амантай: «Күйеуін 15 күнге қамаған әйелді де дәл солай оқшаулау керек» десе, А.Баққожаев: «Ұрыс-керістің көбі әйелдердің тілінің ұзындығынан шығады», - деп кесіп айтты.
Коллаж: Aqshamnews.kz.
Бұл пікірлер қоғамда теріс қабылданып, депутаттардың айтқан сөздері әлі күнге дейін мысал ретінде келтіріліп жүр.
Жануарлар мүддесін қорғаймын деп орынсыз мысал келтірген депутат күлкі болды
Анас Баққожаевтың тағы бір мәлімдемесі жануарларды кастрациялау мәселесі кезінде айтылды. Кастрация жануарлардың өмірін ұзартады дегенге қарсы шыққан депутат өзін мысалға келтіріп, пікірін былай жеткізген еді:
«Жануарларды кастрациялау өмірдің ұзақтығына ешқандай әсер етпейді. Құдай сақтасын, ұят болса да айтайын, менің бір аталық безімді кесіп тастаса, өзімді сау адам ретінде сезіне алмаймын. Мен – мүгедекпін».
Оның бұл пікірі де әлеуметтік желіде қызу талқыланып, депутаттық риториканың көрінісі ретінде мысқылмен қабылданды.
«Абориген емеспіз» деп ашу шақырған депутат кімнің есінде?
Мәжілісте орын алған тағы бір есте қаларлық сәт – көлік және жол мәселесі талқыланған жиында депутат Еділ Жаңбыршиннің «Эйр Астана» басшысы Питер Фостерге айтқан сыны. Депутат компания басшысының жымиып қойғанына ашуланып, былай деп айбат шеккен еді:
«Сізге бір рет қана сұрақ қойылды. Бірақ сіз Қазақстанға келгеннен кейін бірінші кезекте Қазақстан азаматтарының мүддесін қорғауыңыз керек... Сіз күлмеңіз. Сіз бізді менсінбей отырсыз. Біз сізге Африкадағы абориген емеспіз. Ештеңені түсінбейтін! Ойнамаңыз, бізді күліп менсінбей. Бұл Парламент! Осы жерде отырғандардың бәрі – халық сайлаған адамдар».
Cурет: BAQ.kz
Белсенділік пен бедел - қатар жүрсе жақсы
Жоғарыда аталған кейбір мәлімдемелер мен әрекеттер депутаттарды ел алдында сынға ұшыратып, күлкіге де қалдырған болар. Алайда бұл жағдай олардың өткен саяси маусымда белсенділік танытпағанын білдірмейді. Керісінше, VIII шақырылымдағы Мәжіліс 266 заң жобасын ұсынып, оның 167-сіне Президент қол қойды. Тағы 61 жоба қаралуда, 30 жоба Сенатқа жолданған, ал 7-еуі кері қайтарылған немесе қабылданбаған.
Фракциялар бойынша ең көп депутаттық сауал жолдаған — Amanat (619 сауал). Одан кейінгі орында Ақ жол (162), Ауыл (114), Қазақстан халық партиясы (113), ЖСДП (63) және Respublica (56) тұр. Айта кетерлігі, мандат саны бойынша екінші орында тұрған Respublica фракциясы сауал саны жағынан соңғы орында қалған.
Сондай-ақ жеке депутаттар арасында ең көп сауал жолдағандар:
-
Ержан Бейсембаев – 42
-
Магеррам Магеррамов – 42
-
Азат Перуашев – 40
-
Нартай Сәрсенғалиев – 36
-
Ерлан Сайыров – 28
-
Асқар Садықов – 27
-
Ирина Смирнова – 25
-
Мархабат Жайымбетов – 24
-
Гүлдара Нұрым – 22
-
Дүйсенбай Тұрғанов – 22
-
Бақытжан Базарбек – 21
-
Абзал Құспан – 21
-
Ажар Сағандықова – 21
-
Екатерина Смышляева – 21
-
Қайрат Балабиев – 20
Ел арасында соңғы бірнеше жылда сынға ұшыраған депутаттардың қатарында Дәулет Тұрлыханов пен Жигули Дайрабаевтың есімдері аталды. Алайда, қоғамдағы кері пікірлер негізінен олардың тікелей депутаттық қызметіне емес, балаларының әрекеттеріне байланысты туындаған еді.
Айта кетейік, халық депутаттардың бәріне бірдей "күйе" жақпайды. Мәжіліс пен Сенаттағы Бақытжан Базарбаек, Дәулет Мұқаев, Ринат Зайытов, Асхат Аймағамбетов сынды депутаттар елдің алғысын алып жүрген халық қалаулыларының қатарында.
Айта кету керек, қоғамның сынына іліккен бірнеше депутаттың әрекеті бүкіл Мәжіліс жұмысын жоққа шығармайды. Қоғамда кері пікір туғызған кейбір мәлімдемелер мен оғаш қылықтар болғанымен, бұл барлық депутаттың кәсіби біліктілігі мен жауапкершілігіне көлеңке түсірмеуі тиіс. Өйткені, Парламент қабырғасында ел мүддесі үшін еңбек етіп жүрген, бастамашыл әрі белсенді депутаттар да бар
Мәселен, Бақытжан Базарбек, Дәулет Мұқаев, Ринат Зайытов, Асхат Аймағамбетов сынды халық қалаулылары соңғы уақытта қоғамда оң бағаланып жүр. Олар көтерген мәселелердің өзектілігі, ашық азаматтық ұстанымы мен белсенділігі әлеуметтік желіде де, қоғам талқысында да қолдау тапты. Демек, белсенділік пен бедел қатар жүргенде ғана халық сенімі мен құрметіне ие болуға болады.