Қаржылық сауаттылық – болашақты айқындайтын маңызды фактор

Қаржылық сауаттылық –  болашақты  айқындайтын  маңызды фактор Сурет: автор

Мемлекет басшысы Астана халықаралық форумында «Біздің мақсатымыз айқын – барынша әртараптандырылған, инклюзивті және келешекке бағдарланған экономика құру. Экономикалық өсім орнықты болумен қатар, оның игілігі әр азаматқа әділ бөлінуге тиіс» деп еліміздің дамуының басты  бағдарын айқындап берді.  Дүние жүзіндегі саяси-экономикалық ахуалды жан-жақты бағамдап, ұлт мүддесін пайымдап, келешекке нық қадам басып, жаңа әрі әділ қоғам орнату – баршамыз үшін Отан алдындағы перзенттік парыз. Осы орайда ел экономикасының даму бағдары, жаңа тың тетіктер, ел табысын еселеу жайында белгілі экономист Бексұлтан ЫСҚАҚОВТЫ әңгімеге тартып,  маманның аналитикалық талдауларын зерделеп көрген едік.

Игі бастамаларға жол ашық 

Үкіметтің биылғы алты айдағы  еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын қорытындылаған  отырысындағы деректермен бастан-аяқ мұқият танысып шықтым. Талай игі бастамалар қолға алыныпты. Биыл ел экономикасының өсімі 6,2%-ға жетіп, бұл – кейінгі 13 жылдағы рекордтық көрсеткіш ретінде бағаланыпты. Жан басына шаққандағы ЖІӨ 14 мың доллардан асып, Қазақстан орта табысты елдердің жоғарғы сатысына көтеріліпті. Иә, атаулы табыс артты деуге болады. Десе де, мұнымен тоқтап қалуға болмайды. Дүниежүзілік банктің зерттеуі бойынша, қазақстандықтар өз табысының 53%-ын азық-түлікке жұмсайды.

Бұл – өте үлкен көрсеткіш. Экономикада белгілі бір заңдылық бар, ол – Энгель заңы. Аталмыш заң бойынша, табысы артқан халық азық-түлікке аз жұмсауы керек, сонда тұрмысы жеңілдейді. Қалай да инфляцияны тежеу керек. Нәтижесінде халықтың нақты табысын арттыруға болады. Инфляция әлі де  ырыққа көнбей тұр. Ең басты фактор – тарифтердің қымбаттауы. Электр, жылу, су тарифтері өсті, бұл автоматты түрде наубайхана, дүкен, өндіріс орындарының өнім бағасына әсер етеді. Яғни инфляция – жүйелі, тізбекті үдеріс. ҚҚС мөлшерлемесі 16%-ға дейін көтерілмек. Бұл нарықтағы барлық өнім мен қызметтің бағасына тікелей әсер етеді. Кәсіпкерлер тәуекелді алдын ала есептеп, қазірдің өзінде бағаларын көтеріп жатыр. Бұл – инфляцияны одан әрі үдететін фактор. Девальвацияға жол бермеу керек. 

Әртараптандырылған экономика – стратегиялық қажеттілік 

Бүгінде әлемдегі тұрақты дамып жатқан мемлекеттердің барлығына тән ортақ сипат – әртараптандырылған, яғни бір ғана салаға емес, түрлі секторларға сүйенетін экономика. Әлемдегі геосаяси шиеленістер, сауда соғыстары, халықаралық нарықтағы тұрақсыздық – бәрі де шикізат бағасына қатты әсер етуде. Әсіресе, мұнай бағасының құбылуы бізге әсерін береді. Қазақстан өз мүмкіндіктерін ескере отырып, мына жаңа бағыттарға ерекше назар аударғаны жөн.

Біріншіден –  логистика мен транзит. Еліміз Еуропа мен Азияның тоғысқан жерінде орналасқан. Бұл географиялық артықшылықты пайдаланып, ірі көлік-логистикалық хабқа айналуымыз керек. Қытай мен Еуропа арасындағы жүк ағынын Қазақстан арқылы өткізу – табысты бизнес.

 Екіншіден – агроөнеркәсіп және мал шаруашылығы. Біздің жеріміз кең, табиғи әлеуетіміз жоғары. Азық-түлік өнімдерін өзіміз өндіріп, ішкі нарықты қамтамасыз етумен қатар, экспортқа да бағыттау қажет. Бұл – ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Егер мемлекет өз халқын азықпен қамтамасыз ете алмаса, бұл стратегиялық қауіп төндіреді.

Үшіншіден – қайта өңдеу және жеңіл өнеркәсіп. Шикізатты сыртқа арзанға сатып, қайта өңделген тауарды қымбатқа сатып алатын жүйеден арылуымыз керек. Өзімізде қайта өңдеу зауыттарын дамыту – қосылған құн мен жұмыс орындарын арттырады.

Төртіншіден – туризм. Әлемде табиғаты мен тарихы Қазақстандай бай елдер аз. Туризм – тек қаржы көзі емес, сонымен қатар елдің халықаралық беделін арттыратын құрал. Бұл салада да жүйелі жұмыс пен нақты нәтиже керек.

Әртараптандыру – бір-екі жылдың шаруасы емес. Бұл ұзақ мерзімді, кезең-кезеңмен жүретін күрделі процесс. Ғарышты игеру, жаңа технология ойлап табу – әрине, болашақтың ісі. Бірақ бүгінгі нақты, шынайы қадам – ауыл шаруашылығын, тамақ өнеркәсібін, логистика мен жеңіл өндірісті қолға алу. Осындай салалар арқылы біз экономикамыздың иммунитетін көтере аламыз.

Инфляцияны төмендету маңызды

Дамыған елдердің экономикасы тұрақты, халықтың табысы жоғары, инфляция деңгейі өте төмен. Ал бізде қазіргі кезде инфляция деңгейі жоғары күйінде қалып отыр. Осы себепті Ұлттық банк базалық сыйақы мөлшерлемесін 16,5% деңгейінде бекітті. Бұл – еліміздегі ақша құнының негізгі бағдары. Осы мөлшерлемеден төмен пайызбен несие беру екінші деңгейлі банктер үшін тиімсіз, тіпті мүмкін емес. Себебі, олардың бизнес-моделі осы несиеден түсетін табысқа негізделген. Қысқасы, банктер арзан ақшамен жұмыс істеп жатқан жоқ. Жыл соңына дейін базалық мөлшерлеме тағы да көтерілуі мүмкін, оған да таңғалуға болмайды. Себебі, инфляцияны тежеу әлі де қиын болып тұр. Жақында ғана Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ипотекалық пайызды 25%-дан 20%-ға түсіру жөнінде мәселе көтерген еді. Алайда, бұл бастама да қараша айына дейін уақытша тоқтатылып қойылды. Өйткені, банктер үшін бұл – тәуекелі жоғары шешім.

Төмен пайызбен несие беру Қазақстанда мүмкін, бірақ ол үшін белгілі бір алғышарттар орындалуы тиіс. Ең алдымен инфляцияны төмендету қажет. Халықтың табысы өсіп, отандық өндіріс жолға қойылуы керек. Сол кезде ғана экономикамыз әртараптанып, несие жүйесі тұрақты әрі қолжетімді бола бастайды.

Теңгені әлемдік валюта  деңгейіне көтеруге бола ма? 

Теориялық тұрғыдан алғанда, теңгені де доллар немесе еуро сияқты әлемдік валюта деңгейіне дейін көтеруге болады. Себебі, кез келген ұлттық валюта – егер артында қуатты экономика, тұрақты қаржы жүйесі және халықаралық сенім болса – уақыт өте келе әлемдік айналымға ене алады. Бірақ реалды жағдайға келсек, өкінішке қарай, қазіргі таңда бұл өте алыс перспектива, әрі оған жету үшін ұзақ жылдар мен жүйелі реформа қажет. Неге десеңіз, Қазақстанның қазіргі жаһандық экономикадағы орны өте шағын. Мәселен, 2024 жылғы мәлімет бойынша, еліміздің жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) шамамен, 270 млрд. АҚШ долларын құрады. Ал сол жылы бүкіл әлемнің ЖІӨ шамамен, 105 трлн. долларды құрады (Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банктің деректеріне сәйкес). Яғни Қазақстанның әлемдік экономикадағы үлесі небәрі 0,2%, тіпті 1 пайызға да жетпейді.

Міне, осы жағдайды ескерсек, бүгінгі таңда теңгені әлемдік резервтік валюта немесе кең таралған халықаралық төлем құралына айналдыру – тым алыс мақсат. Экономиканы әртараптандыру, яғни тек мұнай-газ емес, ауыл шаруашылығы, өндіріс, логистика, ІТ сияқты басқа салаларды дамытайық.

Қазіргі жағдайда біз үшін ең маңыздысы – ұлттық валютамыздың ішкі тұрақтылығына қол жеткізу. Теңгенің құнсыздануын тежеу, халықтың оған деген сенімін сақтау – үлкен жетістік болар еді. Төл валютаны нығайтудың нақты жолдары бар. Әуелі инфляцияны төмендету керек. Сыртқы саудада теңгені пайдалану, әсіресе, Орта Азия елдерімен өзара саудада теңгемен есеп айырысуға көшейік. Егер Қазақстан көрші мемлекеттермен – Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және т.б. елдермен теңгемен сауда жүргізуді жолға қойса, онда теңге аймақтық валюта ретінде белгілі бір деңгейде беделге ие болар еді. Бұл – әлемдік валюта болуға жасалатын алғашқы нақты қадамдардың бірі.

Қаржылық сауаттылық

Халықтың қаржылық сауаттылығы – тек жеке адамның ғана емес, тұтас елдің экономикалық қауіпсіздігінің маңызды бөлігі. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, еліміздегі қаржылық сауаттылық индексі небәрі 40-41% шамасында. Бұл дегеніміз – азаматтарымыздың 60%-ға жуығы қаржылық білім мен дағдыдан мақұрым деген сөз. Соның салдарынан қаншама адамдар қаржылық пирамидалардың, онлайн алаяқтардың құрбаны болуда. Ең қарапайым мысал – тұтынушылық несиеге бату, импульсивті (ойланбай жасалған) сатып алулар, эмоциямен шешім қабылдау секілді қаржылық қателіктер.

Бізде, ашығын айтқанда, тұтынушылық мәдениеті қалыптасқан. Қазір әлеуметтік желілер арқылы «жылтырағанның бәрі алтын» деген ұранмен шалқыған өмірді көрсету сәнге айналды. Оны көрген адам да сондай болғысы келеді – бірақ бұл ұмтылыс сау ақылмен емес, асығыс әрі жоспарсыз әрекетпен жасалып жатады.

Екінші бір маңызды себеп – табыстың төмендігі. Қазіргі таңда 1,5 миллионға жуық адам елімізде ең төменгі жалақы – 85 000 теңгемен күн көріп отыр. Ондай табыс алатын азаматқа «ақшаңды жина», «инвестиция сал» немесе «қаржылық сауатты бол» деп айту – шынайылықтан алшақ.

Экономистердің есептеуінше, инфляцияны ескерсек, ең төменгі жалақы кем дегенде 150 мың теңге болуы тиіс. Бұл деректің өзі жағдайдың қаншалықты күрделі екенін көрсетіп отыр. Сондықтан қаржылық сауаттылықты арттыру үшін жүйелі әрі нақты шаралар қажет. 

Қаржылық білім мектеп бағдарламасына міндетті пән ретінде енгізілуі керек. Баланы жастайынан ақшаға деген дұрыс көзқарасқа тәрбиелеу – ұзақ мерзімді нәтиже береді. Ата-аналар да қаржылық мәдениетті үйде тәрбиелеуі тиіс. Бұны тек мұғалімге немесе мемлекетке артып қою жеткіліксіз. Мемлекеттік деңгейде ұлттық стратегиялық бағдарлама қабылдануы тиіс.

Қаржылық сауаттылықты тек бір реттік науқан ретінде емес, үздіксіз ақпараттық-ағартушылық жұмыс ретінде қарау керек. Бұл тақырып теледидардан бастап TikTok-қа дейінгі барлық медиада кең насихатталуы тиіс. Қарапайым тілмен, мысал арқылы, шынайы оқиғалар негізінде түсіндіру маңызды.

Жапония немесе Скандинавия елдеріндегідей, қаржылық мәдениетті өмірлік философия деңгейіне жеткізуіміз керек. Ол үшін кішкентай жастан бастап «ақша – мақсат емес, құрал» деген ұстанымды сіңірген жөн.

Қаржылық сауаттылық – бүгінгі емес, болашақ ұрпақтың ертеңін айқындайтын аса маңызды фактор. Сондықтан бұл мәселе жай ғана білім беру емес, ұлттық қауіпсіздік пен әлеуметтік тұрақтылықтың бір бөлігі ретінде қаралуы тиіс.

Алматының ел экономикасындағы  үлесі зор

Алматы қаласы – еліміздің экономикалық және қаржылық астанасы деп бекер аталмайды. Себебі, ресми мәліметтер бойынша, Алматы Қазақстан ЖІӨ-нің шамамен, 5/1 бөлігін, яки 20-21% аралығын қамтамасыз етіп отыр. Бұл – бір ғана қаланың ел экономикасындағы орасан үлесін көрсететін нақты дерек. Алматының мұндай көрсеткішке жетуінің бірнеше себебі бар. Халық тығыз орналасқан – елдің түкпір-түкпірінен адамдар Алматыға көшіп келуде. Урбанизация деңгейі жоғары – инфрақұрылым, көлік, байланыс, тұрғын үй құрылысы жақсы дамыған. Қызмет көрсету секторы қарқынды – халық көп болған соң, сұраныс та жоғары. Бұл – бизнес пен кәсіпкерліктің дамуына серпін береді. Қаржы ұйымдары – еліміздегі ірі банктер, сақтандыру компаниялары, инвестициялық қорлар Алматыда шоғырланған. Сауда-саттық пен салық түсімі жоғары – Алматы қаласы республикалық бюджетке де көп қаражат түсіріп отыр. 

Алматы – негізінен сауда, қызмет көрсету және қаржы саласына бейімделген мегаполис. Ал өнеркәсіптік, өндірістік әлеуеті аса жоғары емес. Есесіне басқа өңірлер – мысалы, ШҚО, Қарағанды, Павлодар – өнеркәсіпке икемді, бірақ олардан халықтың жаппай кетуі байқалады. Бұл үрдіс бірнеше мәселені туындатады. Басқа қалалар инфрақұрылымдық, әлеуметтік жағынан артта қалып қоюы мүмкін. Кадр тапшылығы байқалады – жастар мен білікті мамандар Алматы, Астана секілді қалаларға кетіп жатыр. Инвестиция көбіне тек дамыған аймақтарға бағытталады, бұл өз кезегінде теңсіздікті тереңдетеді. Ал мемлекет саясатының басты мақсаты – тек Алматыны ғана емес, өңірлерді де дамытып, теңгерімді экономикалық өсуге қол жеткізу. Себебі, миллион тұрғыны бар қалалар саны артқан сайын – қаржы қазынаға көбірек түсіп, жұмыс орындары ашылып, ішкі миграция теңеліп, аймақтық тұрақтылық артады. Сондықтан ұзақ мерзімді даму стратегиясында өңірлер арасындағы алшақтықты азайту, тең мүмкіндіктер жасау – басты назарда болуы қажет. Алматы – локомотив қала, бірақ ол жалғыз өзі бүкіл елді алға сүйрей алмайды. Ел дамуы үшін өңірлік қуатты орталықтардың әрқайсысы өзінше өркендеуі тиіс. Бағаны реттеп, өндіріс орындарын ашып, қазба байлыққа сеніп отыра бермей, зауыт пен фабрикалар ашу қажет. Сонда ғана нарықта отандық өнімнің үлесі артып, инфлияция төмендейді, халықтың табысы артады. Әртараптанған қуатты экономика, елді мықты державаға айналдырады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

17:30

16:23

15:55

15:24

14:45

14:04

13:25

13:12

13:03

12:57

12:52

12:41

12:39

12:20

12:12

11:27

10:54

10:15

09:51

09:43

09:33

09:03

23:21

21:42

17:30