Бұл материалдың мақсаты – «ит асырау жеңіл ме, бала бағу қиын ба?» деген сауалдың жауабын табу емес. Біз ешкімнің таңдауын саралап немесе салыстыру арқылы артық-кемін көрсеткіміз келмейді. Басты ой – мейірімділіктің барлық тіршілік иесіне ортақ екенін еске салу. Қандай тіршілік иесі болмасын, ол адамның махаббаты мен қамқорлығына мұқтаж. Осы мақаланы оқи отырып, сіз де мейірім жайлы ойланып қалсаңыз – мақсатымыздың орындалғаны.
Aqshamnews.kz тілшісі бұл сұрақтың жауабын өмірлік мысалдармен салыстырып көруге тырысты.
Мейірім мен қамқорлықты қажет ететін кез келген тіршілік иесі – әлсіздеу келеді: бірі – сәби болса, екіншісі – жануар.
Екеуінің де тағдыры – ересек, есті адамның қолында. Ал күтімі – уақытпен, шыдаммен, мейіріммен өлшенеді. Соңғы жылдары үй жануарын, әсіресе ит пен мысықты асырап, оларды баласындай мәпелейтін жандар көбейіп келеді. Ауылды жерді қайдам, бірақ қалада үй жануарын асыраудың, күтіп-баптаудың орны бөлек.
Балаға да, төлге де – уақыт, күтім мен көңіл керек
Жаңа туған нәрестенің күтімін ешбір тіршілік иесімен теңестіруге болмас. Оны бағу – тек физикалық жұмыс емес, жүрекпен, бар ой-санамен атқарылатын борыш. Дегенмен, бір жасқа дейінгі сәби мен үй жануарының төлін (күшік немесе марғау) тәрбиелеу үдерісі – күтім мен эмоциялық байланыс жағынан ұқсас.
Бүгінде ит не мысық асырауға жай ғана ермек деп қарамайды. Бұл – үлкен жауапкершілік, тәртіп, қаржы және сезімге құрылған қатынас. Итті алғаш үйге алған сәттен бастап, иесі оның режиміне, тамағына, қауіпсіздігіне бас-көз бола бастайды. Дәл осы күйді жас ата-ана да бастан кешеді.
Таңғы ұйқы ұмыт болғалы қашан
Өмірге сәби келіп, балалы болғанда, ананың түнгі ұйқысы бұзылып, күн мен түннің ауысып кететіні белгілі. Бала оянады, жылайды, тамақ сұрайды – ананың назары түгел соған ауады.
Ит пен мысық асыраушылар да дәл осындай сәттерді бастан кешіреміз десек, артық айтқандық емес дейді. Мәселен, француз бульдог тұқымдас “Лео” есімді итті иесі Татьяна күніне үш мәрте серуенге шығарады. Тіпті үй жануарына көбірек көңіл бөлу үшін ол ұйқыдан ертерек тұратын болыпты.
«Лео үшін таңғы 6-да тұрамын. Жұмысқа кеткенге дейін серуендетіп үлгеруім керек. Басында үйдегі заттардың бәрін тістелей беретін. Қазір үйреніп қалды», – дейді ол күліп.
«Лео» күшік кезінде 250 мың теңгеге сатып алынған екен. Алған кезінде барлық екпесін тексертіп, бір жасқа келгеннен кейін қажетті екпесін тағы да салдырған. Итінің тамағына келгенде сәл қиындық бар дейді Татьяна. "Иттің ішіне сары май жақпайды" демекші, осы тұқымдас иттер аллергияға бейім келетін көрінеді. Тамағын байқап бермесе, іші ауырып, өтіп қалуы мүмкін. Сондықтан иесі итінің мазасы қашпауы үшін оның не жегеніне қатты мән береді екен.
«Жалпы, менің білуімше, иттерге шикі тамақ берген жөн. Енді үйренгеніне қарайды ғой. Себебі олардың іш құрылысы соған бейімделген. PH-ортасы қышқылға бейімделген. Сондықтан оның ас қорыту жүйесі тіпті микробты да қорытады», - дейді Татьяна.
Жүні қысқа болғаннан кейін Татьянаның «Лео» есімді итіне жүнін қысқартудың қажеті жоқ. Сондықтан груминг сияқты қызметке олар жүгіне қоймайды. Бірақ күн сайын итін үш рет жуындыруға тырысады. Барлық қажеттілігін жауапкершілікпен орындайды.
Ақша шығыны – балада да, жануарда да аз емес
Жөргек, қоспа (смесь), бөтелке, крем, майлық, киім, ойыншық… Бұл тізімді бала күтімінде жалғастыра беруге болады. Жаңа туған баланың алғашқы бір жылына кететін қаражат – ай сайын кем дегенде 50–70 мың теңге жұмсалады. Егер сапалы қоспа, арнайы күтім өнімдері қолданылса, бұл сома екі есеге дейін артуы мүмкін. Бір жасқа дейін баланың денсаулығының қалай қалыптасып келе жатқанын бақылау үшін дәрігер мамандардың қабылдауына ай сайын барып тұратыны тағы бар. Жекеменшік емханаларға барғанда, бұл да қаражатқа тірелетіні анық.
Үй жануарына жұмсалатын қаржыны адамға кететін шығынмен салыстыруға келмес. Дегенмен, иесінің қалауына қарай қомақты қаражатты жарататын қызмет түрлері бар екен. Ит пен мысықтың құрғақ жеміне, арнайы тамағына – айына 20–30 мың теңге емін-еркін кетеді. Оған қоса груминг (жүнін қысқарту, жуындырып, тырнақ алу), дәрумендер, ойыншықтар мен төсеніштер қосылады.
Алматы қаласындағы груминг қызметінің орташа бағасы:
• Иттер үшін – 7 000 теңгеден жоғары;
• Мысықтар үшін – 1 500 теңгеден басталады.
Мысыққа кететін шығын иттен кем түспейді
Айгүл есімді қала тұрғыны осыдан бірнеше ай бұрын хабарландырудан көрген марғауды тегін алған. Айтуынша, бұған дейін мысық атаулыны аса ұната қоймаған. Алайда қолға үйреткендеріне көп болмаса да, қазір бұл үй жануарына қатты бауыр басып қалған көрінеді. Сүйкімді марғау алғаш көргеннен-ақ өзіне тартып, жанұяның толыққанды мүшесіне айналыпты.
Жануардың күтімі де біртіндеп жолға қойылған.
«Мысығымыздың жүні бастапқыда мамық сияқты үлпілдеп тұратын. Жүні қара түсті киімдерге жабысып қалатын. Содан бірде оны грумингке апарып көрейін деп шештім - маған бұл қызмет ұнады. Жалпы оған дейін Пушканы үнемі өзім жуындыратынмын. Груминг бағасы - 15 мың теңгеге шықты. Екі сағат ішінде жуындырып, жүнін қырқып, тырнағын алып, ретке келтіріп береді екен», - дейді мысықтың иесі.
Суреттегі марғаудың аты - «Пушок». Жасы шамамен бір жылдан асқан. Жұмыстан келгенде мысығы аяғына оралып, еркелеген кезде «өзімді кішкентай баладай сезінемін» дейді Айгүл. Кейіпкеріміз мысығының қылықтары жайлы айтқанда кішкентай бала жайлы айтып жатқандай жүрегі мейірімге толып, тоқтамай айта бергісі келгендей көрінді.
Эмоциялық байланыс – басты ортақ қасиет
Балаға да, жануарға да ең бастысы – мейірім керек. Олар сөзбен емес, жүрекпен сезеді. Сәбилер анасын иісінен, дауысынан таниды. Ал иттер иесінің иісін 40 есе артық сезеді деген ғылыми дәлел бар.
Жануар да, сәби де сіздің назарыңызды, эмоцияңызды, көңіл күйіңізді қалт жібермейді. Сізден жайлылық тапса – соған үйренеді, сенеді, сүйенеді.
Үй жануарын қарап беретін қызметтер де бар
Жануар асыраушының алдынан ерте ме, кеш пе, бір мәселе туындайды: «Мен жоқта итімді/мысығымды қайда қалдырам?» деген. Бұл – ит пен мысыққа тек қысқа уақыттық ғана емес, психологиялық жайлылық та қажет екенін білдіреді.
Қалалы жерде жануарларды қалдырып кетуге болатын қонақүйлер бар екенін біреу білсе, біреу білмес. Мәселен, Алматыда мысықтар мен иттерді бір тәулікке қалдырып, қарату құны- 6 000 теңгеден басталады. Жануардың салмағына қарай 6 000–9 000 теңгеге дейін жетуі мүмкін. Ал «All Inclusive» болса - 15 000 тг. Тіпті сүйікті үй жануарыңызға қалай қарайтынына сенімсіздік білдірсеңіз, бейнебақылау орнатылған қонақүйлер де бар.
Мұндай уақытша күтімді үй жағдайында ұсынатындар да бар.
• OLX.kz және Market.kz сайттарында жеке адамдар ұсынатын қызметтер бар.
• Мысықтарға – 1000–1200 тг/тәулік.
• Иттерге – 2000 тг-ден бастап.
• VIP нұсқаларында: күнделікті серуен, фото/видео есеп, арнайы бөлме секілді қызметтер ұсынылады.
Қонақжай халқымыз тойға барарда, баланы, тіпті үйді қарап қалатын адам іздейді. Сондай кезде туыс-туғаннан көмек сұрап, ата-әжесіне қалдырады, тіпті болмаған жағдайда, бала күтуші жалдап, қызметіне қарай ақшасын төлейді. Адамның баласы мен жануардың төлін қаратуда осындай ұқсастық бардай көрінді.
Ит асырау да, бала бағу да – жүректің қалауы. Бірі – өмірге келген перзентіңіз, екіншісі – сенімді серігіңіз. Ұқсастықтарын тізіп, шығындарын есептеп, айырмашылықтарын салыстыруға болады. Бірақ бұл мақала ешқайсысына артықшылық беруді мақсат етпейді.
Мақсат – еске салу: кім болса да – сәби ме, жануар ма – тіршілік иесі мейірімге зәру. Олардың әрқайсысы қамқорлықты, назарды, махаббатты шынайы сезінеді.