Автокөлік жуу орындарындағы судың сұрауы бар ма?

Автокөлік жуу орындарындағы судың сұрауы бар ма? Сурет: depositphotos.com

Су тапшылығы - Қазақстанда ғана емес, әлемдік деңгейде өткір тұрған экологиялық мәселе. Осы тұста «ауыз су қайда кетіп жатыр?» деген заңды сұрақ туады. Алматы қаласында көлік жуатын орындардың көбі өндірістік мақсатта таза ауызсуды пайдаланатыны көпшілікке беймәлім. Бұл сауалдың жауабын  Aqshamnews.kz тілшісі «Алматы Су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнынан анықтап көрді. 

Алматыда техникалық су желісі жоқ

Алматы қаласында техникалық (ауызсудан бөлек) сумен жабдықтау желісі жоқ. Сондықтан автокөлік жуу бекеттері кәдімгі ауыз су жүйесіне қосылған. Яғни, біз ішетін, тұрмыста пайдаланатын ауыз су көлік жууға да жұмсалып жатқан көрінеді.

Қазіргі таңда «Алматы Су» мемлекеттік кәсіпорнының ресми дерегіне сүйенсек, қалада 587 көлік жуу орны тіркелген. Бірақ соның 260-ында ғана суды айналыммен қайта пайдалану жүйесі бар. Қалған 327 нүкте суды бір реттік режимде пайдаланып, кейін ағын сулармен бірге кәрізге жіберіледі.

 Айналымдағы су жүйесі – бұл жүйе арқылы пайдаланылған су тазартылып, қайтадан қолдануға жіберіледі. Бұл — экологиялық тиімді тәсіл.

 

Жаңа Су кодексі не дейді?

2025 жылғы 10 маусымда күшіне енген жаңа Су кодексі суды ұтымды пайдалануға нақты талаптар белгіледі: 

         •        Барлық су тұтынушы, соның ішінде автожуу орындары екі жыл ішінде суды айналымда немесе қайта пайдалану жоспарын әзірлеуі тиіс;

         •        Жаңа талаптарға бес жыл ішінде толық көшу міндетті;

         •        Суды пайдалану құқығы тек қайта пайдалану жүйесіне көшу жоспары болған жағдайда ғана беріледі.

 Дегенмен бұл нормалардың орындалуын бақылау тетіктері әлі де әлсіз. Олай деуімізге себеп: мәселен, «Алматы Су» МКК бұл қондырғылардың бар-жоғын бақылауға уәкілетті емес болып шықты. 

 

Қолданылған су қайда кетеді?

Қайта өңдеу жүйесі жоқ көлік жуу бекеттерінде лас су ағынмен бірге кәріз жүйесіне түседі. Мұндай судың құрамында химиялық заттар, автохимия, май қалдықтары болуы мүмкін. Экология тұрғысынан алғанда, бұл тек судың ысырабы ғана емес, қоршаған ортаға қауіп.

 

Су бағасы бәріне бірдей ме?

Автөкөлік жуу орындарындағы судың сұрауы жоқтай. Әсіресе, көлік иелері автоматтандырылған жүйеге тиын-тебен салып, өздері жуып алатын орындарда ағыл-тегіл аққан су көл-көсір болып жатады. 

 «Алматы Су» МКК мәліметінше, автожуу бекеттері үшін су тарифі басқа заңды тұлғалармен бірдей. Яғни, арнайы дифференцияланған (жоғары) тариф қарастырылмаған. Бұл да су үнемдеуге ынталандырудың жеткіліксіз екенін көрсетеді.

 

Не істеу керек?

Су кодексінің негізгі қағидаттарының бірі – суды ұтымды және тиімді пайдалану.

Енді жаңа кодекске сай, осы бағытта суды үнемдеу жөніндегі ақпараттық жұмыстарды күшейту, бірінші кезекте мектептерде су үнемдеуді түсіндірумен айналысу жоспарлануда.

«Барлық су тұтынушылар екі жылдың ішінде, қазір автокөлік жуу және өнеркәсіптік кәсіпорындардан талап етілетіндей суды қайта және айналымда пайдалануға көшу жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеуі тиіс. 

Айналмалы (қайта пайдаланылатын) су жүйелерін орнату міндетті болатын ұйымдардың тізімі кеңейтілді» , - деп жазылған мемлекетік кәсіпорынның жауабында.

Еске сала кетейік, су үнемдеуді ынталандырудың жаңа тетіктері енгізілді, олар бұған дейінгі қолданыстағы редакцияда болмаған. 

Алматы қаласының автожуу орындарында ауыз су пайдаланылуы – қазіргі экологиялық талаптармен сәйкес келмейтін көрініс. Жаңа Су кодексі үміт ұялатады, бірақ оның нақты орындалуы тек талаппен емес, бақылаумен және ынталандырумен жүзеге асады. Судың әр тамшысы қымбатқа түсетін болашақта — көлік жуатын орындардың да жауапкершілігі арта түседі.

 

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
1
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

12:23

11:11

10:10

09:26

18:01

17:21

16:28

16:13

15:47

15:23

15:21

14:45

14:21

14:15

14:09

14:01

13:30

13:27

13:24

13:22

13:16

12:58

12:30

11:49

11:48