Иттің арландары еді.
Біз бала күнімізде малшы ауылда тұрдық. Нақтырақ айтсам, Сырдария өзенінің жағасында орналасқан қоржын тамда. Ол Шиеліден 20 шақырым жерде болатын. «Су бар жерде, ну бар» дейді емес пе? Үйіміздің айналасы тораңғы, ешкі тал мен жиде ағашы. Көктемде қызғалдақ пен сарғалдақ гүлдегенде, құдды бір кілем жайып қойғандай көрінетін. Үйдің арты жал-жал құм. Оны бес құм асуы дейтінбіз. Көз алдыңызға баяғы қазақы ауыл елестейді. Көрші үйде атамның қарындасы тұратын. Ол кісіні апа деп атайтынбыз. Апамның қосағы қақпан, тұзақ құрып кейде мылтықпен аң-құс атып әкелетін. Ал, апам болса, түйе, жылқы, сиыр сауып, құрт пен майды, ірімшік, айран мен қатықты керемет әзірлей білетін. Қазан жаппаны дәмді пісіретін. Шіркін-ай!
Олар ірі қараны көптеп өсіретін. Ал, менің әке-шешем уақ мал мен біршама сиыр ұстайтын. Дарияның жағасы болғаннан кейін бе, екі үй де бау-бақшамен айналысты. Өрік, шабдалы, шие, жүзім қандай тәтті десеңізші! Онымен қоса табиғат берген даланың итмұрыны, саңырауқұлағы, жабайы жуасы болатын. Жездемдерде бала көп. Ер жеткендері де, мектеп жасындағылары да бар. Ал, біз екі қарындасым, ата-анам, көкеміз – Абылайхан алтауымыз тұратынбыз. Кей-кейде атамның анасы - дәу әжеміз келетін. Жаз күндері киіз үй тігіп, ішінен жертөле қазып, айран суымызды ішіне салып қоятынбыз. Ол – қазіргі тоңазытқыш. Құдды бір белгісіз аралда күн кешіп жатқандай болатынбыз. Бір күні жезде атам ұлдарымен аңға шығып, жолшыбай қақпанға түскен қасқырларды әкелді. Біздер баламыз ғой, қайдан білейік. Оларды күшік деп ойлап таяқ, тас лақтырып қашамыз. Ол үйдің балалары да қызық үшін қамшымен ұрып, күрзімен теуіп зәбір көрсететін. Түз тағыларының аяқ қолдары құрсауланған. Үйімізде Тузик пен Рекс дейтін иттеріміз бар-тын. Тузик шағын ғана, бірақ мығым, қытайдың пандасына ұқсас келетін. Өте қабаған. Ал, Рекс бұған қарама-қайшы. Ірі денелі болатын. Екеуіне де ортақ мінез – қарсыласқаннан қан шығармай қайтпайтын еді. Әкелгендері енді жетіліп келе жатқан қаншық пен еркек қасқыр екен. Алғашқы күндері қасқырларға тиіспеді. Біздің иттер түнімен абалап жатпайтын болды. Үшінші күні жездем еркек қасқырдың терісін алды. Екіншісін арғы күні соямыз дескен. Сол түні қаншық түні ұзаққа ұлумен болды. Иттер де күндегісінен әлдеқайда көп үрді.
Таң қылаң бере тыныштық орнағандай. Көкем ерте тұрып қойды өріске айдайтын. Сол әдеті бойынша қораға барса, екі-үш қой жайрап жатыр екен. Дереу әкемді оятты. Болған оқиғаны баяндады. Әкем жүгіріп көрші үйге кетті. Сөйтсе, олардың жабағысының құйрығын жаралапты. Сол баяғы ұрғашы қасқыр босанған бойда қасқырлығын қылған. Біздің Тузик пен Рекс көрінбейді. Қарасақ, екеуі әбден болдырған, үстері қан-қан малқора түбінде жатыр екен. Сірә, екеуі болмағанда, ендігі қорадағы бар қойдан айырылар ма едік, кім білсін? Екі үйдегілер де қанша рет білтелі мылтығын оқтап, мықтап іздесе де, қаншықты таппады. Одан бері бірнеше ай өтті.
Бір күні кеште біздің иттер көрінбей қалды. Ымырт жабылып, көз байланып қалған-ды. Үрген иттің үні естілді. Шуылдаған жел бір естіртіп, бір естіртпейді. Дауыс тоғай жақтан шықты. Әкем екеуміз тоғайдан қазан-ошақтың астына отын әкелуге кетіп барамыз. Аспан түнеріп келеді. Біз жүрген сайын дауыс жақындай түсті. Әкемнің орманға шықса, арқасында мылтығы жүретін әдеті бар болатын. Абалап, қиқулаған жаққа беттеп келеміз. Әсіресе, Тузиктің дауысы ерекше шығуда. Рекс те қалысар емес. Ырылдасып, құдды бір соғыс болып жатқандай. Біз де жеттік. Баяғы қаншық екі итке дес бермеуде. Намысқой Тузик барынша қарсыласып бағуда. Үсті бастары қызыл-ала қан. Екі тарап та қалжыраған. Мен айғайға салдым. Тузик маған қарап қалған сәтте, қылтамақтан қаншық тістеп байғұс итті жазым қылды. Мылтық оғы қаншықты жайратып салды. Жел де тоқтап, аспанның түнергені қараңғылыққа ұласты. Бір бұта түбінде Рекс сілейіп жатыр. Оны көтеріп үйге әкеттік. Бірақ – Тузиксіз.
Осыдан кейін көп уақыт бойы Тузикті есімнен шығара алмай жүрдім. Оның шағал, мәліммен айқасын білетінмін. Дегенмен қасқырмен арпалысуын алғаш көруім. Өзі де қартайған ит еді. Егерде «Сырттандар» ертегісіндегідей қасқыр иттен жеңіліс тапқан болса, бүгінде иттің «мысы» басым болар ма еді деп ойланып қаламын. Осы оқиғадан көп ұзамай менің Шиелідегі жаңа оқу жылым басталды. Тек демалыс уақытында малшы ауылға барып тұрдым. Рекс ажалы жетіп, тоғайда өліпті. Оны кейіннен жездемдер көрген.
Қазақтың «Жақсы ит өлігін көрсетпейді» дегені осы шығар. Есесіне екі күшік асырапты. Бәлкім, баяғы зәбір көрсетіп тепкілеу, оның үстіне қаншықтың өзінің сыңарына деген «махаббаты» осы жайттардың болуына алып келді ме екен деп ойлаймын.