Қасиет Әмірханқызы: Жеке коллекциямда 200-ге жуық тәспі бар

Қасиет Әмірханқызы: Жеке коллекциямда 200-ге жуық тәспі бар кейіпкердің жеке мұрағатынан

Адам баласының қабілеті де танымы да шексіз ғой, кейде бір нәрсеге деген жылт еткен қызығушылық өмірлік әуестікке ұласып жатады. Жалпақ жұрт түсінетін тілде хобби деп аталатын жан қалауының да неше түрі бар. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – алматылық Қасиет Әмірханқызы бала күнінен тәспіге қызығады екен, бұл күнде тәспі жинауды сүйікті ісіне айналдырған.

Әкеме берген алғашқы сыйлығым да тәспі еді

«Мен ең алғаш рет тәспіні кішкентай кезімде өзім жатқан бесіктен көрдім. Ол құрма жемісінің дәнінен тізбектеліп жасалған екен. Сосын 8-сынып оқып жүргенде үйдің жанындағы дүкеннен 33 тасты жылтыр түсті тәспіні көріп ұнатып жүретінмін. Бір күні соған ақша жинап, сатып алдым. Әкем көріп ұнатып, «маған бер, қызым берген тәспі деп өзіммен бірге алып жүрейін» деді. Мен әкеме алғаш рет сыйлық ретінде тәспі сыйладым. Ол тәспі әлі де сақтаулы тұр. Кейіннен әлеуметтік желіден тікелей эфир арқылы тәспі сатып отырған түрік азаматын күнделікті қарап бақылап жүрдім. Қарап отырсам, көз қызықтыратын неше түрлі тәспілер бар екен.

Тәспінің материалы, өлшемі, түсі, әшекейлермен безендірілуі, тіпті оның дыбысына қарап та таңдап алуға болады екен. Мысалы, изумруд, хризолит, алтын, күміс сияқты түрлі бағалы заттардан, піл сүйегі, мамонт азуы, түйе сүйегі, өгіз мүйізі, буйвол мүйізі тәрізді жануарлар сүйегінен жасалатын тәспілер де бар. Тәспі жасауға інжу, маржан құсаған теңіз өнімдері, янтарь түрлері, жылан ағашы, сандал, қызыл агар, тик және қара ағаш т.б материалдар да пайдаланылады. Өсімдік тектес: kuka (түрікше атауы), narcil (пальма өсімдігінен), andiz (түрікше атауы) ағашының дәндерінен бастап каталин, бакалит, престелген янтарь, пластмасса сияқты синтетикалық материалға дейін тәспі жасауға қолданылады екен.

Көп қолданылған тәспінің түсі өзгереді

Тікелей эфирден бөлек, түрік сайттары арқылы тәспілер жайлы оқып танысып, видеороликтер көре бастадым. Әлеуметтік желі арқылы алғаш рет Түркиядан тапсырыс беріп, таныстарым арқылы алдыра бастадым. Алғашында 5 тәспі сатып алдым. Күнде тікелей эфир көріп, ұнағанын сатып алып отырдым. Ең алғаш сатып алғандарым өзіме ыстық көрінеді. Олар менің тәспі жинауға деген қызығушылығымды оятты. Қазір арнайы жеке құтыда сақтаулы тұр.

Ұстаның қолымен сирек материалдардан жасалған тәспілер өте қымбат болады, ал шеберханада арнайы аппаратпен жасалатындардың бағасы арзандау. Тәспі Аллаға, пайғамбарға мадақ айту, мойындау, кешірім сұрау мағынасын береді. Тағы бір қызығы – сары, ақ, қызыл, яғни ашық түсті тәспілерді көп қолдансаңыз қою-қызыл, кейді тіпті қара түске өзгереді. Осындай түсін өзгертетін тәспілерді көп кездестіруге болады.

Әлеуметтік желіден тәспіге қызығатын достар таптым

Тәспі өлшеміне, ұстаның жасау шеберлігіне және материалына қарай коллекцияға арналған және күнделікті қолданылатын деп екіге бөлінеді. Менде осы уақытқа дейін шамамен 200-ге жуық тәспі жиналды. Олардың 20-ға жуығы сыйлыққа келген. Тікелей эфирде «Атажұртымыздан көріп отырған қазақ бауырымызға» деп бірнеше адам естелікке тәспі сыйлады. Олардың «шын жүректен сыйлағым келіп тұр» деп құрметтеуі ерекше әсер қалдырды.

Әлемдегі ең үздік тәспі жасаушы (ұста-шеберлер) Түрік мемлекетінде. Ол жақта тәспі саудагерлері мен қолөнершілердің федерациясы бар. Жылда Түркияның әр қаласында тәспі және антиквариант бұйымдар жәрмеңкелері ұйымдастырылып тұрады. Онда өте қымбат тәспілер әкелінеді, бағасы 1300 теңгеден бастап 30 миллион теңгеге дейін сатылатын тәспілер бар. Мен барлық тәспіні Түркиядан алдырамын. Әлеуметтік желі арқылы тәспіге қызығатын, коллекция жинайтын біраз достар таптым. Көбінде сол кісілер таңдауға көмектеседі, өзім бұрын түрі ұнаса болды деп ала беретінмін. Қазір түрік тілінде түсініп, түрікше сөйлесіп, саудаласамын. Басқа саудагерлердің бағасымен салыстырып барып қарап алатын болдым. Өзіме ыңғайлы 6х9 мм, 6х10 мм, 8х10 мм, 8х11 мм, 7х11 мм өлшемдегі және жұмыртқа кесім, төртбұрыш кесім, сопақ кесімді тәспіні көбірек аламын.

Сатпасам да сыйлап тұрамын

Түркиядан тәспілерім келгенде көбісін туысқандарым мен достарыма сыйлыққа бердім. Олар да әдемі тәспілер бар екенін көрсе, әр тәспі аударғанынан сауап жинаса екен деген ниетім болды. Жақында Тиктоктан тәспілерімнің видеосын көріп, Астанадан Рүстем деген аға хабарласып, тәспі сатшы немесе сыйлыққа бере аласың ба, есіміңді тәспі аударғанда дұғама қосып жүремін деді. Ертесіне ұнатқан тәспісін пошта арқылы салып жібердім. Басқа да мешітке баратын достарыма «мешітке келген кісілерге таратып беріңдер» деп те тәспі берген кезім бар.

Әртүрлі материалдан жасалған 33-тік, 99-дық, тіпті 500, 1000 тастан жасалған тәспілер де бар. Тәспіні саусақ арқылы аудару миды тыныштандырады, адамның ойын жақсы жаққа бұрады. Тез сабырға келуге көмектеседі. Менің арнайы жасатқан 500-дік kuka (түрікше атауы) тәспім бар. Оның өзіндік ерекшелігі антибактериалды материалдан жасалған. Тәспіні көбінде үйде аударамын, сыртқа шыққанда көп көрсетпеймін. Қыз баласының көшеде тәспі ұстап жүргені ерсі көрінетіндей болады. Кейде біреулер қызығып сұрайтындар да бар.

Қазақстанда мүлде кездеспейтін тәспілер болғандықтан әлеуметтік желіден коллекциядағы тәспіні сатуымды сұрайтындар да өте көп. Жеке коллекция болғандықтан бәрін сатуға қимаймын. Түріктерде солай екен, «менің коллекциям сатылмайды» деп жазып қояды. Бірақ ақшадан қысылғанда сатады, бір жағы кішкене болса да болашаққа жасалған инвестиция деп жинайтындар бар. Тәспіні ұрпағына мұра ретінде қалдыратындар да бар екен.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

12:16

12:11

12:06

11:58

11:50

11:44

11:32

11:30

11:21

11:08

10:57

10:33

10:15

10:10

10:02

09:50

09:42

09:35

09:33

09:12

09:06

08:58

08:56

20:12

19:43