Алматы әкімі Дархан Сатыбалды қаладағы ең ірі спорт нысандарының бірі жаңа «Алатау» теннис орталығының ашылу рәсіміне қатысты, - деп хабарлайды Аqshamnews.kz тілшісі.
Бұл орталық бұқаралық және кәсіби теннистің дамуына серпін беретін маңызды спорт алаңы болмақ. Жоба қала әкімдігінің және Қазақстан теннис федерациясының қолдауымен жүзеге асырылды. Бұл жұмыс 2018 жылы басталған болатын, ал оның аяқталуы қаланың спорт инфрақұрылымы үшін маңызды оқиғаға айналды.
Іс-шараға Қазақстан теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратов, сондай-ақ ATP 250 Almaty Open халықаралық турниріне қатысып жатқан Даниил Медведев, Карен Хачанов, Александр Шевченко, Бейбіт Жұқаев және Флавио Коболли сынды кәсіби теннисшілер қатысты. Спортшылар балаларға арналған шеберлік дәрісін өткізіп, жаңа орталық аумағына ағаштар отырғызды.
Дархан Сатыбалды Алматы үшін бұл орталықтың ашылуы өте маңызды екенін атады:
"Жаңа теннис орталығы қаламыздың қарқынды дамып келе жатқан ауданында бой көтеріп, маңызды спорт инфрақұрылымының бір бөлігіне айналды. Бұл нысан жас спортшыларды даярлауға, сондай-ақ ұлттық және халықаралық деңгейдегі жарыстар өткізуге мүмкіндік береді. Мұндай жобалар Алматының әлемдік спорт картасындағы беделін арттырып, қаланың әрі қарай дамуына серпін береді", — деді қала әкімі.
Заманауи орталық халық тығыз орналасқан Алатау ауданында орналасқан, халықаралық стандарттарға сай келеді. Мұнда кәсіби спортшылар мен әуесқойлар үшін қолайлы жағдай жасалған: білікті жаттықтырушылар қызмет етеді, түрлі деңгейдегі турнирлер өткізуге мүмкіндік бар.
Жалпы аумағы 5 мың шаршы метрден асатын орталықта 14 теннис корты бар: оның төртеуі жабық, төртеуі «хард» жабынымен ашық, ал қалған алтауы топырақ жабыны бар алаңдар. Сонымен қатар, жаттығу залы, медициналық кабинет, конференц-зал және әкімшілік блок қарастырылған.
Сыртқы корттарда 150 орындық, ал жабық алаңдарда 100 орындық көрермен трибуналары орнатылған. Спорт нысанда күніне 500 адамға дейін жаттыға алады. Мұнда инклюзивті теннисті дамытуға және көпбалалы әрі әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға арналған тегін және жеңілдетілген жаттығулар ұйымдастыруға ерекше көңіл бөлінген.