Aleem! Елден жырақта жүрген қазақ жастары жасап шығарған ағылшын тілін үйрететін персонализацияланған платформа осылай аталады. Бастапқыда ол Telegram-да мини-қосымша ретінде танылып, қысқа уақыт ішінде өте жылдам таралып, ерекше танылды. Осындай серпінді App Store-да қайталады. Небәрі 72 сағат ішінде платформа 150 000 қолданушы жинап, органикалық өсімнің ерекше мысалына айналды. Тіпті бүкіл әлемге танылған "Duolingo"-ны шаң қаптырып кетті. Кейінгі бір-екі апта көлемінде технология саласында ел мерейін асқақтатқан жоба жайлы Aqshamnews.kz тілшісі ізденіп көрді.
Қазіргі таңда Aleem командаcында 8 адам жұмыс істейді. Олардың әрқайсысы оқумен бірге жобаны да "келістіріп жүр". Команда мүшелерінің бұған дейін атқарған істері әртүрлі, бірақ олардың бәрін бір мақсат тоғыстырған, ол - тиімді әрі қолжетімді білім алу идеясы.
Алидар Күчуков - CEO, 17 жасынан бері стартаптар жасайтын кәнігі кәсіпкер. Оның блокчейн негізіндегі ашық қайырымдылық платформасы 150 000 доллар инвестиция тартқан. Қазір ол бар назарын Aleem-ге аударып отыр.
Асылжан Алтай - CMO, ағылшын тілін өз бетінше оқуды үйрететін GEETENG онлайн-мектебінің тең құрылтайшысы. Бостанда Hult International Business School-да грантта оқиды. Назарбаев зияткерлік мектебінің түлегі, 700 мыңнан астам жазылушысы бар контент жасаушы.
Бердібек Сапарбеков - COO, Johns Hopkins университетінде оқиды, Қазақстандағы SAT және IELTS бойынша ең ірі мектептердің бірін құрған (айлық айналымы - 47 000$).
Темірлан Аманжанов - CTO, толық грантта оқитын NYU студенті (400 000$). Ace.it және басқа да білім беру платформаларының негізін қалаған.
Темірлан Темірбаев - founding engineer, Қазақстандағы ең ірі Web3 хакатонның жеңімпазы.
Креатив командасы:
- Ален Алтай - креативті директор, каналы 300 млн-нан астам қаралым жинаған автор, GEETENG-нің тең құрылтайшысы.
- Амаль Садекова - UX/UI-дизайнер, UPROCK-та тағылымгер.
- Айя Жұмағалиева - Parsons School of Design студенті, суретші және дизайнер.
Команданың берген мәліметіне қарағанда, олардың жасап шығарған бұл қосымшасы Қазақстан, Өзбекстан,Тәжікстан, Түркменстан және Әзірбайжан бойынша бірінші орында, Молдова, Ресей, Беларусь елдері бойынша екінші орында және тоғыз мемлекет бойынша топ 10-ға кірген: оның ішінде БАӘ бар. Олар Америкада маркетинг жасамаса да, 55-орынға шыққан.
Aleem қосымшасын жасау идеясы биылғы жылдың көктемінде дүниеге келген екен. Алидар Күчуков Орталық Азиядағы ең ірі ағылшын мектебінің негізін қалаушысы, досы Асылжан Алтаймен әңгімелесу барысында ағылшын тілін репетитор сияқты тиімді, бірақ миллиондаған адамға қолжетімді етіп үйрететін платформаны жасап көрсе қалай деген ой келеді.
2024 жылы олардың GetEnglish (GETENG) мектебі 4000+ студент оқытып, 100 000 доллар таза табысқа жеткен еді. Бір жылдық үзілістен соң Алидар жаңа өнім идеясын қайта қолға алды.
Жазда команда Telegram-да алғашқы MVP - speaking-ботты жасайды. Бір ай ішінде ол 40 000 қолданушы жинады. Бастапқыда достар қолданады деп ойлаған жоба күтпеген органикалық өсімге ие болды.
App Store-ға шығарғанда, команда оған үлкен үміт артпаған. Бірақ нәтиже команданың өзін таң қалдырған: 72 сағатта 150 000 қолданушы қосылған. Ешқандай жарнама қолданылмаған.
Ағылшын тілін үйрену нарығында қазір бәсеке көп. Бірақ Aleem командасы инновацияның тіпті ең толған салаларда ешкім күтпеген кездің өзінде пайда болатынын дәлелдеді. Команда мүшелері ағылшын тілін үйренуде бастарынан өткізбен тәжірибеге сүйеніп, тіл оқыту жүйесінің кемшіліктерін жақсы білді. Қымбат курстар, ескірген бағдарламалар, бейімделмеген әдістеме. Олар бұл туралы
Алидар:
"Сол кезде түсіндік: мәселе адамдарда емес, жүйеде".
Бердібек:
"Адамдардың қарқыны мен қабілеті әртүрлі, бірақ соған қарамай, бәріне бірдей бағдарлама беріледі".
Олар өздері революция жасадық деп санамайды, жоба тек оқытуды жеңілдеткісі келген ойдан туындаған.
Бердібек тағы бір нәрсені атап өтті.
"Біз ChatGPT мен YouTube-пен өскен буынбыз. Бұл - оны түсінген адамға тегін университет. Біздің жастағы көптеген кәсіпкерлер - өздігінен ізденіп, үйренгендер. 19 жасымызда жүйе құрып, команда басқара алдық. Бір қуантатыны, қазір Қазақстанда 16-22 жас аралығындағы фаундерлер қауымдастығы жылдам өсіп келеді".
Aleem платформасының тартымдылығы - оның қарапайымдылығында. Платформа қолданушыға тым көп жүктеме артпайды күрделілікті автоматты түрде бейімдейді, қателерді түсінікті етіп көрсетеді және оқу процесін тым қиындатпайды.
"Біз оқу процесін жеңіл әрі еркін еткіміз келді", - дейді Бердібек.
Идеядан өнімге дейінгі жол және жаңа нарықтарға бағыт
Команда тілдер санын көбейтуге асықпайды. Алдымен қазақ тіліндегі нұсқаны шығару негізгі басымдық болып тұр.
Бердібек:
"Алдымен ағылшын бөлімін өзіміз толық қанағат ететін деңгейге жеткіземіз"
Алдағы жоспар:
- Қазақша - Ағылшынша
- Испанша - Ағылшынша (Латын Америкасы - алып нарық)
- Кәрісше - Ағылшынша
- Қытай, түрік, араб тілдері
Инженерлік команда жүйенің тілдерді жылдам қосуға мүмкіндік беретін архитектурасын жасап жатыр.
Қазіргі мақсат - сапаны жоғалтпай ауқымды кеңейту. Команда жаңа континенттерге асықпайды, негізгі өнім идеалды деңгейге жеткеннен кейін ғана кеңеюді жоспарлайды.
Дегенмен, Aleem-нің амбициясы өте айқын:
"Біз мыңдаған немесе жүз мыңдаған емес, миллиондаған, тіпті, миллиардтаған адам қолдана алатын оқу жүйесін жасағымыз келеді".
Aleem-нің миссиясы - әлемді "мойындату".
Aleem - білімді баршаға қолжетімді етуді мақсат еткен жаңа буын платформасы. Команда жеке тәжірибеден туған қиындықтарды шешуді, тіл үйренуді ұзақ әрі қымбат процесс емес, тиімді және баршаға лайықты жүйеге айналдыруды көздейді.
Aleem - Қазақстандағы техкәсіпкерліктің жаңа дәуірінің символы. Команда жас, идеясы батыл, ал миссиясы айқын:
адамдардың экран алдындағы уақытын білімге айналдыру және әлем бойынша тіл үйренудің жаңа стандартын құруға жұмсаса деген ниеттен туған.