Тарихи фильмдердің сахнасынан есті көрермен этнографиялық нақтылықты іздейді, күтеді. Ат-абзелдерінен тартып, тұрмыстық бұйымдары, кейіпкерлердің киімдері кино тілімен сөйлеп, адамдарды сол киноға арқау болған байырғы замандарға алып барады. Бүгінгі кейіпкеріміздің өнері, міне, осы бағытта. Алматылық этно-дизайнер Анел Асанованың қолынан шыққан туындыларды сіз «Қазақ хандығы: Алтын тақ», «Ұлы дала таңы», «Ахмет. Ұлт ұстазы» сынды тарихи туындылардан көргеніңіз шүбәсіз. Ұлттық киім мәдениетін, қолөнерін жаңғыртып жүрген дизайнердің өнері мен өміріне бірге үңіліп көрелік.
Анел «костюм сценографиясы» мамандығын Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында оқыған. Бұл – театр, кино, опера, балет секілді сахналық өнердің барлық бағытын қамтитын кешенді мамандық. Күнделікті ортағасырлық стильдегі костюмдермен жұмыс істеу оның жеке бағытының қалыптасуына әсер еткен. Оның айтуынша, Костюм сценографиясы елімізде кейінгі жылдары қарқынды дамып келе жатыр. 2018 жылдан бері «Қазақфильмде» бірқатар тарихи жобаларға қатысып келеді.
Сапа мен эстетика
«Кино саласында ассистент те, қолданбалы суретші де, костюмер де болдым. Тарихи формалармен жұмыс істеген сайын қызығушылық одан әрі артты. Кейін түсірілім алаңында актрисалар «осы белдікті күнделікті өмірде де таққым келеді, жасап бере аласыз ба?» деген өтініш айтты. Сол кезде маған неге бізде тарихи пішінді сақтап, заманауи үлгіде сапалы бұйымдар жасамасқа деген ой туды. Қазақстанда бұл бағыт әлі толық дамымағанын байқадым», – дейді дизайнер.
Осылайша ұлттық нақыштағы белдіктерден бастап, тақия, өзге де бас киімдер мен түрлі бұйымдар шығаруға кіріскен. Дизайнердің айтуынша, оның басты ұстанымы – сапа мен этиканы сақтау, яғни тарихи форманы бұзбай, оны қазіргі заманға икемдеу.

Кино саласындағы алғашқы тәжірибелерінің бірі – «Балуан Шолақ» фильмі. Ал тарихи жоба ретінде «Қазақ хандығы: Алтын тақ» фильмінде жұмыс істеген. Сонымен қатар, Екінші дүниежүзілік соғыс туралы жобаларға, «Қажымұқан» фильміне костюм тіккен. Кейінгі ірі жобалардың қатарында режиссер Ақан Сатаевтың «Ұлы дала таңы» фильмі мен «Ахмет. Ұлт ұстазы» сериалы бар.
Бүгінде Анел Асанова тәжірибесін заманауи этно-дизайнмен ұштастырып, ұлттық киімді жаңа деңгейде насихаттап жүр.
«Мақсатым – қазақтың төл мәдениетін сақтап, қазіргі күнге енгізу. Тарихты тек музейде сақтамай, күнделікті өмірге әкелу үшін әлі де еңбектенемін», – дейді ол.
Бұған дейінгі фильмдердегі қазақ қыз-келіншектерінің киімдеріне көңіліңіз толмады ма? Неліктен осы салаға бет бұрдыңыз деген сауалымызға:
«Академияда көбіне еуропалық стильге қарай бейімдеді. Оқу барысында да қазақ костюмі өте аз оқытылатын. Бірақ қазір бізде еуропалық костюм киетін орта аз, көбіне fashion индустриясында ғана. Ал мені fashion бағыты онша қызықтырмайды, маған тарихи дүниелер әлдеқайда жақын. Қызығушылығымды әрі қарай дамытуға кино саласы үлкен ықпал етті. Кино арқылы мен қазақ костюмін тереңірек зерттедім», – деді Анел.

Қазақ ұлттық костюмін қарастырғанда оның сан ғасырлық тарихи кезеңдерден тұратынын ескеру қажет. Өкінішке қарай, қазір ұлттық киімге үстірт қарайтындар да кездеседі.
Тарихи үдеріс костюмге де ықпал етеді
«Орта ғасырлық кезеңдегі кейбір киім үлгілерін жоғалтып алдық. Қазір сол үлгілерді ұсынып жатсақ, халық тосырқап қарайды. Бірақ ол – біздің тарихи костюміміз. Тарихи үдеріс кезінде мәдени алмасу қатар жүрді. Түркі халықтарында пішім мен стиль жағынан ұқсастықтар бар. XV–XVI ғасыр үлгілеріндегі пішімдерді негізге алып, өзіміздің дәстүрлі үлгімен жұмыс істейміз және сол орта ғасыр стиліндегі қазақ ұлттық костюмін қайта жандандырып жүрміз. Мұрағаттағы материалдарды, тарихи деректерді, иллюстрацияларды түгел зерттедік. Сол деректерге сүйеніп, костюмдер тігілді», – дейді кейіпкеріміз.

Көшпелі түркі халықтарының киім үлгісі Еуропаға ықпал етіп, етік, шалбар, шапан секілді элементтердің таралуына әсер етсе, жалпы тарихи үдерістер мен мәдени өзгерістер де костюмнің түрленуіне себеп болды.
Шетелдіктер де қызығады
Дизайнер күнделікті өмірде этно киімге сұраныс бар екенін айтады.
«Ұлттық нақыштағы киімді тек қазақтар ғана кимейді, басқа ұлт өкілдері де қызығады. Ал олар ең алдымен сапасына қарайды. Егер сапалы, сауатты жасалса, біздің ұлттық киімдеріміз де халықаралық деңгейде кең тарай алады. Көне түркі стиліндегі костюмдер, кісе белбеулер, арнайы әшекейлер жиі сұралады, қыздар тақияны ерекше ықыласпен таңдайды. Қазір көбі өзін ұлттық образда көргенді ұнатады, маған да осы еркіндік ұнайды».

Анел Асанова ұлттық киімді ішкі нарықта ғана емес, халықаралық деңгейде де таныстырып жүр. Оның шетелдегі алғашқы ірі тәжірибесінің бірі – Стокгольмде өткен мәдени іс-шара. Оның айтуынша, шетелдік азаматтар шығыс мәдениетіне ерекше қызығушылықпен қарайды.
«Тарихи стиль мен түрлі образдар оларға өте қызық. Сол сәтте қазақ мәдениетін таныстырып тұрғаныңа қуанып қаласың. Алғашқы туындыларымның дені шетел асты. Әсіресе, Қытайдан сұраныс жоғары. Қытайлықтар өздері келіп, дайын бұйымдарды сатып алып кетеді. Сонымен қатар, Түркия, АҚШ, Дубай, Лондон қалаларында тұратын қазақтар да онлайн тапсырыс береді», – дейді Анел.
Сәукеле – қыздың өмірлік гарантиясы
Анелдің шеберханасына кірген сәттен-ақ сән-салтанатқа толы, қалыңдықтың ұзату тойына арналған сәукелеге көзіміз түсті. Әр деталі мұқият ойластырылған, қолөнер шеберінің зерделі ою-өрнектері, нәзік түстер үйлесімі бірден сезіледі.
«Сәукелені атүсті жасап шығара алмаймын. Ол – зергерлік элементтері бар, өте күрделі еңбек. Түпнұсқаға барынша жақын, тарихи негізде жасағым келді», – дейді ол.

Бұрын қазақ қызының сәукелесі бір жыл бойы дайындалған. Жетіспей тұрған зергерлік әшекейлерді туыстары қосып, сый ретінде таққан. Сөйтіп, сәукеле сәндік бас киім ғана емес, қыздың жеке капиталына айналған. Қиын кезең туса, ондағы алтын-күміс әшекейлерді бөліп сатып, күн көруге мүмкіндік болған.
«Былайша айтқанда, сәукеле – сол заманның «әмияны». Қыздың өмірлік гарантиясы», – дейді дизайнер.
«Мифологиялық астарына үңілемін»
Анел Асанова ұлттық бұйымдарды тіккенде тек сыртқы пішінге емес, әр бөлшектің тарихи, мифологиялық астарына үңілетінін айтады. Оның сөзінше, кейде бір әшекейдің өзі тұтас дүниетанымды ашып береді. Мысалы, сәукеле туралы деректерді зерттегенде дизайнер ерекше таңқалған. Көпшілік оны тұрмысқа шыққан қыздың салтанатты бас киімі ретінде ғана қабылдайды. Алайда, ғылыми еңбектерде сәукеленің мифологиялық мәні әлдеқайда терең екені айтылады.
«Қазақ дүниетанымында әлем үш бөліктен тұрады: көк аспан, жер үсті және жер асты. Сол үш әлемді бейнелейтін жалғыз бас киім – сәукеле», – дейді Анел. Яғни оның биіктігі, құрылымы, әшекейлерінің орналасуы – барлығы символикалық сипатқа ие.

Анел үшін сәукеленің тағы бір қыры – оның магиялық мәні. Қазақы түсінікте күміс адам энергиясын тазартады деген сенім бар. Сондықтан сәукелеге алтыннан гөрі күміс әшекейлер көп тағылған. Әр элементі жәй ғана сән үшін емес, қорғаныш, тазарту, сақтау функциясын да атқарған.
Ою-өрнектің өз мәні бар
Ұлттық киімдегі түстер мен жас ерекшелігінің де өз орны бар. Анелдің айтуынша, бұрын тақияны тұрмысқа шықпаған қыздар киген, ал тұрмыс құрғаннан кейін бас киім үлгісі өзгерген. Сәукеле, кимешек, жаулық – әрқайсысының өзіндік кезеңі мен мәні бар. Қазір ол дәстүрлі жүйе толық сақталмайды. «Кейде үлкен кісілер «маған тақия киюге бола ма?» деп сұрайды. Меніңше, қазіргі заманда оны қатты шектеудің қажеті жоқ. Біз кепка да, еуропалық бас киімдер де киеміз ғой», – дейді дизайнер.
«Біз киімнің бәріне бірдей ою жапсыра бермейміз, стиль жағынан ұстамды бағытты таңдаймыз. Негізінен күнделікті киюге арналғандықтан тым күрделі оюларды қолданбаған жөн. Өкініштісі, қазір ою-өрнекті ретсіз қолданатын дизайнерлер бар. Қошқар мүйіз, қарлығаш сияқты жеңіл әрі қолданысқа ыңғайлы оюларды белбеу, сөмке, этно-корсет секілді элементтерде пайдаланамыз. Ал басқа оюларды қолдану үшін міндетті түрде алдымен зерттеу керек. Мағынасы, қай өңірге тән екені, жас ерекшелігі, әлеуметтік статусы ескерілуі тиіс. Менің ойымша, күрделі, салтанатты оюлар көбіне хандардың, ірі тұлғалардың киімінде болған», – дейді сала маманы.

Дегенмен, ұлттық киімді жүйелі түрде жаңғырту үшін мемлекеттік деңгейде насихат пен қолдау қажет деп санайды. Жақында Моңғолия ұлттық құрамасының олимпиадалық киімі әлем назарын аударды. Бұл тақырыпқа Анел де пікір білдірген еді.
«Олар ұлттық пішінді қалдырып, Олимпиаданың нышандарын қосты. Тарихын ұмытпай, қазіргі заманды да көрсетті. Нәтижесінде керемет үйлесім болды. Біз Моңғолияға тарихи және генетикалық тұрғыда да жақынбыз. Қазақ хандығының түп-тамыры, төрелер әулеті – бәрі сол кезеңмен байланысты. Киім үлгілерінде де ұқсастық бар. Бірақ бізде спорттық киімдер көбіне еуропалық стандартпен тігіледі», – деді.

ТҮЙІН
Анелдің шеберханасы – үлкен өнеркәсіп емес. Бар болғаны екі шеберден тұратын шағын ұжым. Басты ерекшелік те осында. Этно саласындағы танымал отандық брендтерде бәрі бір адамның қолынан шықпайды. Бірі идеясын айтса, екіншісі шеберханада тігіп шығарады. Ал Анел Асанованың шеберханасында бәрі өз қолынан өтеді. Ой, пішім, мата, түс, тігіс – бәрі.
«Этно-дизайн – коммерциялық жоба емес, шеберлік пен жауапкершілік. Егер масс-маркетке кетсе, сапа жоғалады. Менің бағытым бөлек, пайда табу емес, әр бұйымды мұра ретінде қалдыру», деп әңгімесін түйіндеген еді.
Шебердің әр жұмысы – өткен мен бүгінді жалғаған көпір іспетті. Тұтас тарихтың, ұлттық кодтың көрінісі. Тіпті, шағын шеберханадан шыққан бұл туындылар шетелге дейін жетіп, қазақ этно-дизайнының құндылығын халықаралық деңгейде танытып отыр.