Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Алматының цифрлануы: 2026 жылға арналған жаңа жобалар мен бастамалар, сондай-ақ өткен жылдың қорытындысы» тақырыбында баспасөз конференциясы болып өтті. Қаланың білім беру мен денсаулық сақтау саласындағы цифрлық трансформацияның негізгі бағыттары туралы цифрландыру басқармасы басшысының орынбасары Мейрам Дүйсеков баяндама жасады.
Оның айтуынша, білім беру саласындағы цифрландыру ең алдымен оқушылар мен олардың ата-аналары үшін қызметті қолжетімді, сапалы етуге бағытталған. Цифрлық экономика үшін кадрлар даярлау аясында қалада үлкен іріктеу жұмысы жүргізіліп, 10 мың үміткердің ішінен жасанды интеллект саласындағы бағдарламалар бойынша білім алатын 1,5 мың дарынды оқушыны таңдап алған. Білім беру жүйесінде мың оқушыны Junior-ізденуші деңгейіне дейін дайындау да жоспарда бар. Бұл жасөспірімдерге мектепті бітірмей тұрып IT саласында біраз нәрсені біліп шығуына мүмкіндік береді. Алдағы уақытта мектептегі осындай үйірмелерге қатысқысы келіп өтініш бергендердің үлесі 90 пайызға жетеді деген болжам бар.
«Біз балалардың осы заманғы технологияларды меңгеріп, білім алуына жағдай жасайтын жүйе құрып жатырмыз. Біздің мақсатымыз – тек цифрлық шешімдерді енгізу емес, оқушылардың дамуына түрткі болып, осы бастан болашақ мамандығын оқып үйренуіне көмектесу», – деді Мейрам Дүйсеков.
2026–2027 жылы Алматыда барлық диагностикалық кескіндерді – рентген, КТ, МРТ мен басқа да зерттеулерді біртұтас цифрлық архивке біріктірген PACS жүйесін енгізеді. Бұл дәрігерлерге пациенттердің медициналық деректеріне жедел қол жеткізуге, диагностиканың дәлдігін арттырып, тексерудің қорытындысын күтетін уақытты қысқартуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, 2027 жылға қарай қала тұрғындарының кемінде 70 пайызы электрондық жеке денсаулық кабинетін белсенді пайдаланатын болады. Бұл кабинеттер арқылы азаматтар медициналық ақпаратты, талдау нәтижелері мен дәрігерлердің ұсынымдарын ыңғайлы онлайн форматта ала алады.
«Цифрлық медицина – ең алдымен пациенттер үшін ыңғайлылық пен уақыт үнемдеу. Электрондық денсаулық кабинеттері адамға өз жағдайын жақсырақ бақылап, дер кезінде көмекке жүгінуге жәрдемдеседі», – деп атап өтті цифрландыру басқармасы басшысының орынбасары.
Деректерді талдау мен басқаруға да ерекше назар аударылған. Қаланың Ситуациялық орталығында білім беру мен медицина нысандары бойынша ГАЖ-деректері белсенді түрде қолданыла бастады. Аналитикалық құралдар инфрақұрылыммен қамтамасыз етілу деңгейін, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін мектептер мен медициналық мекемелердің қолжетімділігін бақылауға мүмкіндік береді, бұл өз кезегінде неғұрлым дәл шешімдер қабылдауға көмектеседі.
Алматыдағы цифрландыру жағы жекелеген сервисті енгізумен шектелмей, технологиялар қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға қызмет ететін қалалық ортаны дамытудың кешенді тәсіліне айнала бастады.