Абайлаңыз, айыппұл!

Абайлаңыз, айыппұл! Сурет ЖИ

Көшеде, қоғамдық орындарда балағат сөз айтып, түкіргендерді қатаң жаза күтіп тұр

Бұдан былай бейәдеп сөз қолданып, қоғамдық орындарда түкірген немесе қоқыс тастаған адамдар көше сыпыруға міндеттеледі. Жылдың басында Сенат тиісті заңды мақұлдады.

Ел заңнамасында негізі бала­ғат сөздер үшін жауапкершілік бұрыннан бар. Десек те, кейінгі кездері адам көп шоғырланатын жерлерде дөрекілік көрсетіп, ау­зына келгенін айта салатын адам­дар көбейген. Былтыр наурыз айында бұл әрекет ұсақ бұзақы­лық санатына енгізіліп, қоғамдық орында бейәдеп сөз айтқаны үшін салынатын айыппұл көлемі төрт есеге өскен еді.

Басқа адамның ар-намысы мен қадір-қасиетіне тиетін ауыр сөздер айтып, қорлау – қылмыс­тық теріс қылыққа жатады. Заң­герлердің айтуынша, теріс қылық көрсеткен адамдарды жауап­кершілікке тарту оңай жұмыс емес. Егер біреу намысыңызға тиіп, әдепсіздік көрсетсе, оны дәлелдейтін нақты айғағыңыз болуы шарт. Талап-арыз жазғанда қолыңызда міндетті түрде сөзін дәлелдейтін бейнежазба сияқты айғақтар дәлел ретінде ұсыныла­ды. Сонда ғана полицияға тапсы­рып, өз құқығыңызды қорғай аласыз.

ТАРИХТАН ДЕРЕК

Бабалар заңы не дейді?

Қазақ тарихында адамды жөнсіз балағаттап, жаман сөз айтқандарды әдет заңы арқылы жазалап отырды. Балағат сөз айтқан адамға айыппұл салуды тарихта Тәуке хан бастаған. Ханның «Жеті жарғы» әдет-ғұрып заңдар жинағының бесінші жарлығында «Кәмелетке жеткен баланы туған ата- анасына тіл тигізіп сөккені үшін қара сиырға немесе қара есекке теріс мінгізіп, мойнына құрым іліп, бүкіл ауылды айналдыру керек» деген жаза белгіленген. Осы зандар жинағында діни сенімге байланысты қылмыстың екі түріне, біріншісі – Құдайға тіл тигізуге де жаза белгіленді (келесісі Құдайға сенбеу). Онда «жеті кісі куәлік етсе, Құдайға тіл тигізушіні таспен атып жазалаған. Кәпір болған адамның бүкіл мал-мүлкі оның туған- туыстарының қарамағына өтеді. Сұлтанға не қожаға тіл тигізсе, ол адам бір тоғыз, яғни тоғыз мал айып төлейді, ал сабаса, яғни қол жұмсаса үш тоғыз, яғни 27 мал төлейді» деп көрсетілген.

ТАҚЫРЫПҚА ОРАЙ

Аида БАЛАЕВА, Мәдениет және ақпарат министрі:  Әлеуметтік жауапкершілікті арттырудың тиімді құралы

Мемлекет басшысы әкімшілік құқық бұзу­шылықтар туралы Ко­декске маңызды түзету­лерге қол қойды. Оның кейбірі екі айдан кейін күшіне енеді. Ең басты өзгерістердің бірі – әкімшілік жаза ретінде қоғамдық жұмыстарды енгізу. Соттың шешімі­мен және құқық бұзу­шының келісімімен та­ғайындалатын қоғамдық жұмыстар – оңалту мен әлеуметтік жауапкершілікті арттырудың тиімді құралы болмақ. Өкінішке қарай, қо­ғамда айналасындағыларға құрметсіздік та­ныту жағдайлары жиі кездеседі. Мәселен, қоғамдық орындарда түкіру, қоқысты орын­сыз жерге тастау, тәртіп ережелерін елемеу және тағы басқаларды атап өтуге болады.

Назира АЙБАС,  заңгер: Қоғамдық жұмыстар сотпен не жеке тұлғалардың келісімімен тағайындалады

Көшеде балағат сөз айтып, яғни қоғамдық орындарда дөрекі сөз ай­тып, қоқыс тастап, түкірсе айыппұл салынады. Егер айыппұл төлей ал­май қалған жағдайда, жазда көше сыпырып, қыста қар күрейді. Қо­ғамдық жұмыстар сотпен не жеке тұлғалардың келісімімен тағайын­далады. Құқық бұзушының тұрғы­лықты мекенжайы бойынша белгі­ленеді. Ол он сағат пен жүз сағат аралығында белгіленеді. Күн са­йынғы жұмыс уақыты бір сағат пен төрт сағатқа дейін болады. Ал егер адам оқуда болса немесе жұмыс істейтін болса, қоғамдық жұмыстар оның оқу, жұмыс уақытымен сәйкес келмеуі ке­рек. Ал егер де жұмыс істемейтін болса, бір сағаттан сегіз сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа міндеттеледі. Еңбек уақы­тының жалпы уақыты төрт айдан аспауы керек. Бірақ бұл тәртіп қолданылмайтын жағдайлар да бар. Жүкті әйелдер мен баласы үш жасқа толмаған келіншектер, кәмелет жасы­на жетпеген жасөспірімдер, бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар тұлғалар әкімшілік жазаға тартылмайды

Өзгелердің өнегесі

Әлем елдері қалай жазалайды?

  • Ғаламтордағы ашық дереккөздерге сүйенсек, Германия заңнамасына сәйкес, мұндай құқық бұзушылық үшін айыппұлмен немесе бір жылға дейін (шартты түрде) жазалануы мүмкін. Ал егер бұл әрекет қорлау болып есептелсе, екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Әдетте, соттар айыппұл тағайындаумен шектеледі.

 

  • Ал АҚШ ең көп балағат сөз айтатын елдердің қатарына кіреді. Америкалықтар бір-бірінен балағат сөздерді жиі естиді. Көптеген штаттарда қоғамдық жерде балағат сөздер айтқаны үшін айыппұл салынады, тіпті, қамауға алынады. АҚШ Конституциясының бесінші түзетуіне сәйкес мұндай шектеулер сөз бостандығын бұзу ретінде түсіндіріледі. Дегенмен, анайы сөздер үшін айыппұлдар қарастырылған. Қолданылатын жаза түрі әр штаттың ішкі ережесіне сәйкес әртүрлі. Әр штаттың тұрғындары әртүрлі жауапқа тартылады. Массачусетс штатында абайсыз сөзге 200 доллар, Вашингтонда аңдамай сөйлегендерге 250 доллар айыппұл төлеуге тура келеді. Ал Калифорния заңнамасында 400 долларға дейін айыппұл қарастырылған.

 

  • Біріккен Араб Әмірліктерінде біреуді балағаттағандар бас бостандығынын айырылуы мүмкін. Парсы шығанағындағы елдерде балағат сөз айтқандар үшін жаза қатаң. Мәселен, Біріккен Араб Әмірліктерінде ер адам хабарламада бейәдеп сөздер жазғаны үшін 70 мың доллар айыппұл төлеген. Мұнда қоғамдық орында не интернетте біреуге тіл тигізіп, қоқан- лоққы көрсеткендер 2 жылға дейін сотталған деген дерек бар. Сауд Арабиясында жүгенсіздерді бас бостандығынан айырумен қатар дүре соғу секілді жаза да қарастырылған. Бұл елде ондай әрекетке барғандарға дүре соғылады. Австралияда да боғауыз сөз үшін айыппұл қарастырылған. Оның көлемі 600 долларға дейін жетеді. Бұдан бөлек, елде «өзгені қорлайтын қылық» секілді заң бұзушылық бар. Оған мәселен, нәсілшілдік жатады. Мұндай әрекетке барғандар 3 айға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Almaty aqshamy. №6-7 (6569) 24 қаңтар, 2025 жыл

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
3
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

09:21

09:20

09:01

08:50

08:20

07:32

06:23

17:47

17:11

16:44

16:10

15:50

15:10

14:47

14:10

13:45

13:45

13:25

13:10

12:45

12:12

11:08

11:03

10:52

10:50