Қаламыздағы Алатау ауданының төрінде қасиетті ұлттық аспаптарымызды дәріптеп, ұлттық мәдениетімізді ұлықтап жүрген Мультимедиялық дәстүрлі музыка орталығы барын бірі білсе, бірі біле бермейді.
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен Алматы қаласының 1000 жылдығына орай ашылған бұл орталыққа небәрі 7 жыл толса да, қазақ ән-күй әлеміндегі белгілі өнер тұлғаларының аспап мұраларын сақтап, оларды ұрпаққа насихаттаудан жалыққан емес. Орталықта бірегей құнды жәдігерлер сақтаулы. Әр жәдігердің өткені, тарихы һәм айтары да бар.
Қоңыр үнге елең етер қазақ баласын ой құшағына сүңгітіп, күнделікті күйбеңнен бір сәтке болса да сілкіп алар бір құдірет болса, ол домбыраның шанағында. Талай көрерменіне осындай сәулелі сәттер сыйлаған Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Қошқарбек Тасбергеновтің домбырасы да Мультимедиялық дәстүрлі музыка орталығынан ойып тұрып өз орнын алған. Өнер иесі 2013 жылы өмірден өткен болатын. Марқұмның домбырасын музейге зайыбы Төлеу Тасбергенова әкеліп өткізген екен.
Қошқарбек Тасбергенов Сыр өңірінде дүниеге келген. Әкесі Тасберген өз аймағына белгілі мықты күйші болған екен. Қошқарбектің өнердегі алғашқы ұстазы, демек, әкесі. Анасы Күлпан болса думан-сауықтың ажары болған деседі. Отбасында осындай тәрбиені көрген бала Қошқарбек мектеп қабырғасында жүріп-ақ кішігірім оркестр басқарған. Күйді жан-тәнімен түсініп, жүрегімен түйсінген жас Қошқарбек арман қуып Алматыға келеді. 1972 жылы Қазақтың мемлекеттік Құрманғазы атындағы академиялық халық аспаптар оркестрінің жанынан ашылған 6 айлық стажорлық курсқа түсіп, КСРО Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор, әйгілі дирижер Шамғон Қажығалиевтан дәріс алады. Курсты бітірген соң оркестрге домбырашы болып қабылданады. Онда жұмыс істей жүріп, 1974 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының дайындық курсына түседі. Консерватория қабырғасында композитор, домбырашы, дирижер Мәлғаждар Әбубәкіров дәріс береді. Ол 1981 жылы консерваторияны бітірді. 1983 жылы өткен республикалық Құрманғазы атындағы орындаушылар конкурсына қатысып, жеңімпаз атанады. 1992 жылы Халық қаһарманы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, композитор, дирижер Н.Тілендиевтің шақыртуымен фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестріне ауысады. Мұнда да қажырлы еңбегімен өзінің лайықты бағасын алады. Оған 1995 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген артисі» деген құрметті атақ беріледі.
Қошқарбек Тасбергенов Н.Тілендиев атындағы фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрінің бас концертмейстрі болды. Тынымсыз еңбегі нәтиже беріп, «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» атанды. Қазақтың болмысымен біте қайнасып кеткен Тасбергенов домбыраны шетел сахналарында шертіп, сырттың жұртын таң-тамаша еткен. Ол Мәскеу, Чехословакия, Швейцария, Швеция, Аустрия, Филиппин аралы, Сингапур, Үндістан, Португалия, Пәкістан, Түркия сияқты басқа да елдерде болып, қазақ өнерін аспандатты.
Мөлдір ЖАҢБЫРБАЙҚЫЗЫ, Мультимедиялық дәстүрлі музыка орталығының ғылыми қызметкері:
– Қошқарбек Тасбергенов өнер әлемінде, музыканттар арасында, оркестр құрамында, жалпы Алматы қаласында Бек деген атпен танымал болған. Оны Нұрғиса Тілендиев оркестрдің бегі, төресі санаған. «Отырар сазының» «Күй шашу» атты концертінде Н.Тілендиев тұрып: «Мына мен өмірімде Ахаңсыз (Ахмет Жұбанов) сөйлемейтінмін, дирижерлық етпейтінмін. Ахаңның арқасында өнеріміз дамыды. Ахаң өмірімде қадірлейтін адамым, менің өмірімде бағынатын пайғамбарым. Көптеген таланттар дүниеге келді. Ахаң болмаса, ана тұрған Қаршыға, мына тұрған Бек туа ма?! Құрманғазы, «Отырар сазы» туар ма еді? Қолымдағы домбыраны 1937 жылы маған Ахмет Жұбановтың өзі сыйлаған. Енді осы домбырамен баяғы «Әлқиссаны» тартып берейін. «Әлқисса», орындайтын Нұрғиса» деп, күйді күмбірлете жөнелген еді. Сонда Бек оркестр құрамында бірінші домбырада ойнап «Әлқиссаның» иірімдерін бір қайырып, оны Нұрғиса жалғап кетіп, одан екеуі қосыла кетіп, сосын оркестр қостай кеткенде «Әлқисса» күйінің шежіресі шертілгендей, сазды үн санамызға құйылғандай болғаны рас. Қошқарбек Тасбергенов жайында әлі талай айтылары да, жазылары да сөзсіз. Қазақтың күй өнерін жалғайтын осындай дарындардың ізін басар, қадамын жалғар өнерпаздар көп болса екен.