Балалардың күзгі демалысын қызық әрі пайдалы өткізудің 8 идеясы

Балалардың күзгі демалысын қызық әрі пайдалы өткізудің 8 идеясы Сурет: freepik.com

Бүгін – бірінші тоқсанның соңғы оқу күні. Ертеңнен бастап оқушылар күзгі демалысқа кіріседі. Күзгі демалыс - бала үшін тынығып қана қоймай, жаңа әсерлерге, пайдалы істерге, шабыт пен шығармашылыққа толы ерекше кезең. Егер демалысты дұрыс ұйымдастырсаңыз, ол мектептен үзіліс емес, баланың дамуына мүмкіндік беретін уақытқа айналады.

Aqshamnews.kz  редакциясы күзгі демалысты мәнді өткізуге арналған 8 тиімді идеяны ұсынады. 

1. Білімді толықтыру

Бірінші тоқсан қорытындысы бойынша нәтиже сіз күткендей сәтті болмады ма? Онда демалыс күндерін білімдегі кем-кетікті жоюға арнауға болады. Репетитормен сабақ өту, қысқа курсқа жазылу немесе баламен бірге оқулықтағы тақырыптарды қайталаудың бәрі пайдалы болмақ. Ең бастысы - дұрыс мотивация табу. Кейде сабақ үлгерімінің төмендеу себебі білімнің емес, психологиялық кедергінің салдарынан болуы мүмкін.Бала маңызды тақырыпты өткізіп алған, өзіне сенімсіздік пайда болған немесе мұғаліммен түсініспеушілік туындаған болуы ықтимал.

Мұндай жағдайда ата-ананың қолдауы, сабырмен түсіндіруі және қажет болса, балалар психологының көмегі артық етпейді.

Сурет: profi.ru

2.Денсаулықты қолға алу

Күздің суық, желді күндері иммунитетті әлсіретеді. Сондықтан демалыс – ағзаны күшейтудің таптырмас уақыты. Балаңызбен бірге дәрумен қабылдау, сергітетін массажға жазылу, дәрігерге тексерілу, физиотерапия курсын өту, стоматологқа бару - бәрі маңызды. Күн тәртібін реттеп, таза ауада серуендеңіз. Осылайша бала кішкентайынан өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға үйренеді.

Сурет: Cerecon.ru

3.Кітап оқу әдетін қалыптастыру

Қызықты ертегілер, фэнтези, детективтер мен шытырман оқиғалы шығармалар - бала қиялын дамытатын ең жақсы құрал. Кітап оқу баланың ой-өрісін кеңейтеді, есте сақтау қабілетін арттырады, тіл байлығын дамытады.
Кітапты бірге оқып, рөлмен бөлісіп оқу немесе оқыған шығарма жайлы пікір бөлісу де қызық. Үй кітапханасын реттеп, жаңа кітаптар іздеңіз немесе жақын маңдағы кітап жәрмеңкесіне барыңыз. Мақсат - оқуды қызықты тәжірибеге айналдыру.

Сурет:  Kazgazeta.kz

4.Сапарға шығу

Күзгі демалыс уақыты ұзақ емес. Сондықтан алыс сапарға шыға қою екіталай. Бірақ қысқа экскурсиялар мен серуендерді кез келген сәтте ұйымдастыруға болады.

Музейлер, көрмелер, тарихи ғимараттар, табиғи ескерткіштер, қаланы аралау - осының бәрі жаңа әсер сыйлайды.
Балаңыз өз қаласының тарихын танып, жаңа ортада өзін еркін сезінуді үйренеді. Мұндай тәжірибе дүниетанымды кеңейтеді, шабыт сыйлайды.

Сурет: arnapress.kz

5.Пайдалы іс жасау

Мысалы, өзіңіз тұратын жерде қыстайтын құстарға қамқорлық көрсетіңіз. Демалыста оқушы балаңызбен бірге ұсақ жұмыстармен айналысып, құстарға арналған жем салғыш жасауға болады. Қыста бала сол жерге жем салып, құстарды бақылап жүрсе, ол табиғатқа сүйіспеншілік пен жауапкершілік сезімін қалыптастырады.

Сурет: donhoztorg.ru

6.Жаңа нәрсе байқап көру

Демалыс кезінде түрлі үйірмелер мен секциялар тәжірибе жүзіндегі сынақ сабақтарын өткізеді. Бұл - жаңа хобби табудың тамаша мүмкіндігі.
Бала каратэмен айналыса ма? Онда би сабағын байқап көрсін. Немесе сурет салу, қолданбалы өнер бойынша шеберлік сабағына қатысып, бағын сынап көруге болады.

Мақсат - өзін басқа қырынан тану және жаңа қабілеттерді ашу.

Сурет: vpechatleniya.ru

7.Көңіл көтеру

Күзгі демалыс - ойын мен қызықты уақыт өткізу шағы. Циркке, театрға, киноға бару - классика. Ал егер ерекше әсер қалдырғыңыз келсе, квестке қатысыңыз, лазертаг немесе батут орталығына барыңыз.
Ең бастысы - бірге уақыт өткізу және баланың қуанышын бөлісу.

Сурет: novoetv.kz

8.Жай демалу және отбасы жылуын сезіну

Кейде ештеңе істемеудің өзі ең жақсы демалыс. Балаңызды ата-әжесіне жіберіңіз немесе достарын үйге шақырыңыз.
Үйде бірге тәтті тоқаш пісіріп, бірге шай ішіп, ескі альбомдарды ақтарсаңыздар болады. Әңгімелесіп, бірге күліп, тіпті кеш ұйықтауға бір рет болсын рұқсат беріңіз. Мұндай сәттер өмір бойы естен кетпесі анық.

Сурет: vkusno-doma.com

Алдын ала жоспарналып, ойластырылған демалыс баланың есінде қалатынын сөзсіз. Сондықтан оны пайдалы, қызықты және көңілді етуге тырысу керек. Шығармашылықпен ойлап, белсенді әрекет етіңіз - сонда қысқа демалыстың өзі  балаға қуаныш, шабыт және жаңа күш сыйлайды.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

19:53

19:26

17:38

17:17

16:57

16:39

16:23

16:21

16:13

16:12

16:00

15:44

15:30

15:15

15:06

14:52

14:30

14:15

14:06

14:00

13:55

12:16

12:11

12:06

11:58