ffin.kz

Өзгелердің өнегесі: Ниет тазалығы бағаланады

Өзгелердің өнегесі: Ниет тазалығы бағаланады almaty-akshamy.kz

Бір жарым жылдай Стамбұлда тұрған Назерке Шәкірова түрік еліне білім іздеп барған еді. «Қазақ пен түріктің тілі ғана емес, діні де бір-біріне жақын, мәдениеті де ұқсас. Десек те, олардың экономикасы бізден несімен озық?» деген сұрақта Назерке үшін сиқыр бардай көрінетін. «Бұл сұраққа жауап табу үшін түріктермен жұмыс істеп көруім керек» деген Назерке қазір тері аяқ киімін шығаратын компанияның жарнама және сату бөлімінде жұмыс істеп жүр. Алматыға келгенде, Назеркені әңгімеге тартқан едік.


- Назерке, алдымен түрік тілін қалай меңгергендігіңмен бөліссең.


- Түрік тілін алфавитінен бастап сайттан үйреніп алдым. Қызығушылық болған соң, күнде өзіме түрік тілін оқуды міндеттеп қойдым. Кино көп көрмеймін, интернеттен оқығым келмейді. Әдеби кітаптарын оқу үшін Алматыда жүрген кезімде Стамбұлдағы дүкендерге онлайн тапсырыс беріп алдырттым. Түрікшемді жақсарту мақсатымен Алматыдағы түрік компаниясында 1,5 жыл тегін волонтер болып жұмыс істедім.



Негізі, оқуға бармай тұрып, қаланы зерттеп алу үшін екі жыл бұрын Стамбұлға барып келгенмін. Стамбұлдың әкімдігінде бір жарым ай ерікті болып жұмыс істедім. Сонда жүріп Стамбұлға келуге бола ма, тұруға ыңғайлы ма, түріктер қанша айлық алады, өмір сүру қандай деңгейде, адамдары қандай, оқуы қалай дегеннің бәрін зерттеп шықтым. Елге келіп, алты ай ақша жинап, бір жылға оқуға кеттім.


Түркияға барудағы мақсатым – магистратураға оқуға түсу болатын. Коронавирус басталмай тұрып оқуға кеткенмін. Емтиханнан өту үшін дайындық оқуын оқып жатқанмын. Екі айдан соң пандемия басталып, сабақ онлайнға көшті. Сәуірде бітіп кету керек сабағымыз қыркүйекке дейін созылғандықтан, ол маған қаржылай қиындық тудырды. Өйткені, төрт айлық оқуға қалтамнан қаржы шығарып, төлеп қойғанмын. Ал күзге дейін төлеуге ақша жоқ. Содан күнкөріс үшін вирусқа қарамай, Стамбұлға жұмысқа кетіп қалдым. Өмір сүру керек. Содан оқу жайына қалды.


- Стамбұл өзің ойлағандай болып шықты ма?


- Стамбұл, сөз жоқ, әдемі. Наполеонның «әлем дүние бір мемлекет болса, оның астанасы Стамбұл болар еді» деген сөзінің жаны бар. Қай жаққа қарасаң да – теңіз. Қала тіршілікке өте қолайлы. Транспорты да жақсы. 20 миллионға жуық адам Стамбұлда тұрады. Бізде Алматыда неге жеке көлік өте көп? Себебі, әлі күнге дейін қоғамдық көлік мәселесі дұрыс шешілмегендіктен, халық өз проблемасын өзі шешу үшін көлік алады. Стамбұлда жүрдек пойыздар жүріп тұр. Қаланың өзі Еуропа, Азия деп бөлінеді де, сол екі орталықта поезд жүреді. Теңіздің ішіне бетоннан труба қойып, соның ішімен метро жүргізіп қойған. Мен жұмысқа сол метромен барып келемін. Қазақстанда болсам, менің жұмысым мен үйімнің арасына кететін уақыт 1,5-2 сағат болар еді. Стамбұлда мен метромен үйге 12-13 минутта жетіп аламын. Онда небір трамвайлар теңіздің жанымен жүреді. Тіпті, олардың кемесінің өзі төбесіне адам отырғызса, астына машинаны салып алып, адамдарды көлігімен қоса екінші жағалауға жеткізіп салады.


Бір қызығы, Түркия менің орамалға қатысты стереотипімді бұзды. Себебі, біздің елде орамал тағып, оранғандарды көргенде, намаз оқиды деген түсінік қалыптасқан. Ал түріктер үшін орану – мәдениет.  


- Жұмыс істеп жүріп, түріктерден не үйрендің?


- Еңбекқорлық. Бізде кеңес үкіметінен қалып қойған әдет пе екен, жұмыс уақыты біз үшін таңғы сағат 9 бен кешкі 6-ның арасы ғой. Оларда ондай ұғым жоқ. Жұмыс болса, 24 сағат еңбек етуге дайын. Бір мезет ұйықтап алып, қайта жасай береді. Біздегідей, түскі сағат 1 шәй-тамақ ішу уақыты деген ұғым оларда жоқ. Сенбі, жексенбі күндері біздегідей демалыс емес. Түркияда қаншалықты жұмыс істесең, сен соншалықты табыс табасың. Жұмыста барлық жағдай жасалып қойған. Үш мезгіл тамағы бар. Тамақ мәселесі түбегейлі шешіліп қойса, жұмысшы бар ықыласымен жұмыс істеп, бар энергиясын жұмысқа салады. Бізде елу адам жұмыс істейтін компанияда екі аспаз бар. Таңертең жұмысқа келгенде, түрікше таңғы ас дайын тұрады. Тоңазытқыштан айран, кола, сок дейсің бе, қалағаныңды алып ішесің. Кофе мен шайдың небір түрі тұрады. Оларда арнайы «шайшы» деген қызметкер бар. Жұмысы тек қана шай тасу. Оның өзі қазақтардың сүтпен ғана шәй ішетінін біліп алған.


- Түріктердің жұмысшы қазақтарға деген көзқарасы қандай?


- Біздің компания әлемнің түкпір-түкпіріне аяқ киім жіберетіндіктен, біз әлемдік нарыққа жұмыс істейміз. Менен басқа дүкенде төрт қазақ бар. Себебі, қазақтарда білім жақсы, пысықтығы да бар, тез тіл табысып кетеді, «білмеймін» деп айтпайды, «сен көрсетсең, үйреніп аламын» деп тұрады. Орысшаға жүйрік, түрікшені сол жерде жүріп үйреніп алады. 3-4 тілде еркін сөйлеген соң интеллектуалдық деңгейі жоғары. Ең бастысы шығар, түріктер қазақтардағы тазалықты жақсы бағалайды. Мақтанғандық емес, бірақ бізде ниет тазалығы бар. Өзге ұлттарды жамандамай-ақ қояын, бірақ оларда арамдық болмайды емес, сырттай көрініп тұрады. Қазақтарда аңқаулық бар ма, ақкөңіл ме екен, кез келген адамды өзіне баурап, тартып тұрады.


- Сендердің дүкендеріңнен аяқ киім алуға қазақтар бара ма?


- Қазақ саудагерлері аяқ киім алуға жиі келеді, бірақ неге екенін бізге деген көзқарастары нашар. «Қазақстаннан жұмыс таппай қалдыңдар ма, біреудің қоластына қарап, аяқ киім сатып жүрсің, одан да елде пол жуғаның артық еді» деп негатив нәрселер айтып кетеді. Білмеймін, біздің қазақтар дүкен мен кассада тұрсаң, төменгі дәрежедегі жұмыс деп қарай ма, бірақ оның айлығынан біздікі әлдеқайда жақсы. Біздікі де кәсіп, адал еңбек. «Аяқ киімнің бауын тағып бер, шешіп бер» деп әзер демалып, бұйырып сөйлегенді жақсы көретін қазақтар да жиі келеді. Арасында бір үлкен кісілер болып тұрады: «Қызым, қазақша сөйлейсің бе, айлығыңды беріп жатыр ма, ешкім тиіспей ме, құлдықта жүрген жоқсың ба?» деп сұрайды. "Бәрі дұрыс болса, жұмысыңды жалғастыра бер, қайда жүрсең де аман бол" деп қамқорлық танытып, қолдау білдіріп жатады. Сондайда бір марқайып қаламыз.


- Түріктерден қандай жақсы мінез көрдің?


- Түріктерде маған әкесі мен ұлының арасындағы қарым-қатынас қатты ұнады. Біздің жұмыста директордың екі ұлы бар. Олар біздегідей «мен директордың баласымын» деп шіреніп жүрмейді. Бізбен бірге еден де жуады, тауар да тасиды, үсті басы шаң-шаң болып бізбен бірге жүгіріп жүреді, үлгермей жатсаң, көмектеседі, білмей жатсаң, айтып жібереді, тамақты бізбен бірге ішеді. Баласының жеке офисы жоқ, бізбен қатар жүрген соң өзіңді жатсынбайсың. Қазақстанда біз директордың баласы десе есікті қағып кіреміз ғой. Түріктер ұлдарын ақшаның жолында емес, адамгершіліктің жолында тәрбиелейді. Жұмыста біз бастықпен қалжыңдасып аби, кардешім деп сөйлесе береміз. Олардағы басшы мен жұмысшының арасындағы байланыс өте жақсы. Қиналып жүргеніңді көрсе «не дертің бар?» деп сұрайды. Сол кезде үйдегі дертіңнен бастап қалай бәрін айтып қойғаныңды білмей қаласың. «Өмір ғой, Құдайдан қайтсын» деп үнемі Құдайға қайтып отырады. Солары ұнайды.


- Алматы мен Стамбұлға қатысты не айтар едің?


-Алматыда қалай бұрылсаң да, білім беру орталықтары, тіл курстары деген жазуға көзің түседі. Сол жағына қатты қуанамын. Ал Стамбұлда қалай бұрылсаң да, киім мен тамақ. Түркияның телевидениесінен өнеге боларлықтай ештеңе таба алмадым. Олардың телеарнасы толған шоу болғандықтан шығар, халықты қараңғылыққа тәрбиелейді.


Сұхбатыңызға  рақмет!


                                                               


 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

12:32

12:21

12:04

11:51

11:00

10:53

10:51

10:37

10:13

10:04

09:54

09:53

09:38

09:35

09:05

08:58

08:49

08:05

19:10

18:45

18:02

17:43

17:39

17:31

17:20