"Мойынға әтір себу - қатерлі ісікке әкеледі". Эндокринолог ел арасында тараған ақпаратқа жауап берді

  • 09:17, 15 шілде 2025
"Мойынға әтір себу - қатерлі ісікке әкеледі". Эндокринолог ел арасында тараған ақпаратқа жауап берді Сурет: depositphotos.com

Қалқанша безі қатерлі ісігі - қазіргі эндокринологиядағы өзекті тақырыптардың бірі. Кейінгі жылдары бұл дерттің таралуы туралы деректер әртүрлі болғанымен, ерте диагностиканың жетілуі ауруды дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді. Эндокринолог дәрігер Айым Құмарқызы қалқанша безі обырының негізгі себептері, алдын алу жолдары және халық арасында жиі тараған қате түсініктер туралы маңызды ақпараттарын бөлісті. Толығырақ Аqshamnews.kz тілшісінің материалында. 

Радиация мен генетика - негізгі қауіп факторлары

Айым Құмарқызы қалқанша безі ісігінің ең жиі таралу факторларының бірін - радиация мен генетика деп атады. Әсіресе радиациялық апат болған аймақтарда бұл ауру жиі кездеседі екен. 

"Чернобыль апаты немесе ядролық сынақ аймақтарында өмір сүрген азаматтардың арасында бұл диагноз жиі кездесетіні ғылыми түрде дәлелденген. Сонымен қатар йод тапшылығы бар өңірлерде де қалқанша безінде мутациялық өзгерістер тіркелуі мүмкін. Генетикалық бейімділік - медуллярлы обырдың негізгі себептерінің бірі. Мұндай тұқым қуалайтын синдромы бар адамдарға арнайы генетикалық тесттен өту міндетті. Жалпы популяцияда УДЗ скрининг, гормондық тексеру және күмәнді түйіндерді уақытылы биопсиялау - ерте анықтаудың сенімді жолы" дейді дәрігер. 

"Бұл кеселдің бастапқы белгілері алғашында байқалмайды"

Эндокринолог қауіптісі - бұл аурудың бастапқыда байқалмайтынын айтты. 

"Қалқанша безі қатерлі ісігінің белгілері бастапқыда байқалмайды. Кейбір науқастарда мойын тұсында тығыз түйін байқалуы мүмкін. Сонымен қатар дауыстың қарлығуы, жұтыну қиындығы немесе мойын лимфа түйіндерінің үлкеюі де маңызды белгілердің бірі. Алдын алу үшін радиациямен байланыстан аулақ болу, йод тапшылығының алдын алу және жыл сайын УДЗ-дан өтіп тұру ұсынылады. Генетикалық қауіп топтары міндетті түрде дәрігер бақылауында болуға тиіс" деді ол. 

Мойынға әтір себу - қатерлі ісікке әкелетіні рас па?

Әлеуметтік желіден "әтірді мойынға себу - қалқанша безі қатерлі ісігіне әкеліп соғады" деген ақпаратты кездестірдік. Бұл қаншалықты шындыққа жанасатыны жайлы эндокринолог жауап берді. 

"Кейінгі уақытта "мойынға әтір себу қалқанша безі обырына әкеледі" деген қауесет жиі таралып жатыр. Ғылыми деректерде әтірдің тура канцерогендік әсері дәлелденбеген. Дегенмен кейбір парфюм өнімдерінің құрамында формальдегид сынды заттар кездесуі мүмкін. Бірақ олардың концентрациясы қауіпті деңгейде емес. Сондықтан хош иісті заттарды теріге емес, киімге немесе білектің ішкі жағына сепкен дұрыс" дейді маман. 

Эндокринолог тағы бір миф - "қалқанша безіндегі түйін обырдың белгісі" деген жаңсақ пікір екенін айтты. Шын мәнінде түйіндердің басым бөлігі - қатерсіз түзілістер. Сондай-ақ, йодты шамадан тыс тұтыну қатерлі ісіктің алдын алмайды, керісінше бездің жұмысына зиян тигізуі мүмкін.

Стресс пен өмір салтының әсері

Сонымен қатар, стресс пен шектен тыс уайымның қатерлі ісікке әсер ететіні рас па? 

"Кейбір адамдар стресс - қатерлі ісіктің басты себебі деп ойлайды. Дегенмен медициналық тұрғыдан созылмалы күйзелістің қатерлі ісікке тура әсері нақты дәлелденбеген. Бірақ ұзаққа созылған психоэмоциялық шиеленіс ағзаның иммунитетін әлсіретіп, гормондық балансты бұзуы ықтимал. Сондықтан салауатты өмір салтын ұстану, дұрыс тамақтану, жүйелі ұйқы мен күйзелісті басқару жалпы денсаулық үшін маңызды. Қалқанша безі де мұндай күтімнен ұтады" дейді Айым Құмарқызы. 

Қалқанша безі қатерлі ісігі дұрыс алдын алу, уақытылы диагностика және ғылыми негізделген мәліметтерге сенудің арқасында тиімді емделеді. Айым Құмарқызының айтуынша, өз бетінше емделуден аулақ болып, кәсіби дәрігер кеңесіне жүгінген дұрыс.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

15:24

15:19

15:03

14:48

14:32

13:53

12:26

12:24

12:23

12:05

11:38

11:00

10:38

10:20

10:17

09:46

09:44

09:41

09:20

09:17

17:42

16:48

16:23

16:07

15:39