Қарапайым ауылдан шыққан қазақстандық АҚШ-қа қоныс аударып, жаңа өмір бастады. Жақында ол желіде ата-анасын да жанына көшіріп алғанын бөлісті. Батыл шешімнен қорықпаған азамат кім және оның бұл қадамына не түрткі болды? Аqshamnews.kz тілшісі әрекетімен көпті таңғалдырған Жасұланмен тілдесті.
Өскеменнен Нью-Йоркке жасалған қадам
Жасұлан - Өскемен қаласының тумасы. Ол елдегі белгілі бір компанияда экономист болып қызмет істеген. Жасұлан Нью-Йоркке неліктен көшіп кеткені туралы әңгімелеп берді.
"Қызмет істеген компаниямда менің орныма жаңадан келген маманды жұмысқа алынды. Мен сол сәтте бұл компанияда адал еңбек пен білімнің емес, таныстың рөлі маңыздырақ екенін ұқтым. Бұл мен үшін жаңа шешім қабылдау керек деген белгі болды. Жұмыс орнымнан айырылған соң бірнеше нұсқаларды қарастырып, АҚШ-қа көшуді жөн көрдім. Өмірді жаңадан бастап, тіл үйреніп, жергілікті өмірді зерттедім. Мұнда бәрі басқаша екенін түсініп, қалуды шештім",- дейді ол.

Жасұланның жаңа өмірі: ауылдағы ата-анасы АҚШ-қа қалай көшті?
Нью-Йоркте жаңадан басталған тіршілік Жасұланға оңайға соқпады. Себебі ол қадамын ең әуелі тіл үйренуден бастаған.
"Америкаға алғаш келгенде, әрине, оңай болған жоқ. Тіл, мәдениет, адамдардың ойлауы - бәрі басқа. Бірақ уақыт өте келе үйреніп кеттім. Қазір ағылшын тілін үйреніп жүрмін, жай жұмыс табу үшін емес, болашақта өз ісімді ашу үшін. Сонымен қатар, мұндағы заңдар мен жүйені де зерттеп жүрмін", - дейді Жасұлан.

Қазір ол бармен болып жұмыс істейді және қыркүйекте ауылдағы ата-анасын жанына көшіріп алды.
"Жұмысым адамдармен тікелей сөйлесуге, энергия алуға мүмкіндік береді. Жалақым жақсы, өзімді де, ата-анамды да қамтамасыз ете аламын. Ата-анамның жанымда болуы - мен үшін үлкен қуаныш. Қазір олар да үйреніп келеді, жаңа өмірге бейімделіп жатыр. Елден алыс жүргенімізбен, мәдениет пен ұлтқа деген махаббатымыз қашан да жүрегімізде. Анам жиі бешбармақ әзірлеп, Нью-Йорктегі қазақ достарымызбен жиі араласып тұрамыз", - деп қосты ол.

"Америкада мені ұстап тұрған нәрсе..."
Жасұлан АҚШ-тағы өмір несімен ұнағанын және эмиграцияның оның өмірлік көзқарасына қалай әсер еткенін бөлісті.
"Америкада мені ұстап тұрған нәрсе - таңдау еркіндігі. Мұнда кім болғың келсе, соған айналуға мүмкіндік бар. Ең бастысы - еңбектену. Эмиграция менің өмірге деген көзқарасымды қатты өзгертті. Қазір бәрін басқаша бағалайсың - еркіндік, уақыт, адамдар", - дейді қазақстандық.

Сонымен қатар, Жасұлан елдегі жастарға ештеңеден қорықпау керегін, келешекке, өзіңе сену қажетін айтты.
"Қазақстандағы жастарға айтатыным - қорықпаңдар. Армандаудан, сынаудан қорықпаңдар. Әлем кең, мүмкіндік көп. Тек өздеріңе сеніңдер. Ешкім сенің өміріңді сен үшін жақсартпайды. Бәрі өз қолыңда", - деп қосты ол.

