Шаһарға тоғызқұмалақтан әлем чемпионатына келген шетелдік делегацияға рухани, мәдени-танымдық сапар ұйымдастырылған болатын. Олар қаладағы Кардиологиялық орталыққа да барып, заманауи медицина мекемесінің тыныс-тіршілігімен танысты.
Дәрігерлер меймандарға инновациялық жаңа қондырғыларды, жүрек ауруларын ерте анықтауға арналған технологияларды көрсетті. Шетелдік қонақтар орталықтың медициналық мүмкіндігіне жоғары баға беріп, Қазақстандағы, оның ішінде медициналық туризмі ілгерілеп келе жатқан Алматының денсаулық сақтау саласының тың қадамдарына тәнті болғанын жеткізді.
«Сіздердің технологиялық даму жолына ерекше көңіл бөліп отырғандарыңыз қуантады. Орталықтағы кардиология саласының түрлі бағытқа бөлініп, мамандандырылған бөлімдермен жұмыс істеуі – өте маңызды аспект», – деді Румыния делегациясының басшысы Клаудия Балинт.

Тақырыпқа орай айта кетсек, Алматы қалалық Кардиологиялық орталықта бүгінде 585 жоғары білікті маман қызмет атқарады. Оның 120-ға жуығы кардиохирург. Сонау 2007 жылдан бері үздіксіз қызмет көрсетіп келе жатқан іргелі мекемеде жыл сайын 550-ге жуық ашық кардиохирургиялық операция жасалады. Сондай-ақ, орталық биыл ресми түрде жүрек трансплантациясын жүргізу бойынша уәкілетті медициналық ұйымдар тізіміне енді.
«Біздің орталық науқастарды жедел түрде қабылдайды. Алматыда жұмыс істейтін, қыдырып келген және басқа мемлекеттерден туристік бағдарлама бойынша келген адам науқастанып қалған жағдайда жедел түрде бізге келуіне, емделуіне барлық жағдай жасалғанын айтып өту керек. Бізге Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай және Ресей мемлекеттерінен науқастар жиі келеді», – деді қалалық Кардиологиялық орталықтың директоры Ермағамбет Қуатбаев