Алматыда туризмдегі әйелдердің мүмкіндігін кеңейту жөніндегі бірінші аймақтық конференция өтті

Алматыда туризмдегі әйелдердің мүмкіндігін кеңейту жөніндегі бірінші аймақтық конференция өтті Almaty Tourism Bureau

Алматы төрінде БҰҰ-ның Еуропадағы туризм саласындағы әйелдердің құқығы мен мүмкіндіктерін кеңейтуге арналған Өңірлік алғашқы конференциясы өтті. 400-ден астам қыз-келіншек қатысқан ауқымды іс-шараны жаһандық Central Stage бастамасының шеңберінде БҰҰ-ның Туризм ұйымы (UN Tourism), Алматы қаласының әкімдігі және Almaty Tourism Bureau бірлесіп ұйымдастырды.

Конференцияда халықаралық ұйымдар, қала билігі және туристік индустрия өкілдері туризмнің тұрақты дамуы, цифрландыру, мәдени мұраны сақтау және әйелдердің рөлін арттыру мәселелерін талқылады. 
Конференцияда мінберінде сөз алған сарапшы мамандар бұл бастаманың Қазақстанда көтерілгенін және алғашқы конференцияның дәл Алматыда өткенін зор мәртебе екенін атап өтті. Иә, мегаполис бүгінде Орталық Азияның жетекші туристік орталығы саналады және UN Tourism ұйымының Central Stage бағдарламасының басты алаңына айналған.

"Алматы – болашақ туризмінің айнасы. Мұнда экономикалық даму мен әлеуметтік жауапкершілік қатар жүреді. Қала инклюзивті және тұрақты туризм қағидаттарын белсенді түрде дамытып келеді. Былтыр Алматыға 1,3 миллион турист келген. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 19%-ға жоғары. Қазақстан бойынша 10,5 миллион азамат ішкі турист саналады. Елдің Дүниежүзілік туризм бәсекеге қабілеттілік индексінде 66-орыннан 57-орынға көтерілуі туризмнің даму қарқынын көрсетеді. Біздің міндетіміз – туризмді ашық әрі халыққа қолжетімді ету. Әйелдердің рөлін арттыруға арналған бұл конференция – осы бағыттағы маңызды қадам", – деді UN Tourism ұйымының атқарушы директоры Зорица Урошевич.

Аталмыш конференция Алматының халықаралық беделін нығайтып қана қоймай, өңірдегі тұрақты және инклюзивті туризмнің дамуына серпін береді дейді сарапшылар. Сондай-ақ олар бұл тақырыптың неліктен маңызды екендігіне тоқталды.
Туризм – экономикадағы "әйелдерге тән" салалардың бірі. Дегенмен бұл бағытта жүрген қыз-келіншектер әлі де бірнеше қиындыққа тап болуда. Атап айтсақ, туризм саласында жұмыс істейтіндердің 54%-ы – әйелдер, бірақ басқару лауазымдарында олардың үлесі өте аз; әйелдер көбіне бейресми, маусымдық және төмен жалақысы бар жұмыстарда еңбек етеді; қаржылық, цифрлық технологиялар мен оқытуға қол жеткізу мүмкіндігі шектеулі; мәдени стереотиптер де кедергі; "ерлерге тән" салаларда (көлік, экстрим-туризм, IT, мемлекеттік басқару) қатысуы төмен. Міне, конференция көтерген тақырыптар осы. 

"Бұл халықаралық іс-шара – Алматының тең мүмкіндіктер мен тұрақты даму бағытындағы нақты үлесі. Әйелдердің көшбасшылығын және кәсіпкерлік әлеуетін қолдау – бүкіл туризм саласының өсуіне серпін береді. Шын мәнінде, біздің шаһар әлемнің түкпір-түкпірінен келетін саяхатшылар үшін тартымды орталыққа айналғалы бірталай жыл. Тау курорты мен экотроптар дамып келеді. Инфрақұрылым жаңартылуда. Фестивальдар, гастро-туризм, мәдени іс-шаралар – мұның бәрі қала имиджін көтере түседі. Осы жобалардың басым көпшілігінде алматылық қыз-келіншектердің үлесі орасан", – деді Алматы қаласы Туризм басқармасы басшысының орынбасары Ақмарал Есжанова.

Конференцияда туризм саласындағы гендерлік стереотиптер мен кедергілерді еңсеру, цифрлық теңсіздікті азайту, технологиялардың әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейтуге әсері, әйелдер кәсіпкерлігі мен көшбасшылығын қолдау, табысты тәжірибелермен алмасу және инклюзивті тәсілдерді енгізу мәселелеріне арналған панельдік сессиялар, талқылаулар, кейс-стади болды. Онда әйел кәсіпкерлігінің халықаралық тәжірибесі қозғалды. Орталық Азиядан шыққан әйел көшбасшылардың тарихы баяндалды.

Спикерлер қатарында алматылық белсенді қыз-келіншектер, атап айтсақ, SolQyz әйелдер қауымдастығының негізін қалаушы Ада Дуссали, Air Astana әуе компаниясының ұшқышы Ажар Несіпбаева, аспаз әрі кәсіпкер Светлана Ханинаева, Almaty ElectroTrans өкілі Гүлзипа Қоянбаева және отандық туризмнің дамуына үлес қосып жүрген өзге де белсенді әйелдер сөз сөйлеп, тәжірибелерімен бөлісті.

Конференция соңында туризм саласында әйелдердің мүмкіндіктерін арттыруға арналған "Алматы үндеуіне" қол қойылды. Құжатта әйелдер кәсіпкерлігін дамыту, білім беру бастамаларын қолдау және тұрақты туризм қағидаттарын ілгерілету іс-шаралары көзделген.

Әйелдердің белсенділігі мен көшбасшылығы Алматының тұрақты және инклюзивті туризмінің дамуында елеулі рөл атқаратыны сөзсіз. Қыз-келіншектердің туризмдегі рөлін арттыру – тек гендерлік теңдік мәселесі емес, сонымен қатар аймақтың экономикалық және әлеуметтік дамуына серпін беретін маңызды бағыт.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

14:52

14:30

14:15

14:06

14:00

13:55

12:16

12:11

12:06

11:58

11:50

11:44

11:32

11:30

11:21

11:08

10:57

10:33

10:15

10:10

10:02

09:50

09:42

09:35

09:33