Алматы – инновациялық хаб: цифрлық экожүйені дамыту жоспары

  • 12:24, 06 ақпан 2026
Алматы – инновациялық хаб: цифрлық экожүйені дамыту жоспары Сурет: ашық дереккөз

Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Алматының цифрлануы: 2026 жылға арналған жаңа жобалар мен бастамалар, сондай-ақ өткен жылдың қорытындысы» тақырыбында баспасөз конференциясы болып өтті. Цифрландыруды енгізудің негізгі мақсаты мен міндеті, сондай-ақ қаланың инновациялық экожүйесін дамыту туралы цифрландыру басқармасы басшысының орынбасары баяндама жасады. Оның айтуынша, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект экономиканы, қалалық орта мен алматылықтардың өмір сапасын дамытатын негізгі құралға айналып отыр.

Алматының инновациялар мен цифрлық экономика саласындағы қарқыны жақсы. Соңғы уақытта қаланың стартап-экожүйесіне 19,2 миллион АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылып, стартаптардың жиынтық кірісі 5,37 миллиард теңгені құрап, шамамен 6,9 мың жұмыс орны ашылған. Спикердің айтуынша, бұл көрсеткіштер қаланың технологиялық және кәсіпкерлік орталық ретіндегі әлеуеті жоғары екеніне дәлел.

«Алматының стартап пен инвесторларға тартымды орталыққа айналып келе жатқанын көріп отырмыз. Біздің міндетіміз – инновациялық жобалардың өсіп, халықаралық нарықтарға шығуына және қала экономикасына нақты пайда әкелуіне барынша жағдай жасау», – дейді Мейрам Дүйсеков.

Алдағы жылы қала стартап-экожүйені әлі де дамыта түспек. Кемінде 300 жаңа стартап-жоба құрып, 100 миллион АҚШ долларынан кем болмайтын инвестиция тартып, Алматының кемінде 45 стартапын халықаралық нарықтарға шығару жоспарланып отыр. Сонымен қатар, кемінде 100 адам халықаралық бағдарламалар мен салалық конференцияларға қатыса алады, бұл қаланың жаһандық инновациялық қауымдастыққа кірігуін күшейтеді.

Адам капиталын дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. 2026 жылы Alatau Creative Hub базасында 12–18 жас аралығындағы жасөспірімдерге арналған тегін қосымша білім беретін халықаралық TUMO орталығы ашылады. Онда сегіз бағыт бойынша оқытпақ, олардың қатарында генеративті жасанды интеллект, робототехника, веб-әзірлеу мен анимация бар. Бұл мектеп оқушыларына замандық цифрлық дағдыларды меңгеріп, болашақ мамандығын таңдауға мүмкіндік береді.

Орталық Азияда алғаш рет Алматы қаласында халықаралық GITEX форумының өткізілуі 2026 жылдың басты оқиғаның бірі болды. Форум 4–5 мамыр күндері «Атакент» орталығында өтеді. Оған 30 мыңнан астам адам, 2 мың стартап, 1 500 инвестор мен 100 мемлекеттік ұйым қатысады. Салыстырсақ, Дубайда GITEX форумын өткізудің экономикалық әсері 700 миллион АҚШ долларына дейін жетеді, және баспасөз конференциясында айтылғандай, Алматы да іскерлік және инновациялық белсенділікті дамытуға осындай серпін алуды көздеп отыр.

Цифрландыру мәдениет, туризм мен спорт саласын да қамтып отыр. Қалада Almaty Pass және damubala.kz платформасы жұмыс істейді, «Метеор» жүйесі іске қосылған, сондай-ақ Бірыңғай кітапхана порталына қолжетімділік қамтамасыз етілген. Көптілді цифрлық галереялар, AR және VR технологиясын қолданатын Ғылым музейі жобасры жүзеге аса бастады. Бұл шешімдер мәдени және туристік сервисті анағұрлым қолжетімді етеді.

2026–2027 жылдарға арналған жоспарлар аясында көлік, қауіпсіздік және әлеуметтік қызметтер салаларында азаматтарды қолдауға арналған интеллектуалды дауыс және мәтіндік боттарды іске қосу, сондай-ақ Алматыда BLAST халықаралық турнирін өткізу көзделіп отыр. Негізгі тиімділік көрсеткіштері ретінде цифрлық контент үлесін 80 пайызға жеткізу және спорт ұйымдарының 60 пайызын жаттығу процесін мониторингтеу мен талдауға арналған цифрлық платформаларға қосу жоспарланған.

Қалалық сервистерді цифрлық трансформациялау да қолға алынды. Қазір Алматыда мемлекеттік қызметтердің 98 пайызы цифрландырылған. Open Almaty қоғамдық қабылдау бөлмесі мен өңірлік геоақпараттық жүйе жұмыс істеп тұр, олар тұрғындарға ақпарат алуды ыңғайлы етіп, қалалық процестерді жедел басқаруға мүмкіндік жасайды.

2026–2027 жылдары цифрландырылған мемлекеттік қызметтердің үлесін 98,5 пайызға дейін арттыру жоспарланған. Сонымен қатар, әкімдіктің бизнес-процестері мен ақпараттық жүйелеріне аудит жүргізіліп, ішкі порталға ERP өнімдері мен жасанды интеллект құралдары енгізіледі. Жеке бағыт ретінде қалалық деректерді сақтау мен ақпараттандыру процестерін бірыңғай бұлтты деректерді өңдеу орталығы аясында орталықтандыру көзделген.

«Цифрландыру мен жасанды интеллект – бұл өз алдына мақсат емес. Бұл – қала тұрғындарының өмір сапасын арттырудың, басқарудың ашықтығын қамтамасыз етіп, Алматыны тұрақты даматын құрал», – деп түйіндеді Мейрам Дүйсеков.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

12:24

12:15

12:11

12:05

12:02

11:58

11:43

11:31

11:19

11:13

11:04

10:58

10:42

10:32

10:21

10:16

10:13

10:06

09:46

09:28

09:13

09:04

08:49

08:38

08:29