Арманға айналған авто

Арманға айналған авто Сурет: Самат Серікбайұлы

Отандық автокөлік нарығына субсидия қажет

Бүгінде елімізде ескі көліктер көбейіп бара жатыр. 20 жастан асқан автокөліктердің саны бір жылда 4% көбейіп, 2 млн.-ға жуықтады. Осындай техникалық талапқа сай емес темір тұлпарлардың салдарынан апаттар жиілейді. Қоршаған ортаны ластамайтын, үнемді көлік түрлерін дамыту – заман талабы. Бұл ретте электромотоциклдер мен электрокарлардың маңызы жоғары. Бүгінгі таңда көлік иелері электр қуатымен жүретін көліктерге бет бұра бастаған. Сондықтан отандық автонарықты дамыту және мемлекет тарапынан тиімді субсидиялау жүйесін енгізу қажет. Сонда ғана ел тұрғындарына қолжетімді, сапалы әрі экологиялық таза көлік қолжетімді болмақ.

Жақында автоорталықтарды аралаудың сәті түсті. Мақсат – бағасы тиімді тәуір көлік іздеп табу. Базар күнгі кептеліс, қоғамдық көліктегі адамның көптігі таңқалдырды. Күн ыстық, жол бітпейді. Бая-аяғы 1,5 сағат дегенде діттеген орынға да  жеттік. Талғар тасжолының бойы жүйткіген көлік, қаз-қатар тізілген жаңа үйлер, зәулім салтанат сарайлары, көздің жауын алатын автонарық. Жаяулай шетінен қарап келем. Жаңа және жүрілген көліктен көз сүрінеді. Көбісі автотұрақта өз қожайынын күтіп тұрғандай. Шаң басып, күнге қақталып тұрғандары қаншама. Шіркін, біреуін мінер ме еді деп таңдай қағасыз. Бұрын тізілген автоқатарды қалағаныңша аралайтын едік. Қазір ереже өзгерген. Менеджер қасыңда жүрмесе, өзің аралап, ұнатқаныңды таңдауға рұқсат жоқ. Алдын ала автосайттан немесе өзің баратын автоорталықтың ғаламтордағы мекенжайынан керекті машинаны таңдап бару керек екен. Олай болатын болса, шаршап-шалдығып барудың не қажеті бар? Одан да үйде жатып, керекті мәліметті ала берген дұрыс емес пе?!

    Менеджер жаныңнан ұзамайды. Құдды бір қарауылың сияқты. Емін-еркін аралауға рұқсат бермейді. Автокеңесші де күні бойы қаншама адамға қызмет көрсетеді. Ол да қалжыраған. Оның шаршаңқы жүзіне қарап, өзіңнің де дегбірің қашады. Ұялғаннан біршама аралаған боп қайттық.

    Мен сияқты автонарықты аралап, арманда жүрген жан көп. Қытайдың арзан жаңа көлігін алуға болады әрине. Бағасы – 5-6 миллион теңгеден басталады. Атақты америкалық, германиялық, жапондық көліктеріңнің бағасы 10-11 миллионнан әрі асады. Олардың бастапқы жарнасының – өзі 2-3 миллион теңгенің төңірегі. Ал шетелдік, жылы жаңалау, техникалық жағдайы жақсы деген көлікті 4-6 миллион теңгеге ала аласың. Қазақстанда 1 жыл транзит нөмірмен айдауға болады. Одан кейін утильалым мен алғашқы жарнасына кемі 3-4 миллион теңге төлеу керек. Сонда бәрібір автоорталық бағасымен тең. Осылайша өзі қалаған тәуір көлікті ала алмай, талай адам әбігерге түсіп жүр.

 Сөйтіп, көлік аламын деген үмітпен қаладағы барлық автонарықты түгел аралап шықтым. Аяқ жетпеген жерді смартфоннан шолдым. Әйтеуір біреуіне тоқталдым. Ғаламтордан алдын ала төлем қабілеттілігімді растап бардым. Менеджерге 3-4 миллион теңге арасында көлік қарайтынымызды айттым. Ең тиімдісі Ford Focus, құны – 3,7 миллион теңге екен. Ақ түсті, универсал көлік. Жүргізіп, қозғалтқышын, барлық техникалық бөлшектерін тексергендей болдық. Интернеттегі жарнамасында көлікті 7 жылға бөлгенде, есеп бойынша  айына – 85 мың теңге шығатын-тұғын. Ал менеджер – болса 112 мың теңге деп кесіп айтты. Сонда жарнама мен шын құны сай келмей тұр. Сонымен  не керек, автонесие бермейтін болып шықты. Бір жағынан кредитке қарыз жамай бермегеніміз дұрыс болған да шығар.

Қазір шаһардағы эко-өзекті мәселенің бірі – тозығы жеткен көліктер. Тіпті, ширек ғасырдан астам уақыт жүріп жүрген  темір тұлпарлар да аз емес. АҚШ, Еуропа, Жапония сияқты дамыған елдердің халықаралық стандарт бойынша зауыттан шығарылған жаңа көліктің қалтқысыз қызмет ету мерзімі 35 жылды құрайды екен. Пайдалану мерзімі әрі кеткенде 10 жылға есептелген. Одан кейін қозғалтқышы, бөлшектері істен шығады, осылайша тозығы жетеді деп саналады. Ал тозығы жеткен көне көлік қайта арзан бағада қабылданып, зауытқа жіберіледі. Одан жаңа көлік жасап шығарады. Бұл дүниежүзілік автомобиль нарығына тән үрдіс. Дәп осындай жүйе бізге де керек-ақ! Мақсатым – қаржы жинап, тәуір көлік міну.

 Тозығы жеткен көлік алып,ұзақ міну – құр әурешілік

 Аманбек ӘУЕЛБЕКОВ, жүргізуші:

Көп адам жаңа көлік сатып алғысы келеді. Алайда, автосалондағы, интернет жарнамадағы автокөліктің бағасын көріп, тайсалып қаласыз. Әлеуметтік желіні ашсаң да, теледидардың пернесін басып қарасаң да, көлікке жарнама көп. Шын мәнінде хабарласып, біле қалсаңыз тым қымбат. Автоорталықтағы жаңа Toyota Corolla маркалы көлігі 1113 миллион теңге аралығын қамтиды. Ал қытай көліктерінің құны 5-6 миллион теңгеден асады. Шарықтаған бағаларға қарап, отандық көлік өндірісі неге дамымайды, шығарылған көліктер неліктен арзан болмайды деп ойланасыз. Егер отандық көліктер Алматы, Астана, Шымкент сияқты үлген мегаполистерде шығарылып, қолға алынса нұр үстіне нұр болар еді. Сонда шетелдік көліктерді жұрт керек етпейді. Отандық көлік өндірісі дамыса, аталған мәселе өздігінен шешіледі.

Жақында ауыл арасында жүруге көлік алдық. Қазақта «Арзанның құны татымас» немесе «Жүрсе көлік, жүрмесе өлік»  дейді. Тегі рас айтылған тәмсілдер. Тозығы жеткен көлік  алып, ұзақ міну деген құр әурешілік екен. Мүмкін болса, аз жүрілген, күтіліп ұсталған, техникалық жағдайы жақсы көлік алған дұрыс.

Қазақстанда утильалым, алғашқы жарна деген ұғымдар жиі айтылады. Бұл мәселеге талай мәрте көлік тізгіндеушілер үн қосып, мәселені шешу жолдарын айтты. Алайда, сең қозғалар емес. Біздіңше 2010 жылдан бергі немесе жүрілгеніне 10 жылдан аспаған көлік әкелуге ғана рұқсат берсе, ескі-құсқы темір-терсек елге кірмес еді. Сонда біздегі 3040 жылдан асқан көліктер жаңарып, ел-жұрт өзіне тәуір көлікке алмастырып алар еді. Мұның бәрі істеуге болатын, қолдан келетін дүние ғой.

Автонарық тым қымбат

Құрбанбай ОСПАН, автосарапшы:

 

Жаңа көлік – көңілдің ырысы. Кез келген жерде бұзылып, мазаңды қашырмайды. Ең бастысы, діттеген жеріңе аман-есен апарады. Биыл 3,5 миллион теңгеге Chevrolet сатып алдым. Жүрісі жақсы, жанармайға эконом, нағыз шаруаның көлігі. Бәріміз қымбат көлік алғымыз келеді. Джип тізгіндеп жүргенге не жетсін?! Бірақ оған әзір шама келмейді. Бәлкім, болашақта қымбат маркалы автомобиль жүргізіп қалармыз.

Автонарық тым қымбат. Жаңа көлік алуға қомақты қаражат керек. Армандап, көздеп жүрген көлікті алу үшін ішпей-жемей 5–10 жыл үздіксіз жұмыс істеу керек. Жүдә болмаса, Корея, Англияға барып 2-3 жыл аянбай қызмет атқару қажет. Сонда ғана табыс еселеніп, ойлаған шаруа оңалады. Мол қаржы да жиналатын сияқты. Әйтпесе, 150–200 мың теңге айлықты отбасыға, жүріп тұруыңа әзер жеткізесің. Мүмкін, ептілер бизнеспен айналысып, көп қаржы табар. Алайда, өзім мұғалім болғандықтан, ондай көп қаржыны жинай алмасым анық. Өз ойым, отандық көлік нарығына субсидия қажет сияқты. Әйтпесе, автонарық қымбаттап, ескі көлік қаптап, халық тозығы жеткен  машинаны айдап әбіргерге түсетін түрі бар. Қазақстанда көлік арзандаса деген ниеттеміз. Ең негізгісі, ерінбей еңбектенген абзал. Сол кезде ғана сынбайтын, жанұяның барыс-келісіне жарайтын, тәуір темір тұлпар бұйырады.

Қалай десек те, көлік алуға ниетті азаматтар шарықтаған баға, утильалым мен алғашқы жарна, шектеулі автонесие секілді кедергілерге тап болып, армандаған темір тұлпарға қол жеткізе алмай отыр. Жол қауіпсіздігі, экология және сапасыз көлік экспорты тағы бар. Бұл ретте қоғамдық көлік сапасын арттыру маңызды. Ертеңгі күні BRT (Bus Rapid Transit), метро, троллейбус желілері кеңейіп, жүйелі де уақытылы жүретін жағдай қалыптасса, азаматтардың жеке көлік ұстауға деген қажеттілігі біртіндеп азаяды. Себебі, көлік ұстау – тек еркіндік емес, салық, айыппұл, техникалық қызмет секілді қосымша шығындармен байланысты. Қалалық көлік жүйесі ыңғайлы, қауіпсіз әрі сенімді болғанда – тұрғындар экологияны ластайтын ескі көліктерден бас тартып, тиімді әрі ұтымды қоғамдық көлікке көшеді. Сонымен бірге, электромотоциклдер мен электрокарлар инфрақұрылымын қалыптастыру, ескі көліктердің елге енуіне шектеу қою – маңызды шаралар қатарында. Осындай кешенді өзгерістер жүзеге асқанда ғана халыққа қолжетімді, сапалы әрі экологиялық таза көлік қолжетімді болады. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
2
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

17:30

16:23

15:55

15:24

14:45

14:04

13:25

13:12

13:03

12:57

12:52

12:41

12:39

12:20

12:12

11:27

10:54

10:15

09:51

09:43

09:33

09:03

23:21

21:42

17:30