Алматыда Дүниежүзілік инсультке қарсы күрес күніне орай, қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен, «Инсультке қарсы күрестің жаһандық стратегиялары» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтіп жатыр.
Ұйымдастырушылары – ASIAN SOCIETY HEART/BRAIN қоғамдық бірлестігі, Инсульт проблемалары жөніндегі республикалық үйлестіру орталығы және Алматы қалалық Жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасы.
Конференция Қазақстан, АҚШ, Италия, Ресей және Украина елдерінің жетекші сарапшыларының басын біріктірді. Қонақтар арасында профессор Паола Маранголо (Италия), Евгений Сидоров (АҚШ), Алексей Гуцалюк, Дмитрий Буренчев, Кирилл Салимов, Лев Приступюк және өзге де мамандар бар.
Бас тақырыптар қатарында – инсультті емдеудің заманауи тәсілдері, жасанды интеллект рөлі, оңалту мен тамыр жүйесі ауруларының алдын алу мәселелері.
«Бұл конференция – тек кезекті шара емес, өмірді сақтап қалуға бағытталған маңызды кәсіби алаң. Бүгінде біздің аурухана базасында үшінші деңгейлі инсульт орталығы жұмыс істейді. Мұнда тәулік бойы жоғары технологиялық интервенциялық емшаралар орындалып, жедел көмек көрсетіледі. Біз күн сайын уақытылы қабылданған шешім мен заманауи тәсілдің науқас тағдырын қалай өзгерте алатынына, яғни оның сөйлеу қабілетін, қимыл-қозғалысын және өмір сапасын қалпына келтіруге мүмкіндік беретініне куә болып келеміз. Инсульт – денсаулық сақтау жүйесіндегі ең өзекті мәселенің бірі. Елімізде жыл сайын 42 мыңнан астам жаңа жағдай тіркеледі, өкінішке қарай, мүгедектік деңгейі де артып келеді. Сондықтан білімді жетілдіру, тәжірибе алмасу және жаңа технологияны енгізу – тек медицина мамандарының емес, баршамыздың, яғни қоғам мен әрбір дәрігердің ортақ жауапкершілігі», – деді Алматы қалалық Жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасы директорының орынбасары Бағдат Әлімбетов.
Ал аталған ауруханадағы Инсульт орталығының меңгерушісі, жоғары санатты невролог Ләззат Аяғанова жүкті әйелдер арасында кездесетін сирек әрі күрделі инсульт жағдайлары туралы баяндап, көпбейінді тәсіл мен уақтылы диагностиканың маңызын атап өтті.
«Жүкті әйелдер арасында инсульт шамамен 100 мың босануға шаққанда 30 жағдай жиілігінде кездеседі. Өлім көрсеткіші 10%-ға дейін, ал мүгедектікке әкелу қаупі 50%-ға дейін жетеді. Тромбофилиясы бар әйелдерде инсульт даму қаупі 4-6 есе жоғары. Жүкті әйелдерде инсульттің 60%-ға дейіні криптогенді, яғни себебі анықталмаған болып қалады. Тәуекел факторларына ЭКО, преэклампсия, тромбофилия, антитромбин III тапшылығы және жасы 35 жастан асқан әйелдер жатады», – деді Ләззат Аяғанова.
Конференцияның пленарлық және секциялық отырыстарында инсульттен кейінгі оңалту, телемедицинаны дамыту және халықтың инсульттің алдын алу жөніндегі сауаттығын арттыру мәселелері қозғалды.
Басқосу – түрлі ел мамандарының тәжірибе алмасуына және инсульттен болатын өлім-жітім мен мүгедектікті азайтуға бағытталған ортақ шешімдерді талқылауға тиімді алаң.
«Инсульт бүгінде әлем бойынша өлім мен мүгедектікке әкелетін негізгі себептің бірі болып отыр. Кейінгі жылдары нейрохирургия саласында үлкен серпіліс байқалуда – жоғары дәлдіктегі навигация, эндоваскулярлық араласу, гибридті ота жасау бөлмесі мен роботтандырылған жүйелер кеңінен енгізіліп келеді. Инсультті хирургиялық емдеудің заманауи тәсілдері, соның ішінде минималды инвазиялық әдістердің трендтері, тромбоэкстракция мүмкіндіктері, интраоталық мониторинг пен нейронавигацияны пайдалану, сондай-ақ жасанды интеллект пен роботталған хирургияның келешегі туралы жан-жақты айтылған конференцияның берері мол», – деді Алматы қалалық Жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының нейрохирург маманы Дархан Жетпісбаев
Конференцияның екінші күні ертең қалалық Жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасында жалғасады. Мұнда қатысушыларға практикалық көрсетілім мен шеберлік сабақтары ұсынылады.