«Қайрат» – қазақстанның 5 дүркін чемпионы!

 «Қайрат» – қазақстанның 5 дүркін чемпионы! сурет: Қайрат ФК

Футболдан Қазақстан Премьер-лигасының осы маусымдағы жеңімпазы Алматыда анықталды.

Орталық стадионында ел біріншілігінің шешуші  26-туры аясында алматылық «Қайрат» елордалық «Астана» командасын қабылдады. Алаң қожайындары турнирлік кестеде 58 ұпаймен бірінші орында тұрды. Оларға чемпион атану үшін жеңістен бөлек, тең нәтиже де жеткілікті болды. Ал 56 ұпаймен екінші орында тұрған елордалық ұжымға міндетті түрде жеңіске жету қажет еді. Тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет ҚПЛ жеңімпазы соңғы турдағы өзара кездесуде шешілді.

Алматы мен Астана командаларының чемпиондық бәсекесінде Орталық стадионда лық толды. «Қайрат» пен «Астана» матчына билеттер сатылымға шыққан соң, санаулы сағаттарда сатылып, SOLD OUT жарияланды. Ойын күні жанкүйерлер Алматының басты спорттық алаңына қаланың түкпір-түкпірінен жиналды. Қазақстан Премьер-лигасының басты ойыны – тек еліміздің емес, шетелдік жанкүйерлердің де назарын өзіне аударды. Солардың бірі – Манчестер қаласынан келген танымал блогер және StuntPegg атты YouTube-арнасының авторы Нив Петруцциелло.

– Қазақстан туралы жақында ғана естідім, бірақ бәрін өз көзіммен көру қызық болды. «Қайрат» жайлы көп оқыдым. Өзім футболмен тыныстайтын қала – Манчестерденмін. Білемін, бірнеше жыл бұрын «Манчестер Юнайтед» «Астанамен» ойнаған. Енді «Қайрат» пен «Астананың» ойынын көруге келдім, екеуі де өте мықты командалар, сондықтан ойын әсерлі болатыны анық, – деді Нив ойын алдында.

Ал Орталық стадионға алғашқылардың бірі болып келген 16 жастағы Тимур Мейрамғалиев ойынды көруге ата-анасы және інілерімен бірге арнайы ат басын бұрғанын айтты.

– Бүгінгі ойынды өткізіп алу мүмкін емес. Елдің ең мықты екі клубы кездеседі, бұл біздің мақтанышымыз. Әсіресе, өзім қатарлы Сәтпаевтың ойынын асыға күтіп жүрмін. Бүкіл отбасымызбен «Қайратты» қолдаймыз. Мен 8 жасымнан футболмен айналысамын, енді інілерім де бастады. Әкем бұрын ойнаған, футбол біздің отбасылық дәстүріміз. Футболға бір рет ғашық болсаң, ол өмірінің бөлшегіне айналады, – деді жанкүйер.

Бірінші тайм

Ел классикосында Италиядан келген мамандар төрешілік етті. Ойынның бас төрешесі – Маттео Маркетти болды. Қапталдағы көмекшілері – Валерио Коларосси мен Кристиан Росси болса, VAR жүйесін Давиде Герзини бақылады. Матчтың алғашқы минуттарынан бастап алматылық команда допқа иелік етіп, қарсылас қақпасына қауіп төндірді. Алайда, «Астана» ойыншылары қорғаныста ұйымшылдық танытып, Йосип Чондрич тұрған қақпаға аса қауіпті соққы жасатпады. Керісінше, алаң қонақтары ойынның 15-минутында қарымта шабуылға шығып, «Қайрат» қорғанысының осал тұсын тапты. Елордалық шабуылшы Марин Томасов дәл соққымен есепті ашты. Ол биыл ел чемпионатының бірінші турында да алматылықтарға гол соққан еді.  22 жастағы «Қайрат» қақпашысы Темірлан Анарбеков алыс бұрышқа ұшқан допқа барынша секіргенімен, оған жете алмады. Өз алаңында басты қарсыласына есе жіберіп жатқан Рафаэль Уразбахтин шәкірттері бірінші таймның аяғына дейін «Астана» қақпасынан саңылау іздеді. 40-минутта Офри Арадты «Қайрат» академиясының түлегі Дамир Қасабулат алмастырды. Алайда, елордалық команданың қорғанысы сыр бермеді. Қайта 43-минутта бұрыштама добынан кейін қақпаға дәл бағытталған допты Анарбеков қайтарып, қарсыластың есепті еселеуіне мүмкіндік берген жоқ.

Үзіліс және марапат

Алматыда өтіп жатқан тартысты ойынды жанкүйерлермен бірге алғашқы минуттардан бастап қазақстандық футболдың ардагерлері мен қала әкімі Дархан Сатыбалды тамашалады. Ал ойын үзілісі кезінде шаһар басшысы 2025 жылғы маусым қорытындысы бойынша «Қайрат» академиясының тәрбиеленушілерін марапаттады. Клуб тарихында алғаш рет академияның барлық жас командасы өз лигаларында чемпион атанды.

Екінші тайм

Ойынның екінші жартысында алаңға «Қайрат» тарапынан шабуылшы Эдмилсон қосылды. Ол 20-шы нөмерлі Еркін Тапаловты алмастырды.  Бойшаң бразилиялық футболшы алаңға шыққан кейін ойын өрнегі өзгерді. Ол әуелете ұшқан допты әріптестеріне жеткізіп, өткір шабуылдарға жол ашты. Матчтың 55-минутында Эдмилсон жоғарыдан берілген пасты Валерий Громыкоға түсіріп берді. Осы кезде айып алаңында «Астана» қорғаушылары мен «Қайрат» шабуылшылары арасында тартыс басталып, доп Дастан Сәтпаевқа қарай ытқыды. 17 жастағы ойыншы бұл мүмкіндікті мүлт жібермей, жойқын соққымен гол соқты. Сәтпаевтың осы маусымдағы 14-ші голы алматылық ұжымды турнирлік кестеде қайтадан алға шығарды.

Айта кеткен жөн, биыл бірінші турдағы «Астанаға» қарсы ойында Дастан чемпионаттағы алғашқы голын соққан еді. Есеп теңескен соң, жігерлене түскен «Қайрат» ойыншылары тағы бірнеше рет қауіпті Чондрич қақпасына шабуыл жасады. Дегенмен, кейде дәлдік, кейде сәттілік жетіспеді. Ойын соңында чемпиондық уысынан шығып бара жатқан елордалықтар барынша жеңіс голын соғуға тырысты. 90+4 минутта бұрыштама добынан кейін Марин Томасов қақпаға 1 метрдей жерден тікелей соққы жасады. Алайда, доп қақпаның маңдайшасына тиіп, алаң сыртына кетті. Тартысты ойын 1:1 есебімен аяқталды. Оның нәтижесі бойынша «Қайрат» 59 ұпай, ал «Астана» 57 ұпай жинады. Осылайша алматылық команда қатарынан екінші рет және өз тарихында бесінші рет Қазақстан чемпионы атанды. Бұған дейін команда 1992, 2004, 2020, 2024 жылдары ел біріншілігін жеңген болатын. Матч аяқталған соң, «Қайрат» ойыншылары Орталық стадионда марапатталып, алаң ортасында чемпиондық кубокты көтерді. Ал Көктөбе мұнарасы алматылық команданың түстеріне боялып, «маусым үшін рахмет» деген жазу пайда болды. Екінші жыл қатарынан жеңіске жеткен «Қайрат» тағы да Чемпиондар лигасына жолдама алды. Команда осы маусымда енді сырт алаңда «Интер», «Копенгаген», «Арсеналмен», ал Алматыда «Олимпиакос» және «Брюггемен» кездеседі. Ал 2026 жылдың жазында УЕФА Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңіне қатысады.

Өзге қазақстандық клубтардың нәтижесін тоқталып өтсек, Премьер-лиганы екінші орында аяқтаған «Астана» УЕФА Конференциялар лигасына қатысып, еурожарысқа іріктеуді екінші кезеңнен бастайды. Ал чемпионатта үшінші және төртінші орын алған – «Тобыл» мен «Елімай» УЕФА Конференциялар лигасына іріктеуді бірінші кезеңнен бастайды. 16 ұпаймен ел біріншілігін соңғы орында аяқтаған «Тұран» келесі маусымда футболдан Қазақстан Бірінші лигасына өнер көрсетеді. Ойыншылар жеке нәтижелері бойынша «Астана» шабуылшысы Грипши 16 голмен чемпионаттың үздік сұрмергені атанды. Одан кейін 14 гол соққан «Қайрат» шабуылшысы Дастан Сәтпаев тұр. Үздік үштікті 12 голмен Марин Томасов түйіндеді.

Рафаэль УРАЗБАХТИН, «Қайрат» футбол клубының бас бапкері:

– Үзіліс кезінде әңгіме жоғары дауыспен өтті. Бірінші таймдағы ойынымыз ұнамады. Қақпаға соққы аз, ал қарсылас қауіпті сәттерді көбірек жасады. Қарсыласты да мойындау керек. Олар бізге ойын тізгінін беріп, күтпеген тактика қолданды. Біз, керісінше, олар допқа көбірек иелік етеді деп ойлағанбыз. Бірақ олар бізді өз алаңдарына тартып алды. Сол қарымта шабуылдардың бірі арқылы гол соқты. Үзілісте ойыншыларға: «Бұлай болмайды. Жанкүйерлердің алдында бұлай ойнауға хақымыз жоқ. Бүкіл стадион бізді қолдауға келді, біз жеңілмеуіміз керек» деген сөздер айтылды!

Бастысы, чемпион болғанымызға өте қуаныштымыз. Барлық жанкүйерлерді осы жеңіспен құттықтаймын! Бұл біз үшін тарихи күн – «Қайрат» алғаш рет қатарынан екі рет чемпион атанды. Біз осы жетістікке мақсатты түрде ұмтылдық. Ойыншыларға үлкен алғыс айтамын,  бұл олардың еңбегінің жемісі. Қажырлы еңбек өз нәтижесін береді. Біз өте қуаныштымыз!

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
1
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

18:06

17:48

17:21

17:01

16:44

16:28

16:15

16:04

15:51

15:27

15:16

15:05

14:51

14:32

14:18

14:11

12:38

12:28

12:16

12:04

11:53

11:31

11:16

11:03

10:55