Қазақстанда сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі тәуелсіз орган - Антикор енді дербес құрылым ретінде жұмыс істемейді. Президент жарлығымен ол Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрамына кірді. Бұл шешім неге қабылданды, күтілетін ықтимал өзгерістер қандай және қоғам үшін қандай қауіптер мен үміттер бар? Саяси сарапшы пікірімен Аqshamnews.kz тілшісі материал ұсынады.
Антикор тарихы мен ҰҚК-ге қосылу себебі
Қазақстанның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 1990-жылдары құрылған қаржы полициясынан тамыр тартады. Тәуелсіздік алған жылдары жемқорлықтың қауіпті деңгейге жетуі арнайы басқармаларды құруға негіз болды. Кейінгі жылдары агенттік бірнеше мәрте қайта құрылып, түрлі мемлекеттік органдармен біріктіріліп отырды.
2024 жылдың 30 маусымында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Антикорды таратып, оны Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) құрамына қосу туралы жарлыққа қол қойды. Ресми түсініктемеде бұл шешім "мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға" бағытталғаны айтылғанымен, нақты себептер ашып көрсетілген жоқ. Сарапшылардың пікірінше, функциялардың қайталануы, бақылаудың әлсіздігі мен жемқорлықпен күрестің тиімділігін күшейту қажеттілігі - негізгі факторлар болуы мүмкін.
ҰҚК аясында жемқорлықпен күрес: күшейту ме, тәуекел ме?
Бұл өзгеріс қоғамда қос пікір тудырды. Депутат Константин Авершиннің айтуынша, Антикор бір кездері ҰҚК жүйесінде болған, ал кейінгі бөліну ведомстволар арасында функциялардың қайталануын тудырды. Оның пікірінше, ҰҚК-нің техникалық және ұйымдастырушылық мүмкіндігі жемқорлыққа қарсы жұмысты тиімді атқаруға жол ашады.
Ал криминолог Хаким Кушкалиев те бұл тәсілді қолдайды: мемлекет үшін жемқорлық күрделі әрі қауіп төндіретін мәселе. Сондықтан ҰҚК-нің ресурстары мен кадрлық әлеуеті мәселені шешуге сеп болуы тиіс. Transparency International ұйымының рейтингі бойынша (жемқорлық статистикасы - еск.) Қазақстан 180 елдің ішінде 88-орында тұр, бұл елдегі жоғары жемқорлық деңгейін көрсетеді.
Дегенмен тәуелсіз сарапшылар бұл құрылымдық өзгерісте тәуекелдер бар екенін ескертеді. Қоғам тарапынан ашық бақылау әлсіреуі мүмкін деген күмән бар. Себебі арнайы қызметтің құпиялылығы жемқорлық істерін анықтау процесін жариялықтан алыстатуы ықтимал.
Сарапшы Шәмшиев: "ҰҚК-ге қосылу - жемқорлықпен күрестің жаңа деңгейі"
Пердехан Шәмшиев
саяси сарапшы
Саяси сарапшы Пердехан Шәмшиевтің айтуынша, агенттік өз өкілеттігі шеңберінде белсенді жұмыс атқарды. Бұл туралы президенттің экс-төрағасы Асхат Жұмағалиға алғыс білдіруінен аңғаруға болады. Дегенмен жаңа модель "Заң мен тәртіп" қағидасын мүлтіксіз орындауды талап етеді.
"Енді жемқорлық ұлттық қауіпсіздікке төнетін қатер. ҰҚК-ге қосу арқылы бұл жұмыс барынша тәуелсіз жүргізілуі мүмкін. Бірақ фактілерді анықтау процесі жабық болады, ал қорытынды есеп қоғамға ашық ұсынылады", — дейді сарапшы.
Оның пікірінше, жаңа директор Нұржан Құсайыновтың тағайындалуында да саяси астар жоқ. Ол ҰҚК төрағасы Ермек Сағымбаевтың жетекшілігімен жұмыс істейді.
Жаңа басшы - Нұржан Құсайынов: ол кім?
8 шілдеде Нұржан Маратұлы Құсайынов ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің басшысы болып тағайындалды. Алайда ашық дереккөздерде Құсайынов туралы ақпарат аз. 2019 жылы ол ҰҚК Экономикалық қауіпсіздік қызметі бесінші департаменті басшысының орынбасары қызметін атқарған. 2024 жылдың мамыр айында оған ұлттық қауіпсіздік генерал-майоры шені берілді.
Құсайыновтың басты міндеті - жемқорлықпен күрес қызметін жаңа құрылым аясында ұйымдастырып, бұрынғы Антикордың қызметкерлерін тиімді орналастыру болмақ. Сарапшылардың болжауынша, енді ҰҚК-нің құзыреті кеңейіп, қоғамда жемқорлыққа қарсы әрекет ұлттық қауіпсіздік деңгейінде қарастырылады.