Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармонияда  Республика күніне арналған салтанатты жиын мен мерекелік концерт өтті

  • 15:15, 24 қазан 2025
Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармонияда  Республика күніне арналған салтанатты жиын мен мерекелік концерт өтті Aqshamnews.kz

Медеу ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен іс-шараға аудан тұрғындары, қоғам белсенділері, мәдениет, ғылым, білім, денсаулық сақтау және өзге де салалардың өкілдері қатысты. Мақсат – ұлттық мерекенің мәнін ұлықтау, азаматтардың патриоттық сезімін арттыру және ел игілігі үшін елеулі еңбек етіп жүрген тұлғаларды құрметтеу.

Салтанатты кеш республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты «Әл-қисса» домбыра студиясы шәкірттерінің халық күйлерін орындауымен ашылды.  Одан кейін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы мен Әнұранының орындалды.  

Көрермендер алдында сөз сөйлеген Медеу ауданы әкімінің орынбасары Айдос Нұрлыбаев жиналған жұртшылықты мерекемен құттықтап, бұл күн әрбір қазақстандық үшін маңызды әрі тарихи дата екенін атап өтті.

Кеш барысында ҚР Президентінің 2025 жылғы 25 қыркүйектегі №1005 Жарлығына сәйкес көпбалалы аналарға мемлекеттік наградалар табысталды. Үш ана «Алтын алқа» иегері атанса, сегіз жас анаға «Күміс алқа» төсбелгісі берілді. Мереке аясында сондай-ақ Алматы қаласының және Медеу ауданының дамуына айрықша үлес қосқан азаматтарға қала әкімі Дархан Сатыбалдының және аудан әкімінің атынан Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары табысталды. 

Одан кейін мерекелік кеш «Арғымақ» тобы, «ASU» халықаралық би ансамблі, Jiger & Janat дуэті, Парвиз Назаров, «Алтынай» кәсіби би ұжымы, Жанар Айжанова және аты аңызға айналған «Дос-Мұқасан» ансамблі өнерлерін тамашалаумен жалғасты. Кеш соңында барша әртістер ел жүрегінен орын алған «Атамекен» әнін бірге орындап, көрермендерге ерекше рух пен көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. 

Айдос НҰРЛЫБАЕВ, Медеу ауданы әкімінің орынбасары:

Республика күніне арналған мерекелік іс-шараны аудан тұрғындары мен қала қонақтарына арнап ұйымдастырып отырмыз. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, еліміздің демографиясына үлес қосып жүрген алтын және күміс алқа иегерлерін арнайы құттықтадық. Біздің ауданда 3000-ға жуық көп балалы отбасы бар. Олардың қатары жыл сайын артып келеді. Бұл – қуанышты жағдай. Сондай-ақ, әлеуметтік және өзге де салаларда еңбегі сіңген тұрғындарға қала және аудан әкімінің атынан алғыс хаттар табысталды. Бұдан әрі мерекелік концерттік бағдарлама жалғасып, тұрғындарға тамаша көңіл-күй сыйлаймын. Баршаңызға мереке құтты болсын!

«Алтын алқа» иегері Ирина Павлова сегізінші сәбиін күтіп жүргенін айта келіп, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан барлық жақсылықтарға ризамыз дейді.  

Менің жеті балам бар. 8-ші сәбиімізді күтіп жүрміз. Үлкен қызым 12 жаста, кенжем төртте. Төрт қызым және үш ұлым бар. Бұрын мейірбике мамандығын меңгергенмін, қазір балаларды тәрбиелеумен айналысамын. Осындай марапат алу – мен үшін үлкен бақыт. Мемлекет тарапынан көрсетілген құрметке шын жүректен алғыс айтамын.

«Күміс алқа» иегері атанған алты ұлдың анасы Назира Даркенбаева да өз қуанышын білдіріп былай деді:

Бүгінгі мерекелік шараға жұбайым мен кенже баламмен бірге келдік. Барша қазақстандықтарды Республика күнімен шын жүректен құттықтаймыз! Отбасымызда алты ұл өсіп келеді. Үлкеніміз 15 жаста, кенжемізге бір жылдан сәл асты. Енді бір қызымыз болса деген арманымыз бар, – дейді Назира мен оның жұбайы Дастан Ханжазов. 

«Күміс алқаны» мойнына таққан Құралай Шамахсутова сахна төріне шығып, ерекше құрметке бөленгенін айтып, алғыс айтты:

Алты баланың анасымын. Бүгін осындай ерекше құрметке ие болғаныма өте қуаныштымын. Бес қызым және бір ұлым бар. Жолдасым автобус паркінде жұмыс істейді. Мамандығым – бухгалтер-аудитор. Балаларымның үлкені 12 жаста, кішісі – бір жарымда. Осындай марапат біз үшін үлкен жігер береді. Еліміздің мерекесі құтты болсын! – деді жас ана.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

17:38

17:17

16:57

16:39

16:23

16:21

16:13

16:12

16:00

15:44

15:30

15:15

15:06

14:52

14:30

14:15

14:06

14:00

13:55

12:16

12:11

12:06

11:58

11:50

11:44