ffin.kz

Алматыда адам папиллома вирусына қарсы егілетін вакцина тақырыбы талқыланды

Алматыда адам папиллома вирусына қарсы егілетін вакцина тақырыбы талқыланды almaty-akshamy.kz

Алматыда ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бастамасымен және Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының қолдауымен БАҚ өкілдеріне адам папиллома вирусына (АПВ) қарсы вакциналау мәселесі бойынша семинар-тренинг өтті. Онда Ұлттық иммундау бағдарламасының жетекші сарапшылары, мегаполис мамандары сөз сөйледі.

Иә, бүгінде "адам папиллома вирусы" күн тәртібінде тұрған тақырып. Себебі, бұл онкологиялық ауруларға, әсіресе жатыр мойны обырына тікелей жол ашып беретін вирус болып отыр. Сондықтан оның алдын алу үшін екпе алу маңызды дейді сала мамандары. 

АПВ-на қарсы егілетін вакцинаны әлемнің 135 елі 15 жылдан бері қолданып келеді. Солардың ішінде өзімізге іргелес жатқан Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан да бар. Әлемнің 117 елі адам папиллома вирусына қарсы вакциналарды өздерінің ұлттық иммундау бағдарламасына кіргізіп қойған, соның ішінде озық деген Еуропа, АҚШ, Ұлыбритания, Канада, Австралия және Латын Америкасы бар. Ал біздің Қазақтан алғаш рет биылғы күзде егуді бастайтын болады.

– Бүгінгі күні иммундау ел халқының денсаулығын сақтаудағы ұлттық саясаттың маңызды құрамдас бөлігі болып отыр. Әйелдерде жатыр мойны обырының көрсеткіші жыл санап артуда. Ал бұл қатерлі дертпен күресудің ең тиімді құралы – АПВ-на қарсы тұра алатын екпе. Біз осыны халыққа дұрыс жеткізуіміз керек. Елімізде күн сайын жатыр мойны обыры кеселімен 5-6 адам тіркеледі.  Дәл осы қатерлі аурудан бір күнде 2-3 әйел, бір жылда 600-і көз жұмады. Адам папиллома вирусына қарсы вакцинаны сонау 2006-2007 жылдары енгізген мемлекеттердің көрсеткішіне сүйенсек, он жылдан кейін АПВ-ның онкогендік түрлері айналымының 80%-дан астам төмендегенін көрсетеді, – дейді ҚР ДМ Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының басшысы Манар Смағұл.

Адам папиллома вирусы – бұл бүкіл әлемде өте кең таралған, шырышты қабаттар мен теріге әсер ететін вирустар тобының жалпы атауы. Бүгінде вирустың 200-ге жуық түрі белгілі болып отыр, олардың кем дегенде 14-і қатерлі ісіктер тудыратыны дәлелденген. Соның ішінде ең жоғары қауіптісі – жатыр мойны обырын тудыратын 16 және 18-ші түрі.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, әлемде АПВ-на қарсы егілген вакциналардың ешқайсысы жағымсыз реакциялар тудырмаған. Қазақстан да өз ұлтының денсаулығына алаңдап, АПВ-на қарсы екпені биыл үшінші тоқсаннан бастап егуді жоспарлап отыр. ДДҰ ұсынысына сәйкес, ол екпе 9-14 жас аралығындағы жасөспірім қыздарға салынуға тиіс. Ал бізде, Қазақстан Республикасының Ұлттық вакциналау күнтізбесіне сәйкес, ДДҰ ұстанымын және Қазақстан Республикасында халықты иммундау жөніндегі сарапшылардың Ұлттық техникалық консультативтік тобының ұсынымдарын ескере отырып, аталған екпені 11 жастағы қыздарға салу көзделіп отыр. Әрине, ол күштеп емес, ата-ананың рұқсатымен егіледі. 
Біздің ел АПВ-на қарсы егілетін "Гардасил" вакцинасын таңдап отыр. Ол Голландияда шығарылады, 2006 жылы қолдануға лицензия алған. Бүгінде 70-тен астам елде қолданылады, "Гардасил" – төрт валентті вакцина, яғни ол адам папиллома вирусының ең қауіпті деген 6, 11, 16 және 18 деген төрт типінен қорғайды.

 – Жатыр мойны обыры 25-44 жас аралығындағы әйелдерде жиі кездесетін онкопатологиялар арасында екінші орында тұрғаны да дабыл қағатын жағдай. Бұл кеселді АПВ инфекциясы тудырады. Аталған вирус өте қауіпті. Өйткені ол жылдам жұғады, жасушалардағы қатерлі ісіктің деградациясының қоздырғышына айналады, нәтижесінде қатерлі ісіктің дамуына жол ашып береді. Көп жағдайда ағза АПВ инфекциясын емдеуді қажет етпей-ақ өздігінен күреседі. Алайда кейбір адамдарда вирус қатерлі ісіктің дамуына әкелуі мүмкін. Вакциналау мен скринингті қамтитын алдын алу бағдарламалары жатыр мойны обырының алдын алуда өз тиімділігін көрсетті. Ресми зерттеулер де АПВ екпесінің экономикалық тиімділігін растады. Бұл вакцина жатыр мойны обырына әкелетін аурудың жолын түбегейлі кесуі және одан болатын өлім-жітімді 70-97%-ға төмендетуі мүмкін, – деді Алматы онкологиялық орталығының онкогинекология бөлімшесінің меңгерушісі Райхан Болатбекова.
 

Осы орайда айта кетейік, АПВ қол алысу, сүйісу, терідегі зақымданған жерлер арқылы және жыныстық қатынас кезінде жұғуы мүмкін. Сондықтан сауна, моншаларға, спорт залдарына, бассейн, әжетханаларға барғанда гигиеналық талаптарды сақтаған абзал.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

12:44

12:12

11:41

11:11

10:43

10:36

21:49

19:02

18:44

18:21

18:04

17:49

17:33

16:55

16:55

16:37

16:15

16:07

15:58

15:19

15:05

14:30

14:22

14:14

13:35