Тыныштық. Жайлылық. Ерекше атмосфера. Кітап оқуға арналған ең қолайлы жағдай дәл осындай. Үйде немесе кез келген ортада мұндай жағдай жасау мүмкін шығар, бірақ ол ерекше әлемге жетелейтін, сөрелері түрлі кітаптарға толы кітапханаға жетпейді.

Сурет: yandex.kz
Кітапсүйер ізденімпаз жандар үшін кітапхана - нағыз рухани демалыс орны. Мұнда бәрі тегін: білім де, шабыт та. Ал осы әлемге жан бітіріп тұрған тұлғалар - кітапханашылар. Бұл тақырыпты қозғауымыз тегін емес. Себебі бүгін - Кітапханашылар күні. Осы кәсібін өмірлік миссиясына айналдырған жандардың бірі - Қуаныш Разаққызы Исабекова. Кітапхана саласында 40 жылдан астам уақыт жемісті еңбек етіп келе жатқан жанды Aqshamnews.kz тілшісі әңгімеге тартып көрді.

Қуаныш Разаққызы еңбек жолын 1988 жылы Мәдениет үйіндегі ауыл кітапханашысы болып бастаған. Кейін кітапхана меңгерушісі қызметін атқарып, 1992 жылы Алматыға қоныс аударған соң, қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің №36 жасөспірімдер кітапханасында еңбек еткен. Сегіз жылдан бері Алматы қаласындағы №33 балалар кітапханасын меңгерушісі қызметіндегі ол бұған дейін №29 балалар кітапханасын 10 жыл басқарған.
Өз ісіне адал маманның еңбегі де ескерусіз емес, 2022 жылы ол "Мәдениет саласының үздігі" атанса, өткен жылы "Құрмет" орденімен марапатталды.

Осы күні Қуаныш ханым жетекшілік етіп отырған кітапханаға күнделікті 60-70 оқырман келеді. Негізінен мектеп оқушылары мен студенттер жиі бас сұғады екен. Кітап қоры жыл сайын 1500-2000 жаңа кітаппен толықтырылады, қазір мұндағы кітап саны 19 мыңға жуықтап қалған.
Кітапхана оқырманға кітап тауып берумен ғана шектелмейді. Мұнда балаларға арналған түрлі мәдени-танымдық шаралар, кітапхана саяхаттары, әдеби кездесулер тұрақты түрде ұйымдастырылады.

"Балалардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру - біздің басты міндетіміз. Мектептермен ынтымақтастық орнатып, оқушыларды кітап әлемімен таныстырамыз. Қазіргі балаларды заманауи авторлар да қызықтырады, сондықтан сұранысқа сай жаңа кітаптарды іздеп, электрон нұсқаларын да ұсынуға тырысамыз", - дейді Қуаныш Исабекова.
Кітапханашы еңбегі - мәдени миссия
Көпшілік кітапханашы тек қажетті кітапты оқырманға тауып беріп, оны формулярға жазып, уақыты келгенде қайтарып алып қана отыратын адам деп ойлайды. Бірақ іс жүзінде бұл - үлкен мәдени-ағартушылық жұмыс.

Қуаныш Исабекованың айтуынша, кітапханашылар әлемдік ондық жіктеу жүйесі бойынша кітаптарды реттеп, ескірген басылымдарды есептен шығару, оқырман сұранысын зерттеу, электрон каталогтармен және анықтамалық базалармен жұмыс істеу сияқты көп қырлы міндеттерді атқарады.
Бір кездері мардымсыз жалақыға да жұмыс істеп келген кітапханашылардың еңбегі кейінгі жылдары лайықты бағалана бастағаны айтылып жүр. Мұны өздері де растап отыр:
"Жалақымыз көтеріліп, жақсарып келеді, мемлекет қолдау көрсетіп отыр. Жастардың да кітапхана саласына қызығушылығы артып келеді. Жас буынның бұл салаға бет бұруы - қуантатын жағдай", - дейді ол.
Қуаныш Разаққызы жетекшілік етіп отырған №33 кітапхана нағыз рухани мекен деуге болар. Мұнда кітап та, интернет те тегін. Тек оқуға ниет болса, болғаны.
Қуаныш Исабекова сияқты жанкешті мамандардың еңбегі арқасында бұл орын тек кітап сөрелері емес, білім мен мәдениеттің, ұлт руханиятының жүрегіне айналып отыр.
Қазір Алматы кітапханалары жаңа дәуірге біршама бейімделген. Электрон жүйелер - "Library Almaty", "МegaPro" бағдарламалары арқылы жұмыс істейді.
Алматы Кітапханалары баспасөз қызметінің берген ақпаратына сай, қалада 24 автоном кітап беру аппараты орнатылған, олар ай сайын 300 жаңа оқырманды тіркейді және 420 кітапқа дейін береді.
Алматы Кітапханалары 28 заманауи кітапхана-бөлімшесін біріктіріп отыр, олардың 97%-ы жаңғыртылған. Жалпы кітап қоры 1,5 миллионнан асады. Ал арнайы қажеттіліктері бар жандар үшін 7 бөлімшеде Брайль қарпімен және дыбыстық интерфейспен жабдықталған бөлімдер жұмыс істейді.

Қозғалысы шектеулі азаматтарға арналған үйге тегін кітап жеткізу қызметі де бар.
Алматы кітапханаларында осы күні 471 маман еңбек етеді. Олардың 30-дан астамы Германия, Швейцария, Финляндия, Корея, Эстония, Швеция елдерінде кәсіби біліктілігін арттырған.
Қуаныш Исабекова сияқты тәжірибелі мамандардың еңбегі арқасында кітапхана жай ғана сөрелер емес, руханият пен мәдениеттің ордасына айналған. Тыныштық пен таусылмас қазына - білім ордасының көрінбейтін кейіпкерлері - кітапханашылар күні құтты болсын!