Алматы мемлекеттік бизнес колледжі «Жұмысшы мамандықтарының жылы» аясында, Алматы қаласы Білім басқармасының қолдауымен және техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жаңғырту бастамасын жүзеге асыру мақсатында, бес жұлдызды InterContinental Almaty қонақ үйінде дуалды оқыту үлгісінің табысты нәтижелерін көрсетуге арналған баспасөз турын өткізді.
Іс-шара барысында еліміздегі беделді қонақ үйлердің бірінде жұмыс істеп жүрген түлектердің табысқа, жетістікке жету жолымен таныстық. Сондай-ақ, олар әйгілі Real Madrid футбол командасы мен «Қайрат» клубы арасындағы тарихи матч кезінде аталмыш қонақ үйге түскен шетелдіктермен болған әсерлі сәттерді бөлісті.
"Мен колледжді «Тамақтандыруды ұйымдастыру» мамандығы бойынша оқыдым, біліктілігім – аспаз. Дуалды оқыту бағдарламасының әсері ерекше. Онда теорияға қарағанда тәжірибе көбірек болды. Бұл – үлкен артықшылық. Себебі нақты өндірісте жұмыс істеу барысында кәсіби шеберлігің шыңдалады. Ұжыммен, шеф-аспаздармен бірге қоян-қолтық еңбек ету үлкен мектеп. Қазір мен жоғары деңгейлі InterContinental Almaty қонақ үйінде аспаз болып жұмыс істеймін және өзімді нағыз маман ретінде сезінемін. Тағамға қосылатын ет, көкөніс болсын, бәрінің қалай кесілгені, туралғанына дейін маңызды. Тіпті, тұздығы да артық не кем болмауға тиіс. Талғампаз болу да маңызды. Үздіксіз жетілуге, білім алуға құштарлық та үлкен рөл атқарады. Болашақта осы кәсібімнің шыңына жетіп, нағыз шебері болғым келеді", – дейді колледж түлегі, аспаз Денис Шифман.
Иә, аталған бизнес колледждің түлектері бес жыл қатарынан InterContinental Almaty қонақ үйінің түрлі бөлімдерінде – ыстық және суық цехтарда, кондитерлік және банкет бөлімдерінде табысты еңбек етуде. Олардың қатарында аспаздар, шеф-аспаздар, кондитерлер және сервис менеджерлері бар.
"Биыл колледжді 589 студент бітіріп шықты, олардың 90%-ы алған мамандығы бойынша жұмысқа орналасты. Бұл – жұмыс берушілермен жүйелі өзара іс-қимылдың және практикалық бағыттағы білім берудің нақты нәтижесі. Біздің әлеуметтік серіктестеріміздің, соның ішінде бес жұлдызды InterContinental Almaty қонақ үйінің қолдауының арқасында студенттер жоғары деңгейлі қызмет көрсету саласында тәжірибе жинақтап, тұрақты жұмыс орнын табуда", – деп атап өтті Алматы мемлекеттік бизнес колледжінің директоры Айнұр Мұқажанова.
Пресс-тур кезінде қонақ үйдегі заманауи өндірістік орындар көрсетіліп, онда колледж түлектері алған білімдері мен дағдыларын тиімді қолданып жүргенін баяндады. Сондай-ақ, қонақ үй өкілдері жас мамандарды өндірістік ортаға бейімдеу, кәсіби өсу мен тәлімгерлік бағдарламалары туралы тәжірибелерімен бөлісті. Ал біз өз кезегімізде еңбек нарығында сұранысқа ие білікті мамандардың даярлығының жоғары деңгейіне және дуалды оқытудың тиімділігіне көз жеткіздік. Алматы қаласындағы техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жаңғыртудың нақты нәтижелерімен толық танысып, колледж бен әлеуметтік серіктестердің білікті кадрларды даярлауға қосып отырған үлесінің зор екенін бағамдадық.
"Аспаз болуды мектепте оқып жүргенде армандағанмын. Меніңше, болашақта кім болатыныңды қателеспей таңдай білу керек. Себебі, істеген ісің саған қуаныш, ләззат сыйласа ғана жетістікке жетесің. Осы қағиданы бізге колледж директорының оқу-өндірістік жұмыс жөніндегі орынбасары Ұлжалғас Камалқызы және өзге де ұстаздарым ылғи қайталап, санамызға құйып отырады. Мен қазір осы қонақ үйде тәжірибеден өтіп жүрмін. Көбіне сұйық, сорпа тағамын, тұздықтар әзірлеймін. Жалақы төленеді. Шәкіртақы да аламын. Осылайша адал кәсіптің наны да тәтті болатынын сезініп жүрміз. Оқығаныңды іспен ұштастыру мүлдем басқа нәрсе, көп тәжірибе жинап жүрмін. Мұнда өзіміздің колледждің түлегі, ардагер-маман Моисеева Ольга Константиновнаның да қамқорлығы шексіз. Үлкен ұжыммен араласу, адами қарым-қатынастың да әдебін меңгеру – бәрі-бәрі біздің мықты маман болып шығуымызға жол ашып берді. Бізге тек адал жұмыс істеу ғана қалып тұр", – дейді колледждің 2-курс студенті Рамазан Тұрғанбек.
Осы ретте айта кетсек, Алматы мемлекеттік бизнес колледжі еліміздегі салалық үздік оқу орындарының бірі ретінде өз ұстанымын нық сақтап келеді. Мұндай жетістік – әлеуметтік серіктестікке және кәсіби мамандарды даярлаудағы ортақ жауапкершілікке негізделген еңбектің нәтижесі.
InterContinental Almaty – Алматы мемлекеттік бизнес колледжінің негізгі әлеуметтік серіктестерінің бірі әрі қазақстандық қонақжайлылық индустриясының беделді өкілі. Мұнда жоғары деңгейдегі сервис, заманауи стандарттар және халықаралық тәжірибе үйлесім тапқан. Қонақ үйде маңызды іскерлік және мәдени іс-шаралар өткізіледі, түрлі елдердің делегациялары мен мәртебелі меймандар қабылданады. Осындай серіктеспен бірлесе жұмыс істеу – колледж студенттері үшін кәсіби тәжірибе мен әлемдік деңгейдегі мамандардан үйренудің үлкен мүмкіндігі екені сөзсіз.