Қарлығаш ұясын көмуге дәті бармаған Асқар Иманғалидің оқиғасы

Қарлығаш ұясын көмуге дәті бармаған Асқар Иманғалидің оқиғасы Сурет: Асқар Иманғалидің инстаграм парақшасынан

Маусымның аяғында әлеуметтік желілер мен ақпараттық сайттарда Атырау облысының тумасы, Индер ауылының тұрғыны Асқар Иманғалидың әрекеті көпшіліктің жүрегін тебірентті. Ол жұмыс барысында қарлығаштардың ұясы бар жерді көміп тастамау үшін қолынан келгеннің бәрін жасап бақты. Бұл жай ғана шешім емес, нағыз адамгершілік пен табиғатқа жанашырлықтың үлгісі еді.

«Құстар шырылдап маған қарай ұшатындай көрінді…»

Асқар Иманғали маусымның 30-ы күні «Интергаз Орталық Азия» АҚ-ға қарасты учаскедегі вахталық жұмысын аяқтауға тиіс болатын. Кезекті ауысым алдында бір күн бұрын, яғни 29 маусымда Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданы аумағындағы газ құбырларын техникамен көміп келе жатқан  ол  траншеяларға қарлығаштардың ұя салып қойғанын байқайды. Мұны көрген ол бірден жұмысын тоқтатып, құс ұяларын көмуге қолы бармай, дәті де шыдамайды. 

«Әп-әдемі айыр құйрық қарлығаштар траншея ішіне ұя салыпты. Қарлығаштар балапан басып жатыр. Мына құбырды қалай көмемін?! Обал-ай. Қазір мен үйілген топырақты итерсем, бәрі шырылдап маған қарай ұшады. Жапатармағай көліктің әйнегіне келіп соғылайын деп тұр. “Ей, адам, не болды саған? Сондай қатігез болып кеттің бе?” дер еді, тіл бітсе… Тап қазір жұмыстан шығып кетсем де, мынадай қиянат жасай алмаймын», – дейді ол әлеуметтік желіде тараған бейнежазбасында.

Асқар құстардың ұясы аман қалуы үшін орды көмуден бас тартып, әріптестерін де солай істеуге үгіттейді. Тіпті өзі сияқты бір-екі жігіт те ұяларды көмбей қояды. Алайда техникалардың күшімен дәл сол траншея бәрібір көмілген.

 

Қарлығаштарға қиянат жасамағанымен, жүрегі тынышталмады

Оқиғадан кейін Асқар туған жері – Атырау облысы Индер ауылына оралады. Бұл оқиға оған қатты әсер етсе керек. Көңілі босап, қатты күйзелгенін жасырмайды.

«Сол күні дауысым шықпай, жөтел қысып, қан қысымым көтеріліп кетті. Жұмысты тастап, ауылыма кетіп қалдым. Бірақ ешкім мені жұмыстан қуған жоқ, ондай жерде жұмыс жасаудан өзім бас тарттым», – дейді ол.

Осы орайда Асқар әлеуметтік желілер мен сайттарда тараған кейбір жаңсақ ақпараттар тарап кеткенін айтты.  Ол ауысым бойынша жұмыс учаскесіндегі мердігер ЖШС-ның арнайы техникасын жүргізеді екен. Шағын еңбек ұжымының беделіне нұқсан келмесін деп, компанияның атын атаудан бас тартты.

 

«Құдай осы ұстанымымнан тайдырмасын»

Асқардың табиғатқа деген құрметі тек бір сәттік шешім емес – бұл оның өмірлік ұстанымы екен. 

«Өзен теріс ағып, дүние төңкеріліп кетсе де, мен табиғатқа, туған жеріме, халқыма, жалпы ешкімге қиянат жасауға бармаймын. Құдай осы ұстанымымнан тайдырмасын», – дейді ол өзінің бұл әрекеті жайлы.

Асқардың оқиғасы ел арасында түрлі пікір айтылып та, жазылып та жатыр. Көпшілік негізінен оның бұл әрекетіне  қолдау білдіріп, жақсы тілектер жаудырған.

Тіпті кейбір компания оған жұмыс орнын ұсынып, кейбір кәсіпкерлер қаржылай демеу көрсетуге ниет танытса керек.

Қарлығаш – қазақ үшін қасиетті құс

Қарлығаш қазақ халқы үшін ежелден киелі құс саналады. Халық ұя салған үйді, мекенді қасиетті деп білген. Балапанына тиіспген. Жыл құсы саналатын - қарлығаштың күн жылығасын елге оралуын жақсылықтың нышаны санаған.

Сурет: видеодан скрин

Халық аузында «Қарлығаш әулие» атанған Төле би туралы аңыз осыны растайды. «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» жылдарында ел үдере көшкенде Төле би киіз үйін жықпай қояды. Себебін сұраған жоңғар қолбасына былай деп жауап береді:

«Шаңырағыма бір бейкүнә қарлығаш ұя салған. Ол – Нұқ пайғамбардың кемесін сақтаған, адамзатты жыланнан қорғаған киелі құс. Ұясын бұзып, балапандарын шырылдатып кете алмадым».

Жоңғар қолбасшысы би даналығына бас иіп, артынан ешкімге тиіспеген деседі.

 

Қазақстандағы құстар туралы не белгілі?

         •        GBIF қоры мен inaturalist.org мәліметіне сай, соңғы 20 жылда Қазақстанда 489 құс түрі тіркелген.

         •        Ал отандық birds.kz (kz.birding.day) сайтының дерегінше, елімізде 528 құс түрі кездеседі.

Бұл – орнитологиямен айналысатын әуесқойлар мен зерттеушілер үшін үлкен экожүйенің көрсеткіші.

Асқар Иманғалидың әрекеті – үлкен шешім емес, кішкентай тіршілік иесіне жасалған үлкен құрмет. Қазіргідей қарбалас заманда тіршілік үшін күресіп жүріп, табиғатқа бір сәт көз тоқтатып қарау кез келгеннің қолынан келмейді.

Бір адамның жүректен шыққан шешімі көпке үлгі болса, бұл – нағыз адамдық жеңісі.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
5
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

16:28

16:13

15:47

15:23

15:21

14:45

14:21

14:15

14:09

14:01

13:30

13:27

13:24

13:22

13:16

12:58

12:30

11:49

11:48

11:01

09:30

09:22

09:00

22:21

22:19