25 қазан – Қазақстанның жаңа тарихындағы маңызды күндердің бірі. Дәл осы күні, 1990 жылы, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі елдің саяси және экономикалық дербестігін айқындаған Мемлекеттік егемендік туралы декларацияны қабылдады. Бұл құжат Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуындағы алғашқы тарихи қадам болды. Бүгінде бұл күн Республика күні ретінде атап өтіледі және елдің егемендігі мен бірлігінің символына айналды.
Алматы қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз конференциясында ғалымдар, саясаттанушылар және азаматтық қоғам өкілдері осы тарихи күннің маңызын және оның қазақстандықтар үшін мәнін талқылады.
"1990 жылғы 25 қазанда қабылданған Егемендік декларациясы – Қазақстанның тәуелсіздікке бет алған жолындағы шешуші кезең болды. Құжат азаматтық қоғам мен түрлі этностар өкілдері қатысқан кең талқылаудан кейін қабылданды. Бұл – ел тарихындағы саяси дербестікті және басқа республикалармен тең қатынасты бекіткен алғашқы құқықтық акт", – деді Алматы қаласы Азаматтық альянсының төрағасы Қайыржан Абдыхалықов.
Декларация қабылданар алдында елдің демократиялық тарихындағы бірқатар маңызды оқиғалар орын алды. 1989 жылдың ақпанында Қазақстанда алғашқы үкіметтік емес ұйым – "Невада - Семей" антиядролық қозғалысы құрылып, халықты Семей полигонын жабу жолындағы күресте біріктірді. Сол жылдың қыркүйегінде "Тіл туралы" Заң қабылданып, қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе берілді. Бұл қадамдар кейінірек Егемендік декларациясының және 1991 жылғы Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Конституциялық заңның қабылдануына түрткі болды.
"Декларация Қазақстан мемлекетінің негізін бекітті. Ол – мемлекеттің унитарлы құрылымы, аумақтық тұтастық пен ұлттық мәдениет, сонымен қатар мемлекеттік тілдің, этностар тілдерінің дамуына жағдай жасау", – деп атап өтті ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты Философия, саясаттану және дінтану институтының директоры Айгүл Садуақасова.
Алғашқы жылдары 25 қазан Егемендік күні ретінде аталып өтсе, 2022 жылдан бастап Мемлекет басшысының бастамасымен бұл күн Республика күні мәртебесіне ие болды. Сарапшылардың пікірінше, жаңа атау мерекенің мазмұнын тереңірек ашады, өйткені республика ұғымы – шынайы егемендікпен тығыз байланысты. Осылайша, Республика күні – қазақстандық мемлекеттіліктің, тәуелсіздік пен тарихи сабақтастықтың нышанына айналды.
Мереке тек тәуелсіздік тарихын еске салу ғана емес, сонымен бірге азаматтардың мемлекетке, заңға және тарихқа деген құрмет сезімін қалыптастырады. Республика күні – адалдық, заңға бағыну, этносаралық және конфессияаралық келісім құндылықтарын дәріптейтін күн.
Қоғам қайраткерлерінің пікірінше, бұл мереке жас ұрпақты тәрбиелеудің маңызды бөлігіне айналуы тиіс. Егемендік тарихы мен 25 қазанның мәнін балалар мен жастарға балабақшадан бастап жоғары оқу орындарына дейін түсіндіру қажет.
"Қазіргі геосаяси тұрақсыздық жағдайында мемлекеттік егемендіктің мәні ерекше артып отыр. Егемендік – біздің тұрақтылық пен қауіпсіздігіміздің кепілі. Ол Қазақстанға сыртқы сын-қатерлер жағдайында өз саясатын дербес жүргізуге мүмкіндік береді", – деді саясаттанушы Замир Қаражанов.
Сарапшылардың пікірінше, Республика күні Наурыз мерекесі секілді кең ауқымда, жарқын әрі мазмұнды түрде аталып өтуі керек. Бұл мереке елдің тәуелсіз рухын, қонақжайлығын және мәдени байлығын паш ететін, туристер мен инвесторларды тартатын маңызды оқиғаға айналуы тиіс.
Республика күні – бұл жай ғана күнтізбедегі күн емес. Бұл – егемендік пен мемлекеттіліктің символы, Қазақстанның саяси, экономикалық және рухани дамуының берік іргетасы.