Алматыны тұмша түтіннен құтқаратын жалғыз жол – көлік ағынын азайту – урбанист Дәурен Әлімбеков

Алматыны тұмша түтіннен құтқаратын жалғыз жол – көлік ағынын азайту – урбанист Дәурен Әлімбеков Сурет: Қайрат Қонысбаев және спикерлердің жеке мұрағатынан

Қазіргі автосапарлардың шамамен үштен бірін автобус пен метроға ауыстырар болсақ, мегаполистегі тұмша түтін мәселесін түбегейлі өзгертуге жеткілікті, деп хабарлайды Аqshamnews.kz тілшісі. 

Алматы көлік санын азайту бағытын таңдайды. Әйтпесе қала кептеліс пен түтіннің тұйық шеңберінен шыға алмайды. Урбанистер мен экологтар барған сайын бір пікірге келіп тоқталып отыр: біз тым ұзақ уақыт бойы қаланы автокөліктерге «ыңғайлы» еттік, енді стратегияны адамдарға, қоғамдық көлікке және жаяу жүргінші кеңістігіне қарай бұруымыз керек.

Мамандардың бағалауынша, айқын нәтиже көру үшін қазіргі автосапарлардың шамамен үштен бірін автобус пен метроға көшіру жеткілікті. Сол кезде көшелердегі көліктер саны 30%-ға азаяды, ал сонымен бірге бөлінетін газдардың да едәуір бөлігі жойылады.

Урбанистер, экологтар және қала тұрғындарының өзі де барған сайын осы пікірді ашық айтып жүр: автокөлік жүктемесін азайтпайынша мегаполис кептеліс пен түтіннің тұйық шеңберінен шыға алмайды. Сондықтан бүгін Алматыдағы таза ауа туралы негізгі әңгіме сөзсіз көліктен, яғни қаланы жеке автокөліксіз де қолайлы ету жолынан басталады.

Алматы – таза ауа үшін: көлік санын азайту бағыты

Алматыда екі басты мәселе бар. Оның бірі кептеліс және түтін торлаған ауа. Урбанист әрі жолаушылар көлігі басқармасының бұрынғы басшысы Дәурен Әлімбековтің айтуынша, бұл мәселелер жай ғана бір-біріне байланысты емес, олар бірін-бірін қоректендіріп отыр.

«Түтіннің созылмалы сипат алуының басты себебі – автокөлік сапарларының шектен тыс көбеюі», – дейді ол.

Ол өзі өмір сүріп, жұмыс істеген Еуропа қалаларында бұл қорытындыға ертерек келген. Жеке автокөлік негізгі жүріп-тұру құралына айналған кезде мегаполис ауа, уақыт және өмір сапасын жоғалта бастайды. Алматы да дәл осындай таңдаудың алдына келіп тұр. Әрі қарай қала не көлік рөлін азайтады, не кептеліс пен түтін одан сайын күшейе бермек.

Алматыда қыстағы түтінді түсіндірудің қажеті жоқ: оны көзбен көресің, иісінен танисың, тамағыңды да жыбырлатады. Қала қалың сұр тұманға оранған күндері «бұл қайдан пайда болды?» деген сұрақ енді жай теория емес. Жауап күрделі де, шыншыл: Алматының табақшаға ұқсас аңғары, энергетиканың көмірлі кезеңі, көмір жағып отырған жеке сектор бар. Бірақ қазір мегаполис деңгейіндегі жаңа проблема айқын көрінді – жеке автокөліктердің шектен тыс көбеюі.

Тұрғындар да өз ұсыныстарын айтып жүр.

«Қала өсіп-өркендеп келеді, сонымен бірге адамдармен бірге автокөліктер де көшіп келіп жатыр. Кейде бір отбасында бірден екі-үш көліктен бар. Бізге қарапайым тетік қажет: Алматыға жаңадан келген отбасыға екінші көлікті бірден емес, ең болмағанда 2–3 жылдан кейін алуға мүмкіндік беретін болса дұрыс болар еді. Әйтпесе жаңа кептелістер мен жаңа түтінді Алматыға өзіміз «әкеліп» жатырмыз», – дейді алматылық Әсел Ташибаева.

Урбанист Дәурен Әлімбеков бір маңызды жайтқа назар аударды: кейінгі онжылдықта энергетикадағы көмірдің үлесі едәуір азайды. ЖЭО-1 толық газға өтті, қалалық көздердегі көмір деңгейі 1980-жылдармен салыстырғанда төмен, бірақ түтін керісінше көбейді. Демек, ластанудың негізгі өсімі күн сайын көбейген фактордан – автомобильдерден келіп отыр. Иә, көмір жағатын жеке сектор әлі де проблема, бірақ қала ішінде дәл көлік – мектептер, аялдамалар, аулалар мен басты магистральдар маңындағы «ауаны жасап отырған» негізгі күш. Машиналар азаймайынша, ауаның тұрақты әрі көзге түсетін жақсаруы болмайды.

Қалалық билік мұны қазір ашық айтып жүр: көлік санының әрі қарай өсуі кептеліс пен шығарындылардың артуын, көшелердің созылмалы шамадан тыс жүктелуін білдіреді. Ал бұл – күн сайын тыныстап жүрген ауамыздың нашарлауы. «Таза Қазақстан» ұлттық бағыты аясында Алматы автотұрақтар мен жаңа жолдарды шексіз көбейтуді емес, адамның денсаулығы мен таза қалалық ортаны бірінші орынға қоятын жолды таңдап отыр.

Бақылау күшейді: қалада эко-рейдтер жиілеп жатыр

Бұл таңдау қағаз жүзіндегі стратегияда ғана емес, күнделікті жұмыста да көрініс тауып жатыр. Алматыда табиғатты қорғау прокуратурасы мен экология басқармасы бірлесіп әзірлеген атмосфералық ауаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспары жүзеге асырылып жатыр. Ондағы басты бағыттардың бірі – көлік.

Сарапшылардың бағалауы бойынша, Алматыдағы қалалық шығарындылардың 60 пайызына дейінгі бөлігі автотранспортпен байланысты. Сондықтан газ талдауы жолдарда да, автобазаларда да күшейтілді, коммуналдық, жолаушы және жүк техникасы бөлек тексеріледі.

Жуырдағы рейдтердің бірінде Түрксіб ауданында жеңіл көліктер мен автобустар қаралды. Жүргізушілерге кеңес беріліп, жылжымалы зертхана шығарындылар деңгейін тіркеді. Соңғы рейдтердің бірінде 20 көлік тексеріліп, екеуінде нормадан асқан көрсеткіш анықталған.

Бақылау жүйесі айтарлықтай қатаңдады. 2025 жылы 19 стационарлық және екі жылжымалы экопостта 186,4 мың өлшеу жүргізілді, ӘҚБтК-нің 334-бабы бойынша 20 мыңға жуық хаттама толтырылып, айыппұл сомасы 653 млн теңгеден асты.

«Ренессанс плюс» компаниясының аға экологы Исламбек Нұрмағамбетовтың айтуынша, нормадан айқын ауытқуы бар көліктердің үлесі азайғанымен, азот оксидтері мен басқа да ластаушы заттардың жалпы деңгейі әлі де жоғары. Себебі – трафик көлемі.

Нұрмағамбетов қарапайым мысал келтіреді: Алматыдағы ең таза ауа – ертеңгі ерте, қала әлі «көліксіз» тұрған сәті. Қозғалыс басталып, көшелер автокөлікке толған сәттен бастап, ластану көрсеткіштері күрт өседі. Оның айтуынша, тәуліктік осындай айырмашылық түтіннің негізгі «қозғаушысы». Дәл сол автокөлік ағыны екенін айқын көрсетеді.

Эколог Евгений Мұхамеджанов та маңызды пікір қосады: қолданыстағы стандарттар ауа сапасына шынайы әсер ететін барлық компонентті өлшей бермейді. Бірқатар ластаушы заттар қазір мүлде бақылауға кірмейді. Сондықтан қала орталық органдарға жаңа талаптар енгізу туралы ұсыныстар әзірлеп жатыр.

Түтін торлаған қабатты азайту қажет: бұл шаралар іске қосылып жатыр

Сонымен қатар Алматы мәселенің «іргетасын» шешіп жатыр: қала лас генерациядан біртіндеп бас тартып, таза қуат көздеріне көшуде. 

ЖЭО-2-ні газға көшіру мен ЖЭО-3-ті жаңғырту – ірі экологиялық инфрақұрылым жобалары. Олардың мақсаты түсінікті: қатты бөлшектер мен оксидтер шығарындыларын күрт азайтып, қаланың үстіндегі базалық ластану деңгейін төмендету.

Алайда фон тазарып, түтін азайғаннан кейін басқа нәрсе айқынырақ көрінеді: егер көлік саны азаймаса, көшедегі ауа бәрібір айтарлықтай жақсармайды. Мегаполисте дәл транспорт адамның «төменде» – тротуарда, аялдамада, аулада тұрған жерінде тыныстайтын ауаны қалыптастырады. Әлімбековтің сөзінше, «ЖЭО-лар газға көшкеннен кейін транспорт күн сайынғы негізгі ластану көзі ретінде айқын көріне бастайды – оны жүйелі түрде шешуге тура келеді».

Неге жеке көліктер азаюы керек?

Урбанистикада заңды қисын бар: белгілі бір шектен кейін қала көліктердің көбінен ұтқаннан гөрі, ұтыла түседі. Алматы қазір дәл осы кезеңге кірді.

Бүгінгі таңда кез келген жаңа көлік – бұл:

  • тағы бір кептеліс және жолға кететін уақыттың ұлғаюы;

  • тағы бір аула, автотұраққа айналған кеңістік;

  • рельефі ауаны «ұстап қалатын» қалада жаңа газ қабаты.

Әлімбеков мәселені қарапайым түрде түсіндіреді: бұрын қалада жеке көлік уақыт жағынан автобусқа сирек ұтылатын. Ерекше жағдай БРТ-сы бар учаскелерде қоғамдық көлік тіпті жылдамырақ жүреді. Ал қалған жерде автобус көбіне сол шамада немесе одан да ұзақ жүреді, кесте тұрақты емес, маршрут жолы қолайсыз. Сондықтан адамда көлік болса, ол одан бас тартпайды: жеке авто – ең жайлы әрі ең болжамды таңдау болып қала береді.

Эколог әрі Алматы қалалық мәслихатының депутаты Тимур Елеусізов көлік жүктемесін шектеу бағытын қолдай отырып, тағы бір маңызды нәрсені айтады: өзгерістер бірден емес, кезең-кезеңімен жүріп, тұрғындар мен бизнеске ауыр соққы болмауға тиіс. Такси, жеткізу, қалалық логистика сервистері қазір экономиканың маңызды бөлігіне айналды, оларды баламасыз «қырқып тастауға» болмайды. Сондықтан алдымен адамдарға көліксіз де жүріп-тұруға ыңғайлы инфрақұрылым құрылуы керек, ал одан кейін енгізілетін шектеулер табиғи қала саясаты ретінде қабылданады.

Транспортты түтіннің басты себебі деп санайтын тәуелсіз экожобалар да осы позицияны қолдайды. Almaty Air Initiative атқарушы директоры Жұлдыз Сәулебекова автокөлік ағынының неге Алматы ауасы үшін шешуші факторға айналғанын былай түсіндіреді:

«Көліктердің қаупі тек жол апатында емес, жолда немен тыныстайтынымызда болып тұр. Алматыда транспорт әлі де негізгі ластау көздерінің бірі болып отыр: автопарктің 55 пайызы – 10 жылдан ескі көліктер, олардың жартысынан көбі шығарындыларды 90 пайызға дейін азайтатын катализаторсыз. Кептелістер, ескі қозғалтқыштар және қыста ұзақ қыздыру жерге жақын қабатта – дәл тыныс деңгейінде уытты газдардың тұрақты фонын қалыптастырады. Біз бәріміз аз кептеліс пен таза ауаны қалаймыз, бірақ жеке көліктен бас тартуға дайын емеспіз. Демек, ақылға қонымды келісім керек: жеке автокөлікке тәуелділікті азайту, автопаркті жаңарту және қоғамдық көлікті дамыту» деді ол. 

Урбанистер мен экологтар басты ұстанымда келіседі: сөз «көлікке тыйым салу» туралы емес, сапарлардың бір бөлігін табиғи түрде балама түрлерге көшіру туралы болмақ. Әлімбековтің есептеуінше, таңғы-кешкі қарбаластағы сапарлардың шамамен 30 пайызын қоғамдық көлікке ауыстыру жеткілікті. Сонда көлік саны үштен бірге азайып, кептеліс пен шығарындылар айқын төмендейді. Ол қалада мектеп каникулы кезінде трафик 20 пайызға азайған күндердің өзінде-ақ әсердің сезілгенін айтады: «қала қаншалықты жеңілдеп қалатынын бәрі байқайды».

Көлікке тәуелділікті қалай азайтамыз?

Алматыда әлемнің дамыған мегаполистері қолданатын шешімдер жиынтығы бар. Бірақ, Әлімбековтің пікірінше, өзгерісті автобустарды жаңартудан да, жолдарды кеңейтуден де емес, қоғамдық көлікке басымдық беруден бастау қажет.

1) Қоғамдық көлікке басымдық беру және бөлек жолақтар
Негізгі кілт – магистральдардағы дұрыс ұйымдастырылған «айрықша жол». Автобустар машиналармен бірге кептелісте тұрса, олар бәсекеге қабілетсіз болады. Ал қоғамдық көлікке жеке жолақ берілсе, ол кесте бойынша жүріп, жылдамырақ болады және күніне көбірек рейс орындай алады.

Бұл жүйенің өткізу қабілеті мен жиілігін өздігінен арттырады.

«Қалада автобустар жеткілікті, – дейді Әлімбеков. Тек жетпейтіні – бөлек жолақтар мен дұрыс ойластырылған маршруттар».

Елеусізов жүйені «сызықтық» қағида бойынша құруды ұсынады: түсінікті, түзу бағыттар және дамыған қалалардағыдай белгілі бір уақыт аралығында тегін ауысым жасау мүмкіндігі.

2) Ыңғайлы аялдамалар және жаяу жүргінші байланысы
Әлімбеков кейде аялдамаға немесе жаяу өткелге жету үшін ұзақ айналып жүруге тура келетінін айтады, әсіресе Әл-Фараби – Жароков секілді күрделі жолайрықтарда: көлікке ыңғайлы, жаяу адамға ыңғайсыз.

Елеусізов аялдамаларды бағдаршамдар мен қиылыстарға жақын орналастыруды, жаяу жүретін арақашықтықты қысқартуды ұсынады. Бұл күнделікті автобус қолдануға деген кедергіні азайтады.

3) Қала маңы экспресстері
Әлімбековтің айтуынша, таңертеңгі кептелістің айтарлықтай бөлігі – қала сырты мен агломерациядан келетін ағын. Егер Қаскелең, Талғар және басқа да елді мекендерде жаяу жететін жерде экспресс-автобустар болса және олар бөлек жолақтар есебінен қала орталығына тез жетсе, көп адам Алматыға кірмей тұрып-ақ көлігін үйде қалдырар еді. Бұл тозығы жеткен дизельді қала маңы техникаларының «лас үлесін» де азайтады.

4) Келесі қадам – автотұрақ саясаты
Әлімбеков жолдарды кеңейту – көліктің одан әрі көбеюіне және түтіннің күшеюіне апаратын жол. Сондықтан қоғамдық көлік ыңғайлы болғаннан кейін келесі логикалық қадам – шамадан тыс жүктелген аудандарда автотұрақ құнын көтеру және заңсыз тұрақтарды қатаң реттеу. Бұл тұрғындардың таңдауын біртіндеп балама көлік түрлеріне бұрады.

5) Баламалы мобильдік
Веложолақтар, қауіпсіз жаяу бағыттар, самокаттарды реттеу. Егер сапарлардың тіпті 10 пайызы велосипедке немесе самокатқа ауысса, магистральдар едәуір босайды. Бірақ Әлімбеков те, Елеусізов те бір жайтты ерекше атап өтті: инфрақұрылымсыз адамдар бұл түрді таңдамайды – ол қауіпсіз әрі жайлы болуы қажет.

6) Жаңартылған стандарттар мен ынталандырулар 
Эко-рейдтер қазірдің өзінде әсер етіп жатыр, бірақ нормативтер заманға сай емес. Елеусізов PM2.5 және PM10 бөлшектерін терең зерттеудің маңызын атап өтеді. Тек «қанша» екенін емес, олардың нақты құрамы қандай екенін (көмір күлі, шиналардың тозуы, тежеуіш шаңы, ауыр металдар және т.б.) түсіну қажет. Бұл әрбір ластау көзіне дәл бағытталған шаралар қолдануға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар қала экологиялық таза көліктерге көшу процесін ынталандыру арқылы жеделдете алады – электромобильдер мен гибридтер үшін жеңілдік, ал қалғандары үшін қымбатырақ автотұрақ болуы керек.

Осы шаралардың түпкі мәні – тыйым салу да, жүргізушілерді жазалау да емес. Мақсат – жеке көлік жалғыз ыңғайлы нұсқа болудан қалып, адамдардың таңдау мүмкіндігі кеңеюі.

Жасыл айнала және таза көшелер: ауа ұсақ бөлшектерден тұрады

Трафикті қысқарту – аса маңызды қадам, бірақ ауаны тек көлік арқылы ғана тазарту мүмкін емес. Сондықтан стратегияның екінші тірегі – көгалдандыру мен сапалы абаттандыру.

Жол картасына сәйкес, 2030 жылға дейін қалада 2,5 млн ағаш отырғызу жоспарланған, жыл сайын – шамамен 320 мың ағаш отырғызу. 2025 жылы басымдық биіктігі 4–6 метр ірі ағаштарға беріледі. Сонымен қатар автосуару жүйесі 790 км-ге дейін кеңейтіліп жатыр.

Елеусізов тағы бір маңызды факторға назар аударады: көшелерде жүйелі санитарлық тазалау болмаса, әсер әлдеқайда әлсіз болады. Ұсақ шаң автомобиль ағынынан көтеріліп, кейін қайта қонып, желмен бүкіл қалаға таралады. Сондықтан заманауи жол «шаңсорғыштары», ылғалды жуу, құрылыс шаңын басу, ашық жер бедерін бекіту және магистральдар бойындағы буферлік жасыл аймақтар қажет.

Депутаттың айтуынша, қала бұл ұсыныстарға құлақ аса бастады:

«Біз магистральдар бойындағы буферлік аймақтарды бұталармен көгалдандыруға қол жеткіздік – олар жолдан ұшқан шаңды жақсы ұстап, оның бүкіл қалаға таралуына жол бермейді», – дейді ол.

Осы жылы Алматы шамамен 340 мың терек отырғызды, олар шаң ұстаушы жасыл тосқауыл рөлін атқарады. Бұл шаралар машиналарды азайтуды алмастырмайды, бірақ нәтижені күшейтіп, оны тұрғындар тезірек сезінуіне мүмкіндік береді.

Өзгерістер әрекетсіздіктен әлдеқайда маңызды

Таза ауа – жай ғана «ыңғайлылық» емес, бұл ең алдымен – денсаулық. Қала ЖЭО-ларды газға көшіруге, қоғамдық көлікке, экопосттарға, бөлек жолақтарға, көгалдандыруға және көшелерді тазалауға қаржы салған кезде, алматылықтардың өмірін ұзақ әрі сапалы етуге инвестиция құйып отыр.

Алматы қазір болашағын айқындайтын таңдау жасауда: жеке машиналар аз, ыңғайлы қоғамдық транспорт, жаяу жүргінші мен баламалы мобильдікке басымдық, таза энергетика және көп жасыл желек.

Дәурен Әлімбековтің айтуынша, кешенді жұмыс – маршруттар, бөлінген жолақтар, кестелер, қала маңы экспресстері, автотұрақ саясаты – дұрыс жолға қойылса, екі жылдың ішінде-ақ айқын нәтиже беруге қабілетті болады. Мұндағы ең қиын нәрсе – техника да, қаржы да емес, ойлау тәсілін өзгерту: қала көшені әдеттегідей «көлік көзімен» емес, адамның көзімен көре бастауы керек.

Бұл – жайлы, денсаулыққа пайдалы, шынымен өмір сүруге қолайлы қала болып қалғысы келетін Алматы үшін жалғыз шынайы сценарий. «Таза Қазақстан» сөзі сонда ғана ұран емес, күнделікті өмірде көрініс табатын болады. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

12:05

11:41

11:23

11:06

10:45

10:28

10:19

10:11

10:01

09:46

09:35

09:27

09:21

09:12

09:01

08:46

19:30

18:48

17:57

17:39

17:15

17:02

16:46

16:40

16:18