Президенттік жастар кадр резерві – еліміздің өркендеуіне елеулі үлес қосам деген жастарға бағытталған бірегей жоба. Жоба аясында кәсіби даярлығы жоғары, тәжірибелі жастарға жоғары әкімшілік және саяси лауазымдарға орналасу үшін ерекше мүмкіндік беріледі. Мәселен, тиісті лауазымдарда бос орындар пайда болған жағдайда Президенттік жастар кадр резервінде тұрған азаматтардың кандидатураларына басымдық беріледі.
Aqshamnews.kz тілшісі Президенттік жастар кадр резервіне қатысты соңғы ақпаратты білу мақсатында Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне ресми сауал жолдаған еді. Редакция хатына ресми жауапта биылғы іріктеу барысы, резервтің жұмыс принциптері және жоба арқылы ұсынылатын мүмкіндіктер туралы кеңінен мәлімет берілді.
Осыдан бір ай тұрын Президенттік жастар кадр резервінің қатары жаңа үміткерлермен толықты. Биылғы маусым айында басталған іріктеуге қатысуға онлайн-платформа арқылы 97 мыңнан астам адам қызығушылық танытқан.
Агенттіктің түсіндіруінше, резервке қабылданған тұлғалар міндетті түрде лауазымға тағайындалады деген талап жоқ. Резервке енген азаматтар ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы мен оның филиалдарында кәсіби және тұлғалық дамуға арналған оқыту курстары мен тренингтерге қатысу мүмкіндігіне ие болады. Бұл олар үшін болашақта жоғары деңгейлі басқарушылық қызметтерге дайындықтың маңызды бөлігі болып саналады.
Президенттік жастар кадр резерві – мемлекеттік қызмет жүйесінде кәсіби өсуге тең мүмкіндіктер беретін, талантты әрі перспективалы жастарды анықтауды мақсат ететін стратегиялық жоба. Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2019 жылы іске қосылған бастама бүгінге дейін еліміздің кадрлық әлеуетін нығайтуға елеулі үлес қосып келеді.
Биылғымен қосқанда барлығы төрт кезең бойынша жүргізілген іріктеу қорытындысында резервке барлығы 450 жас маман қабылданды:
- 2019 жылы - 300 адам,
- 2021, 2023 және 2025 жылдары - 50 адамнан.

Сурет: web.telegram.org/k/#@prokadrykz
Қазіргі таңда алғашқы үш кезеңнің 400 резервшісінің 321-і (80,7%) мемлекеттік органдар мен түрлі ұйымдарда қызмет атқаруда. Олардың ішінде:
- 38 резервші - саяси лауазымдарға,
- 5 адам - "А" корпусының лауазымдарына,
- 3 адам - Мәжіліс депутаты,
- 1 адам - мәслихат депутаты болып тағайындалған.
Олардың арасында бірқатары осы күні лауазымды қызметтерді атқарып жүр:
Рыспеков Д. А. - Ұлытау облысының әкімі;
Нұрпейісов А.Б. - ҚР Президентінің Іс басқарушысы;
Споткай М.А. - Сенат Аппаратының жетекшісі;
Байел А.Д. - Әзірбайжандағы Төтенше және Өкілетті елші;
Адамбеков Т.С., Байтілесов Н.Т., Мүтәлі Ә. - Парламент мәжілісінің депутаттары.
Гендерлік құрам да назарда: резервтегі 450 адамның 15%-ы - әйелдер (69 адам), 85%-ы - ерлер (381 адам).
Президенттік жастар кадр резервіне іріктеуден өту кезеңдері қандай?
Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 27 тамыздағы №141 Жарлығымен бекітілген қағидаларға сәйкес, іріктеу бірнеше кезеңнен тұрады:
1. Құжаттарды қабылдау
Үміткерлер өтінімдерін "www.pkrezerv.gov.kz" платформасы арқылы тапсырады. Қатысу талаптары:
- 35 жасқа дейін;
- жоғары білім;
- қазақ тілін В1 деңгейінен төмен емес меңгеру;
- кемінде 5 жыл еңбек өтілі;
- ҚР азаматы болуы.
2. Мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау
Кандидаттар мәтіндік және сандық ақпаратты талдау тестілерінен өтеді.
3. Ситуациялық тапсырмаларды шешу
Мемлекеттік қызметке тән нақты жағдайларды модельдеу арқылы басқарушылық шешім қабылдау қабілеті тексеріледі.
4. Құзыреттерді бағалау
Екі блоктан тұрады:
"Ассессмент-орталық" - мінез-құлық индикаторлары арқылы кәсіби құзыреттерді анықтау;
5. Сарапшылық комиссияда әңгімелесу
Кандидат өз саласын дамытуға қатысты көзқарасын ұсынады.
6. Ұлттық комиссияда қарау
Сарапшылық комиссия ұсынған кандидаттардың финалдық шешімі қабылданады.
Резервке енгендер үшін жандай мүмкіндіктер бар?
Қағидаларға сәйкес, резервке қабылданған күннен бастап үш жыл ішінде:
- саяси лауазымдарға,
- "А" корпусының,
- "Б" корпусының басшылық қызметтеріне тағайындалу мүмкіндігі беріледі.
Сонымен қатар, резервшілер заманауи оқыту бағдарламаларына, басқарушылық құзыреттерді дамытуға арналған тренингтерге қатыса алады.
Оларға қойылатын негізгі талаптар:
-
стратегиялық ойлау;
-
бастамашылдық;
-
жауапкершілік;
-
тиімді шешім қабылдау;
-
адалдық, ашықтық, әділдік және мемлекеттік қызмет этикасын сақтау.
Іріктеу барлық өңірлер үшін бірдей талаптармен жүргізіледі. Арнайы өңірлік квота қарастырылмағанымен, үміткерлердің аймақтық алуан түрлілігін қамтамасыз етуге ерекше мән беріледі. Ашық әрі әділ бәсеке нәтижесінде елдің барлық аймағынан жастар резервке еніп келеді.
Президенттік жастар кадр резерві еліміздің басқару жүйесі үшін жаңа буын көшбасшыларын қалыптастырудың тиімді механизміне айналды. Резервшілердің реформаларды іске асыруға белсенді араласуы, олардың жауапты қызметтерге тағайындалуы жобаның өзектілігі мен нәтижелілігін көрсетеді.
Бұл бастама:
- мемлекеттік қызметтің тартымдылығын арттырады;
- жас мамандардың әлеуетін ашады;
- ұлттық кадрлық саясатты жаңғыртады;
- еліміздің дамуына үлес қосатын жаңа көшбасшылар буынын қалыптастырады.
Қазір 2025 жылғы іріктеудің қорытындылары бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Нәтижелерге сүйеніп, резерв институтын одан әрі жетілдіру бойынша тиісті шаралар қабылданады.