Алматы қаласы әкімінің жаңадан тағайындалған орынбасары Абзал Нүкенов өзінің алғашқы жұмыс сапарын қаланың әлеуметтік нысандарын аралаудан бастады. Сапар аясында ол құрылыс барысымен және студенттік жатақханалардың жай-күйімен танысты.
Абзал Нүкенов алдымен Азаматтық авиация академиясының жаңа студенттер үйіне барды. Жақында пайдалануға берілген бұл заманауи ғимарат 482 орынға арналған. Ол Азаматтық авиация академиясының және Алматы халықаралық әуежайының жанында орналасқан. Жатақхана жайлылық, қауіпсіздік және энергия тиімділігі бойынша қазіргі заманғы талаптарға толық сай келеді.
Қала басшысының орынбасары жатақхананың ішкі бөлмелерін аралап көрді. Ол тұрғын бөлмелерді, коворкинг аймақтарын, демалыс және бос уақыт өткізуге арналған секцияларды тексерді. Студенттер үйінде спорт залдары мен демалыс аймақтарынан бөлек, медициналық кабинет пен көркейтілген аула да бар. Бұл оны студенттердің баспанасы ғана емес, жастардың даму орталығына айналдырады.

Сапар барысында Абзал Нүкенов студенттермен тілдесіп, олардың тұрмыс жағдайы мен көңіл-күйін сұрады, сондай-ақ инфрақұрылымды жақсарту жөніндегі ұсынысын тыңдады.
Ғимараттың екі қабатында әлі де тазалау жұмыстары жүргізіліп жатқандықтан, әкімнің орынбасары жоспарланған жұмыстарды уақытылы аяқтау жөнінде тапсырма берді.

Бұған дейін хабарланғандай, Көлік, Ғылым және жоғары білім министрліктері және Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен 2024 жылы жалпы аумағы 7 мың шаршы метрден асатын әкімшілік-қонақ үй кешенін «Қазаэронавигация» РМК балансынан Азаматтық авиация академиясының меншігіне беру туралы шешім қабылданған. Бұл шешім ғимаратты қайта жаңғыртуға және заманауи Студенттер үйін ашуға мүмкіндік берді. Жоба студенттік жатақханалар құрылысын үйлестіретін Жобалық кеңсенің жұмысы аясында жүзеге асырылды.
Абзал Нүкеновтің жұмыс сапары Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде жалғасты. Әкімнің орынбасары университеттің жаңа оқу ғимаратын аралап көрді. Бұл ғимаратта бірнеше жоғары оқу орнының студенттері, соның ішінде шетелдік серіктес университеттердің білім алушылары оқиды.
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті басқарма төрағасының бірінші орынбасары – ректор, профессор Пірімқұл Ибрагимов оқу орнының даму жоспары туралы баяндады.
– Университетті дамыту бағдарламасы 2029 жылға дейінгі кезеңді қамтиды. Бағдарлама аясында ғимараттарды күрделі жөндеу және жаңа нысандар салу жоспарланған. Жалпы бюджет шамамен 36,2 млрд теңге, оның 27 млрд теңгесі – республикалық бюджет қаражаты, ал қалған 9 млрд теңге – университеттің инвестициясы. Бұған қоса, студенттер санын 10 мың адамға дейін арттыру мақсатында қосымша оқу ғимараттарын салу және инфрақұрылымды жаңғырту көзделіп отыр, – деді оқу орнының ректоры.
Сапар барысында қала әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов университеттің салынып жатқан жатақханасында болып, құрылыс жұмыстарының барысын тексерді. Ол университет басшылығымен кампусты дамыту, студенттердің тұрмыс жағдайын жақсарту және оқу үдерісінің сапасын арттыру жайын талқылады.
