Әріптесіміз Базарбек Атығаев – «Құрмет» орденінің иегері!
Мәдениет – ұлттың рухани өзегі, елдің еңсесін көтерер, рухын асқақтатар биік құндылық. Сол киелі мұрат жолында қызмет етіп жүрген санаулы саңлақтар бар. Солардың бірі – Базарбек Қайырбекұлы Атығаев. Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан «Құрмет» орденін алған азамат – қазақ мәдениетінің жанашыры ғана емес, оны жүйелі түрде жинақтап, ғылыми-танымдық негізде насихаттап жүрген тұлға.
Руханияттың жоғын жоқтаған...
Базарбек Атығаев – қазақ руханиятының әр саласында өзіндік қолтаңбасын қалдырып келе жатқан мәдениеттанушы-ғалым, продюсер-сценарист, филология ғылымдарының кандидаты, «Almaty» телерадиокомпаниясы АҚ бас директорының бірінші орынбасары. Ұзақ жылдар бойы ол ұлттық мұраларды жинақтау, сақтау және ұрпаққа жеткізу жолында тынымсыз еңбек етіп келеді.
Мемлекеттік академиялық филармония директорының шығармашылық жөніндегі орынбасары қызметінде жүргенде, ел мәдениеті үшін бірқатар айтулы жобаларды жүзеге асырды. Солардың ішіндегі ең ауқымдысы – «Қазақ даласының әуендері» атты 500 халық әнінен тұратын «Ұлы Дала сазы» антологиясы. Бұл 24 дискіден тұратын бірегей жинақта қазақ халқының көне тарихы мен жан дүниесін суреттейтін әндер топтастырылған.
Антология үшін материалдар тек Қазақстан аумағынан ғана емес, үш миллионға жуық қазақ мекендейтін Қытайдың Іле, Тарбағатай, Алтай аймақтары мен Моңғолияның Баян-Өлгей өлкесінен жиналған. Бұл еңбек – шекара сыртындағы бауырларымыздың да рухани мұрасын ұрпақ жадына сіңіруге бағытталған аса маңызды жоба. «Мәңгілік сарын», «Алдаспан» (Батырлар жыры) жинақтары осы барыстағы табанды еңбектерінің нәтижесі болды. Соған қоса, Базарбек Қайырбекұлы – «Қазақтың дәстүрлі 1000 әні», «Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі» антологияларын шығарушылардың бірі. Ал этномузыкалық экспедиция арқылы шетелдегі ағайындар ортасынан жоғалу қаупінде тұрған 2000-ға жуық күйімізді жинап, таспаға түсіру – бүгінгі ұлт руханияты үшін орасан олжа.
Ұлы Абай ілімі – ұрпаққа бағдар
Ғалым ретінде де Базарбек Қайырбекұлы тың тақырыптарға барып, қазақ әдебиетін зерттеуде жаңаша көзқарас ұсынды. «Қазақ көркем аудармасының бастауы: Абай мектебі» атты монографиясы – қазақ әдебиеттануына қосылған сүбелі еңбек. Бұл еңбекте Абайдың аудармашылық дәстүрін, көркем ойлау жүйесін, тәржімалық мектебінің негіздерін терең талдаған. Автордың өзі аталған еңбекті ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының кітапханасына ресми түрде тапсырды.
Сонымен қатар, ол Абай шығармаларындағы адамгершілік, әділдік, білім мен рухани дамуға қатысты мазмұнды дәрістер оқып, мемлекеттік қызметкерлерге арналған тағылымды кездесулер өткізді. Бұл – ұлы ойшылдың мұраларын бүгінгі қоғамға бейімдеп, оны тәрбиелік құндылық ретінде насихаттау жолындағы сүбелі жұмыс.
Рухани сабақтастық жаршысы
Базарбек Атығаевтың қатысуымен өткен тағы бір тағылымды шара – «Әке мен бала: ұрпақтар сабақтастығы» атты ғылыми-танымдық кездесу болды. Бұл басқосу Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы мен кемеңгердің ұлы Тұрағұлдың 150 жылдығына арналды. Ол өз баяндамасында Абай мұрасын жалғаған Тұрағұлдың әдеби-танымдық келбетін ашып, жастарға өнегелі өмір жолын үлгі етті.Кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, рухани сабақтастықты насихаттау, ұлттық дүниетанымды кеңейту – осындай іс-шаралар арқылы жүзеге асып жатқаны анық. Бұл жолда Базарбек Қайырбекұлы – ел сеніміне ие болған зиялы азамат ретінде танылып отыр.
Ұлттық мәдениетіміз бен руханиятымыздың игілігіне сіңірген жанкешті еңбегі үшін берілген «Құрмет» ордені – тек марапат емес, бұл – әріптесіміз үшін жаңа белес, әрі үлкен жауапкершілік деп білеміз.
Ол – бүгінгі мәдениет майданындағы тынысы терең, болмысы бекем, ұлттың үнін әлемге танытқан қайраткер. Шығармашылық табыс пен толағай істеріңіз баянды болғай, руханият жанашыры!