«Алатау» театры елді-мекендердегі мыңдаған көрерменмен қауышты
Қазақтың дәстүрлі өнерін жаңғыртып, кең көлемде насихаттауды мақсат еткен «Алатау» дәстүрлі өнер театры еліміздің бірнеше өңірінде гастрольдік сапарға шығып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Гастроль барысында театр Алматы мен Жетісу облыстарының 16 елді мекенін аралап, онда 8 мыңға жуық көрерменді қамтыды. Алматы облысындағы Нарынқол, Кеген, Шонжы, Шелек, Жаркент, Есік, Қонаев, Қаскелең, Мыңбай, сондай-ақ Жетісудағы Талдықорған, Текелі, Сарқан, Балпық би, Өтенай, Үштөбе, Сарыөзек ауылдарында өнер көрсетті. Театр ұжымы барған жерінде қойылымдар аншлагпен өтіп, ұлттық өнерін биік деңгейде насихаттап жатты.
Ал, Оңтүстік өңірге гастрольдік сапарын театр киелі Сыр өңірінен- Қызылорда қаласынан бастады. Бұл өңірді таңдаудың өзіндік тарихи-мәдени мәні бар. Қорқыт, Жанқожа, Бұқарбай, Мұстафа Шоқай, Тұрмағамбет, Нартай, Әбділда, Әбдіжәміл сынды ұлы тұлғалардың ізі қалған, өнердің алтын бесігі.
Театр директоры Мақсат Нұралиев гастрольдік сапардың басты мақсатын былай деп түсіндіреді:
«Театрымыз қазақ халқының дәстүрлі өнерін сақтап, оны жаңғырту жолында белсенді жұмыс атқарып келеді. Біз тек Алматы тұрғындарына емес, еліміздің барлық өңірлеріне сапалы қойылымдар ұсынып, ұлттық өнерімізді кеңінен насихаттауды көздейміз. Гастрольдік сапар барысында өңірлердегі театрлармен ынтымақтастық орнатып, болашақта тың жобалардың негізін қалап жатырмыз», – дейді ол.
Сапар барысында театр «Айман-Шолпан» музыкалық комедиясын, балаларға арналған «Әгугәй мен Игигәй» қойылымын және «Алтыбақан» ән-күй кешін сахналады. Көрермендер қойылымнан ерекше әсер алып, халқымыздың салт-дәстүрі мен мәдениетіне терең бойлаған сәттерге куә болды.
Алда театр ұжымы Шымкент, Түркістан және Жамбыл облыстарының елді мекендерінде гастрольдерін жалғастырады. Жаз мезгілінде гастрольдер Шығыс Қазақстанға – Семей және Өскемен қалаларына бағыт алады.
Сонымен қатар, театр ұжымы халықаралық деңгейде де қазақ өнерін насихаттауға ниетті. Биыл «Алатау» театры Мәскеудегі Чехов фестиваліне және Франциядағы Авиньон театр фестиваліне қатысады.
Театр ұжымы гастрольдік сапарға қолдау білдірген Алматы, Жетісу, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл облыстарының әкімдіктеріне зор алғыс білдіреді.