AMANAT партиясы жанындағы азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі «Miras» кеңесі ұлттық құндылықтарды ұлықтау, мемлекеттік тілді дамыту мен халқымыздың мәдениеті, салт-дәстүрін насихаттау тұрғысындағы ұстанымдарын берік сақтап келеді.
Ел тарихындағы елеулі оқиғалар жас ұрпақтың бойына рухани құндылықтарды сіңіріп, нағыз отаншылдыққа тәрбиелеуі тиіс. Түрлі мәдени-ғылыми іс-шаралар ұйымдастырып, көптің көңілінен шыға білген AMANAT партиясы Алматы қалалық филиалы саяси жұмыс бөлімі өткен жылдың басынан бастап «Miras» азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі кеңестің 5 отырысын өткізді. Оның біреуі жоспардан тыс ұйымдастырылған отырыс болды. Басқосу нәтижесінде 13 сұрақ қаралып, мемлекеттік және тиісті органдарға 29 ұсыныс жолданды. Мәселен, 17 мамырда өткен жоспардан тыс отырыста Кеңес киногерлерінің мәселесі, киноиндустрия мен ұлттық мемлекеттік кинематографияны қолдау орталығының мәселесі қаралды. Онда екі тарап өкілдерінің ой-пікірлері тыңдалып, талқыланды.
Кинематографистер мәдениет және спорт министрлігінен тәуелсіз комиссия тобын құруды, тәуелсіз комиссияның қорытындысына дейін Сараптамалық кеңестің жұмысын уақытша тоқтатуды ұйымдастыруды, Ұлттық мемлекеттік киноны қолдау орталығына ұсынылған 283 жұмыс құжатын қайта тексеруді және заңсыз әрекеттер анықталған жағдайда осы орталықтың басшылығына тиісті шаралар қабылдауды талап етті.
Осы талап бойынша кеңесте арнайы хаттама әзірленіп, ол «Miras» республикалық кеңесіне жолданды. Нәтижесінде ұсыныстар оң шешілді. Бұдан бөлек, кеңесте барлық уақытта драма театрларында қойылым, сахна мәдениеті, өнер адамдарының этикасы, патриотизмді, жастар рухын арттыру және т. б. мәселелер қаралды.
Қазіргі таңда қоғамымыздағы руханиятты дамытуға, игілікті, адамгершілікті, қайы-рымдылық пен өзара түсіністікті өрістетуге жол ашып, үздік мәдени дәстүрлерді сақтауға, молайтуға ерекше мән берілуде, бұл қуантарлық жайт.
Мұндайда мәдениетке жоғары баға берген Мұхтар Әуезовтің «Ғылым мен мәдениет барлық дүниенің алтын алқасы болып отыр» деген сөзі бар. Бүгінде бұл салаға барынша көңіл бөлініп, қаламыздың мәдени өмірінің жандануына барынша күш салынуда. Әлем бір орында тұрмайды, ал даму үстінде неше түрлі сын-қатерлер болуы мүмкін. Ең бастысы, сол сындарды еңсере білуде, еңсеру жолында біріге алу керек.
Осы уақытқа дейін елеулі еліміздің төл мәдениеті мен мемлекеттік тілді жаңғырту ісінде көптеген жұмыстар атқарылды. Бұл игі істер әрі қарай да жалғаса бермек.
Бүгінде «AMANAT» партиясының «Ұлттық мұра» партиялық жобасы да іске қосылып, соның аясында 4 мың адамды қамтитын бірқатар ауқымды мерейтойлық және салтанатты 119 іс-шара өткізілгенін айта кеткен жөн.
2023 жылдың басында «Тоғызқұмалақ» ұлттық спорт түрінен «AMANAT CUP» турнирі ұйымдастырылып, оқушылар арасында тұрақты негізде «асық ату», «қазақша күрес» және т. б. жарыстар өткізілді. Аудандарда Абай күніне орай түрлі челлендждер мен Абай оқулары, ал Сәтбаев университетінде Қазақстанның тұңғыш антрополог ғалымы Оразақ Исмагуловтың «Өмірімнің мәні мен сәні» атты кітабының тұсаукесері өтті. Қала мектептерінде оқушылар арасында ұлттық ойындардан жарыстар ұйымдастырылды.
Қазақстан халықтарының бірлігі күніне орай ҚХА-мен бірлесіп «Бірлік туы –AMANAT» қайырымдылық жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Іс-шара аясында әлемнің түрлі елдерінен келген асүйлердің аспаздық тағамдары ұсынылды.
«Кітап – AMANAT» орталығында Республика күніне орай егемендік туралы Декларацияны әзірлеуге тікелей қатысқан және тәуелсіздік жылдары ел іргесін қалауда еңбек еткен құрметті азаматтармен кездесу өтт. Оған кеңес мүшесі, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Досжан, қоғам қайраткері, жазушы-публицист, профессор Марат Тоқашбаев, белгілі ақын, «Көк тудың желбірегені» әнінің авторы Алмас Сақбаев қатысты. Сонымен қатар орталықта жоба аясында дарабоз дарын, ақын Маралтай Ыбыраевтың оқырмандармен шығармашылық кездесуі өтті.
Сондай-ақ, қаланың мәдениет саласындағы мәселелері талқыланып, көрнекті қайраткерлердің мерейтойлары өткізілді. Бұл қалада атқарылып жатқан жұмыстардың бір бөлігі ғана. Алда әлі бірқатар жұмыстар жалғасын табатын болады.