ffin.kz

Асаба күлдірем деп бүлдірді...

Асаба күлдірем деп бүлдірді... mykaleidoscope.ru

Кешегі тойдың асабасы күлдірем деп бүлдіріп, көп тұста сөзден сүріне берді. Онысы, әрине, біраз мейманға ұнай қойған жоқ.


– Ал кәне, екі жас бақытты болсын десек, оң қолымызды жоғары көтерейік. Шанышқы ұстаймыз бәріміз. Кәне, кәне, жоғарырақ. Қымсынбайық. Кімнің қолтығында жағымсыз иіс болса, сол көтермейді. Ал енді шанышқыны сол жағымызда отырған адамның басына тығып аламыз. Ойнап айтамын, – деп, шалт бұрылып, қатырдым дегендей үзіліс жасап алған асаба қонақтарға сөз беруге көшті. Тілектерден соң үзіліс жариялады да, «Ал енді бұттан бу шыққанша билеңіздер!» дегені...


Қазір жаз мезгілі. Той маусымы. Ал сіз қандай асаба көріп жүрсіз? Жалпы, асабаларға көңіліңіз тола ма? Осы жазбамызды және сауалымызды Facebook әлеуметтік парақшамызда жариялаған болатынбыз.


 


Ғазизхан Әділханов:


– Отыз жыл бойы той басқарып келемін. Тойда адамдар шаршамай, демалып, тамаша әзіл, әсем әуендер тыңдап, ұлттық ойындар ойнап қайтуы керек. Жалпы, асабаның білімді, мәдениеті жоғары, өнерлі, сөзге шешен болғаны дұрыс. Өкінішке қарай, қазіргі көп асабаға көңілім тола бермейді. Олардың мақсаты – ақша табу. Біз кезінде ақша алмай-ақ халық алдына шығып өнерімізді көрсеткенімізге, тегін жүргізіп, ел алғысын алғанымызға риза болатынбыз.


Жазира Елшібаева:


– Той тізгінін ең алдымен интеллектуалдық деңгейі жоғары, мәдениетті, сөзге шешен, тапқыр, әзілмен қонақтарды шошытып емес, баурап алатын адам ұстағаны жөн. Той басқару ойыншық емес, жиналған жұртты шаршатпай, жалықтырмай, сол үш-төрт сағатта барлығын қыздың жиған жүгіндей етіп өткізу – үлкен еңбек. Қазір екінің бірі – асаба. «Шаштарын түйіп, әдемі көйлек киіп» деген сияқты жұтаң ұйқастармен тойды бастайтындарды жиі көремін. Арғы жағы белгілі... Шақырған адамнан ұялғаныңнан отырасың. Ұйымдастыратын ойындары да тым қарабайыр, дөрекі. Кейде «деңгейіміз неге соншалық төмен» деп ойлап қайтамын.


Жұмахмет Жайлаубаев:


– «Бір тәмпішті сынаймын деп, бүкіл пұшық жау болды» депті бір ағамыз. Біреуін сынасаң, біразы жау болып шыға келеді. Бірақ үзіліс кезінде өті жарылып кетсе де айтып жүрмін.


Махат Садық:


– Әлгі асабаны шақырып алып, сыбағасын беру керек қой, Фейсбукта масқара етем деп. Кейін атын айтпай жазғаныңнан не пайда? Бірден айту керек бетіне. Мен солай жасаймын, қойдырам әуселесін бірден!


Дариға Нұрашева:


– Ауызына келгенін айтатын дөрекі асабалардың атын атап, түсін түстеу керек. Сонда келесі тойда жауапкершілікті сезінетін болады.


Қалдыбай Дүйсембаев:


– Сол жерде отырғандар тыйып, тоқтатып отыру керек. Ешкім ескертпегесін қайталай береді.


Нағима Барақ:


– Тост арасында үлкендер ескерту жасау керек еді. Иә, күлдірем деп бүлдіріп жүргендер көп.


Қуат Адис:


– Сол жерде арнайы сөз сұрап, ортаға шығып, бетіне айтуыңыз керек еді. Әрбіріміз «той иесінен ұят болар» демей, ондай асабалардың әбес әрекеттері мен ұятқа тиетін сөздерін айтуымыз керек. Сонда тыйылады.


Райхан Имаханбет:


– Әдепсіз асабаға ескерту айтамын деп, құдағиымызды ренжітіп алғаным бар.


Шүкіралла Шерімбетов:


– Осындай асабалардың кесірінен тойдан сән кетті, көңілденіп емес, мұңайып қайтасың.


Жанар Халықбергенова:


– Асабаны таңдағанда тойды қалай жүргізетін, қалай басқаратынын өзінен сұрау керек. Дөрекі сөздер, жаман қылықтар көрсетпе деп ескерткен жөн деп ойлаймын. Өйткені,  сіз жалдап отырсыз. Ақшасын төлеп отырсың, айтуға міндеттісің. Жиналған жұртты күлкіге қарқ қыламын деп кейбір асаба ерсі әрекеттер жасайды. Келген меймандар бір асабаның өзінен де үлгі алып кететіндей болып жатса, кәнекей. Тойға жиналған ағайын күйкі тірліктен бір сәт демаламын деп келеді, сондықтан олар шаршамай, риза болып тарауы керек.


Ержеңіс Тастыбай:


– Тойдың көбінен көңілсіз қайтам...


Зәмзагүл Мұқанова:


– Мен қасына барып тұрып, ескерту айтам, айтып қана қоймаймын, микрофонды алып, халыққа да үндеу жасаймын. «Қымбатты ағайын, мына асаба тәртіптен кетіп, аузына ие болмаған жағдайда, ортамыздан, өз асабамызды шығарамыз» деп. Сосын бірден буы бұрқ етіп, тәубесіне түсе қалады. Ал сіз бен біздің үндемей қалғандығымыздан, асабалар есіріп барады. Айтқан анайы сөздерінен құлағың тұнады, ал ойын ойнатқандарын көргенде, жағаңды ұстайсың. Сондықтан той иелері бірден келісім жасау керек, орнымен сөйле деп. Көп нәрсе өзімізге де байланысты-ау. «Үндемеген үйдей бәледен құтылар» деп отыра береміз. Жалпы, той жөнінде ойланар мәселе көп.


Олжас Отар:


– Асхат Қылышбек, Болатбек Мейірбекұлы деген мықты асабалар бар. Сөздерінің арасына қыл симайды!


Нұрзия Әлімбекова:


– Асабаларға арнайы ізденіс, рухани сабақтар, жан-жақты даму қажет деп ойлаймын. Мен өзім Амандос деген асаба жігітке өте ризамын, мәдениетті, жан-жақты дамыған өнер иесі.


Бекмырза Сырымбетұлы:


– Мен өзім жасаған тойларда асабаға дөрекі ойындарды ойнатпауын, ерсі қылықтарды көрсетпеуін, әдепсіз әзілдерді айтпауын алдын ала ескертемін. Олай етсең, ақыңды қысқартамын деймін. Бәріміз солай етуіміз керек!

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

19:10

18:45

18:02

17:43

17:39

17:31

17:20

17:17

17:05

16:54

16:41

16:15

16:05

15:56

15:39

15:21

15:14

14:45

14:40

14:34

14:07

13:47

13:30

12:58

12:32