ffin.kz

Елімізде 4 жарым мың студент журналист мамандығын меңгеруде - министр

Елімізде 4 жарым мың студент журналист мамандығын меңгеруде - министр Сурет: Aikyn.kz

Еліміздің 24 оқу орнында журналистика мамандығы оқытылады.


Бұл туралы ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Astana Media Week панельдік сессиясында айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 


Өз сөзінде Ғылым министрі бұл жиынға үлкен үндеумен, көмек сұрап келіп отырғанын айтты.



«Біздің министрліктің құрылуының негізгі себебі де, мақсаты да – жоғары білім мен жалпы кадр даярлау моделін өзгерту. Өздеріңізге мәлім, мен соңғы 4-5 жылда жаңа мамандықтар, жалпы, кадр даярлау, әсіресе, жоғары білім беру саласының еңбек нарығымен үйлеспеуі мәселелерімен айналысып жүрмін. Сондықтан министрліктің қазіргі стратегиясы, басым бағыты – осы. Біздің министрлік енді әр саланың, әр өңірдің талаптарын, кадрлық тапшылықтарын, жаңа мамандықтарын айқындап, оқу бағдарламаларын сол талаптарға, сол сұранысқа үйлестіріп атқаруы керек. Қазір еліміздің 24 ЖОО-да журналистика және медиа мамандары даярланып жатыр. Дәл қазір 4588 студент оқып жатыр, оның ішінде мемлекеттік тапсырыспен 1323 адам білім алуда. Биыл 272 түлек оқуын аяқтайды», - деді Саясат Нұрбек.



Министрдің айтуынша, ең негізгі мәселе – мамандандырылған журналистикалық бағдарламалардың аз болуы.



«Осы мәселе жылдан-жылға көтеріліп келеді. ЖОО-лар да ақырындап әрекет етуді бастады. Мысалы, былтыр Еуразия ұлттық университетінде Журналистика және саясаттану және Әлеуметтану факультеттері бірігіп, «Спорт журналистикасы» мамандығын ашты. Оған қоса, "Цифрлық медианы басқару" мамандығы ашылды. Astana IT университеті былтыр «Цифрлық журналистика» мамандығын ашып, қазір «Big data журналистика» мамандықтарын пысықтап жатыр. Жалпы, 24 оқу орнының басым көпшілігі – мемлекеттік университеттер, өзіміздің өңірлік оқу орындары. Енді оқу-әдістемелік бірлестіктердің жұмыстарын пысықтауда сол өңірдегі ерекшеліктерді ескере отырып, журналистика бағдарламаларын пысықтасақ. Мысалы, Қостанай өңірінде агрожурналистика, ауыл шаруашылығына маманданған журналистер қажет», - деді С. Нұрбек.



Сонымен бірге, мемлекеттік стандартты өзгерткенде, бірінші кезекте диссертациялар мен дипломдық жұмыстардың ғылыми жетекшілігін тек қана ғылыми дәрежесі барлар ғана емес, индустриядағы мықты мамандар да жүргізе алады.



«Сабақ беруді де тек қана докторлар мен PhD иегерлері емес, сол индустрияның ішінен шыққан тәжірибесі бар адамдарға рұқсат етеміз. «Endowed professor» ұғымы шетел тәжірибесінде бар. Тағы бір маңызды нәрсе – оқытушыларға байланысты. Иә, «Ғылыми журналистика», «Big data» деп жаңа оқу бағдарламасын жасай аламыз. Бірақ оқытушы табылмайды. Сол бұрынғы оқытушылар сабақтың атын өзгерткенімен, мазмұнын баяғыдай қалдырады. Біздің жанайқайымыз, үндеуіміз осы, сала мамандарынан ЖОО-ға көмек қажет», - деді Саясат Нұрбек.



Айта кетейік, Astana Media Week 26-28 қазан күндері өтеді. Онда 150 отандық және халықаралық спикердің қатысуымен 30-дан астам іс-шара өтеді. Жылдың басты тақырыбы - «Жаңа дәуір – жаңа медиа». Тақырып жобаның үш құндылығын ашуы тиіс: жаңа дәуірдегі сенім, жаңа уақыттағы кәсібилік және БАҚ-тың үздіксіз дамуы.


Бірінші күні AMW қатысушылары панельдік сессия аясында Әзірбайжан, Өзбекстан және Қырғызстан сияқты Орталық Азия бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен ортақ сын-қатерлерге ортақ жауаптарды қалай табуға болатынын талқылайды.


Сонымен қатар, бүгін Astana Media Week аясында Nickelodeon телеарнасы мен Turanews.kz жаңа ақпарат порталының тұсаукесері өтеді.


Astana Media Week дәстүрлі түрде баспасөз, радио, Интернет-журналистика саласындағы үздік жетістіктері үшін «Үркер» сыйлығын тапсырудың салтанатты рәсімімен аяқталады.














Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

18:10

17:38

17:17

17:10

17:06

16:47

16:39

16:08

15:52

15:48

15:08

15:04

14:54

13:30

13:22

13:03

13:01

12:35

12:33

11:57

11:53

11:39

11:38

11:33

10:49