ХХІ ғасырда инновациялық технологиялар кең ауқымда қоғамның барлық саласына еніп қана қоймай, сонымен қатар қалыптасқан құндылықтарға өзгеріс алып келуде. Қазіргі таңда ақпараттық технологиялар саласынан бастап, медицина, қаржы, құрылыс, коммуникация және саяси қоғамдық салаларға жасанды интеллектіге негізделген технологиялар жаппай кірігуде. Адамзаттың дамуында бу машинасының, электр тогының қолданысқа енгізілуі күрделі өзгерістердің бастамасы болған болса, ХХІ ғасырда жасанды интеллектке негізделген технологиялар алдыңғы шепке шықты. 2023 жылы, Гугл ақпараттық іздеу жүйесінде «жасанды интеллект» ұғымы қолданушылар тарапынан жыл бойына ең көп сұралған тақырып болды. Бүгінде аталмыш технологиялық жаңалықтар елімізде де кеңінен қолданысқа енуде. Осы орайда жасанды интеллектке негізделген технологиялардың қоғамдық құндылықтарға ықпалы қандай? Олар адам өміріне қандай өзгерістер мен мүмкіндіктер алып келеді?
Төрт қабілет, төрт бағдар
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында еліміздегі жоғары оқу орындарында жасанды интеллектіге негізделген технологияларды оқытатын факультеттер ашу қажеттігін, жақын болашақта аталмыш технологияның жоғары маңызға ие болатындығын атап өтті. Бүгінде адамзат баласы ақпараттың аздығынан емес, керісінше оның тым көп болғандығынан жапа шегуде. Себебі, соңғы елу жылда жинақталған ақпарат көлемі соңғы мың жылдық кезеңмен бірдей ауқымда. Қазір де барлық салада жасанды интеллект технологияларының ықпалы, рөлі, маңызы туралы көп айтылуда. Сәйкесінше, қандай да бір зат бойынша ақпарат көбейсе, арасында негізсіз, жалған ақпараттар мен стереотипке негізделген ойлар да бірге жүреді. Сол себепті, жасанды интеллект технологияларының шынайы әлеуетін қоғамда кеңінен талқылау қажет деген ойдамыз. Технологияның жасанды интеллект аталу себебі, келесі төрт қабілетіне байланысты:
- – Ауқымды ақпараттық база негізінде, кез келген жаңа тапсырманы белгілі бір уақыт көлемінде меңгере алуы. Мәселен, IBM компаниясының бағдарламасы шахмат ойынын 115 минутта меңгертіп, тәжірибелі ойыншыны жеңгендігі дәлел;
- – Ақпаратты талдай алу қабілеті. Сәй кесінше, әрбір қолданушының сұранысы бойынша, ерекше ақпараттық алгоритм бойынша жұмыс жасай алады. Белгілі бір уақыт көлемінде қолданушыны толық зерттеп, нақты не қажет екендігін біле алатын сенімді көмекшісіне айнала алады;
- – Өз қателігінен өзі сабақ алу қабілеті. Бұл қабілеті өте маңызды. Себебі, уақыт өткен сайын әлеуеті артып, күрделі сұрақтарға нақты жауап бере алатын болмақ;
- – Шығармашылық қабілеті. Яғни ауқымды ақпараттарды талдау арқылы, визуалды статистикалық мәліметтер, жаңа идеялар, мәтіндер мен тіпті музыка жазу қабілеті.
Цифрлық технологиялық дүмпу
ХХІ ғасыр ақпарат ғасыры ғана емес, сонымен қатар технология ғасыры. Соңғы ширек ғасырдағы адамзат қолданысына енген технологиялық жетістік, өткен екі жүз жылдық кезеңмен пара-пар. Күнделікті өмірімізге еніп жатқан ақылды смартфоннан бастап, сутегі, күн энергиясымен жүретін көліктер, онлайн төлем жүйесінің артуы, қашықтықтан білім беру, емдеу, психологиялық көмек көрсету сынды қоғам өмірінің басым бөлігі цифрлану барысында. Біз мұны соңғы ширек ғасырдағы цифрлық технологиялық дүмпу деп атаймыз. Адамзат тарихында технологиялық жетістіктерге жету және оны қоғамдық өмірге қолданысқа енгізу ерте кезеңдерден бастау алады. Ғылым мен білімнің дамуы қоғамға біршама игіліктер мен мүмкіндіктер алып келеді. Алайда, жаппай қоғамдық қолданысқа енгізіліп жатқан жаңалықтардың әлеуметтік теңдікті қалыптастырудағы рөлі толық зерттелмей, қоғам назарынан тыс қалуда. Мысалы, Еуропада орта ғасырда су көліктерінің жаппай дамуы, отарлық саясатқа алып барды, бу машинасының кеңінен қолданылуы, сәйкесінше, ауқымды капиталға ие азшылық қалыптастырып, жұмысшы табын құрды. Бұл тұрғыда жасанды интеллектке негізделген технологиялардың әлеуметтік теңдік қалыптастырудағы ықпалы қандай болмақ?
Қазіргі таңда жасанды интеллектіге негізделген технологиялардың бір саласы чатботтар, яғни сұрақ-жауап форматындағы құрылым жоғары сұранысқа ие. Аталмыш платформа тегін және ақылы негізде қызмет көрсетеді. Алайда, жақын болашақта кәсіби қызмет көрсететін, толық қалыптасқан форматтары тек ақылы негізде ғана қолжетімді болатынын ескерсек, әлеуметтік негізде капиталистік азшылық пен бұқаралық тұтынушылар арасында таптар бөлінісін алып келу ықтималдылығын көреміз. Бұл тақырып ауқымды зерттеуді талап етеді. Жасанды интеллектіге негізделген технологиялардың қолдану аясы кешенді болғандықтан, жасанды интеллектілі бағдарлама негізінде жұмыс жасайтын бағдарламалар түрлері өте көп. Алайда, OpenAI компаниясы жариялаған чатбот (сұрақ-жауап) форматында жұмыс жасайтын СhatGPT моделі қазір жоғары сұранысқа ие болып отыр.
OpenAI компаниясы – саладағы көшбасшы
Америкалық OpenAI компаниясы 2022 жылғы 30 қарашада, алғаш рет жасанды интеллектіге негізделген, диалог форматында жұмыс жасайтын ChatGPT платформасын таныстырды. Басты ерекшелігі – мәтінмен жұмыс жасайтын, қарапайым бірақ бірегей жоба болуында еді. Алғашқы бес күннің өзінде оны бір миллионнан аса қолданушы қолдады. Қазір OpenAI компаниясы, 3.0, 3.5. және 4.0 cынды бағдарламаларын жариялады. Әрбір нұсқасы жаңа толықтырулармен және ауқымды функцияларын қосқандығымен ерекшеленіп, видео жасау, фото, музыка жазудың жоғары деңгейіне жетіп отыр. Сонымен қатар, ақпараттық технологиялар саласында ауқымды нарық қалыптасып, басқа да Google, Microsoft және т.б компаниялар жасанды интеллектіге негізделген платформаларын жариялауда. Алайда, қолданушылар саны бойынша OpenAI компаниясы көш алда.
OpenAI компаниясы 16 қаңтарда өзінің маркетплейсін жариялады. Қазірдің өзінде 100-ден астам түрлі салаға қажетті бағдарламалар бар. Ғылыми-зерттеулер саласында соңғы алты айда елуден аса жасанды интеллектіге негізделген платформалар жарияланды. TechIndustry болғандықтан, бірі екіншісінен асып түскісі келеді. Арасында өте керемет те, негізсіз нашар бағдарламалар да бар. Қазіргі таңда елімізде ғана емес, әлемде қолданушылар аясында жасанды интеллект платформаларын жұмыс, оқу, зерттеу бойынша қолдануда этикалық негіздері, философиялық ерекшеліктері сынды көптеген сұрақтар қалыптасуда. Бұл тұрғыда келесідей маңызды шарттарға назар аударғанымыз жөн.
Біріншіден, ChatGPT немесе басқа да бағдарламалар Сіз үшін ешқашан мақала, диссертация, кітап жазып бермейді. «Енді ғылыммен айналыспауға болады, кітапты да, зерттеуді де арнайы бағдарламалар жаза береді» деген ой негізсіз, жалған. Қандай да мәтін жазып бергенмен, антиплагиат бағдарламалары арқылы оңай анықталынады;
Екіншіден, жасанды интеллект технологияларын тиімді қолдану үшін танымдық тұрғыда келесідей түсініктерді қалыптастырған жөн:
- – Жасанды интеллект «жетекші», «құпия профессор» ретінде қолдануға болмайды. Бірақ оны «ассистент», «көмекші» ретінде ұқыпты жәрдемші ретінде қолдануға болады. Сәйкесінше, көмекшіміз жасаған жұмыс екі рет тексеруді талап етеді.
- – Жасанды интеллектке ешқашан зияткерлік, интеллектуалдық жұмысты сеніп тапсыруға, беруге болмайды. Бірақ қандай да ауқымды жұмысты мәні бойынша құрылымдық талдауға немесе белгілі бір тақырып аясында брэйншторминг жасауда, физикалық, тапсырманың мәнін өзгертпейтін жұмысты беруге болады. Құрылым жасауға болады, контент жасатуға болмайды.
Үшіншіден, ХХІ ғасырда ғылымда ақпараттың, датаның жоқ болуынан емес, тым көп болуынан кедергілер туындауда. Мысалы, гуглға қандай да бір тұжырымдама жазсаңыз, бір секундта жүз мыңдаған ақпарат тауып береді. Көп. Тым көп. Бұл тұрғыда жасанды интеллект негізінде жұмыс жасайтын бағдарламалар ( мысалы, literal, litmaps, researchrabbit, etc), шартты түрде екі мың беттік құжаттан сіздің тақырбыңызға байланысты ақпарат жазылған 1324 бетті нақты тауып бере алуымен, көп шаруаны аз уақытта бітіруге мүмкіндік аласыз. Мысалы, 12 қаңтар күні ақпараттық гигант, Elsevior компаниясы өзінің SCOPUS AI бағдарламасын жариялады. Бұл қызмет арқылы СКОПУС базасынан журнал, мақала табу бірнеше есеге жеңілдейді.
Алайда, жасанды интеллектке негізделген технологиялар тек ақпараттық талдау, ғылыми зерттеу саласында ғана емес, сонымен қатар әскери, қауіпсіздік, медицина, қаржы салаларына да белсенді түрді кірігуде. Халық арасында жасанды интеллект технологияларының ықпалын асыра бағалаушылар да өте көп. Бірі роботтар жұмысымызды тартып алады десе, екіншісі тіпті мемлекеттер арасындағы соғыстар роботтар арасында болады деген сыңайдағы пікірде. Алайда, мойындайтын бір факт бар, жасанды интеллектке негізделген технологиялар сіздің жұмысыңызды тартып алмауы мүмкін, бірақ соңғы технологияны меңгерген келесі бір маманның жұмысыңызды тартып алу мүмкіндігі әбден мүмкін. Сондықтан жаңа технологияны меңгеру ешқашан кеш емес.