Елдік, ұлттық мүдде барша істен қадірлі. Қоғамның өзекті мәселесін айта білген абзал. Негізі, елдің сөзін айтатын арда тұлғалар шоғырын заманның өзі шығаратын сияқты. Рухани өмір жан азығы екені ақиқат. Жан-жүрегін рухани мәдениетпен байыта алған жұмыр басты пенде қай істің де қиюын келтірері анық. Осы ретте Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат орденінің» иегері Асылы ОСМАН апамыздың ой-пікірін білген едік.
Qazaq Eli деген атауға көшейік
Біздің баршамыздың Отанымыз, ол – қасиетті қазақ жері. Қанша ұлт пен ұлысты өз құшағында баурап отыр. Түгел түркінің қарашаңырағы – Алтай. Уағындағы Тұран елі де осы. Ежелгі Түркі бабаларымыз төрткүл дүниені ат тұяғымен дүбірлеткен. Әлемде мемлекет құрудың үлгісін жасаған. Алаштың айбынды ардақтысы, ақын Мағжан Жұмабаев «Түркістан екі дүние есігі ғой» өлеңінде «көп түрік енші алысып тарасқанда, қазаққа қара шаңырақ қалған жоқ па?!» деп жырлаған. Тереңнен түсінген пендеге бұдан асқан астарлы сөз болмас.
Сыртқа кеткен түркі халықтарының барлығы осы атамекенді ардақтайды. Сондай- ақ, «атажұрт» деп айрықша қастерлейді. Оларға қыдырып бара қалсаң, жылы шырай танытады. Демек, әркім өзінің түп-негізін құрметтегені абзал. Ең қиыны, сырттағы ағайындарға Отанымыз ыстық болып тұр. Ендігі кезекте өз ішіміздегі патриотизмді жандандырайықшы. Әйтпесе, әбден отаршылдықтан шаршаған ел-жұртымыздың еңсесін көтеру оңай емес.
Біз Қазақстан дегенді қойып, Qazaq Eli деген атауға көшейік. Іргедегі айыр қалпақты ағайындардың өзі «Қырғыз Республикасы» деп нақтылап алған. КСРО-ның қылышынан қан тамып тұрған кездің өзінде «Қазақ Республикасы» болып тұрдық. Дербестіктің алғашқы жылдарында республика атауын қазақшалауға жанталасып жүрдік. Басында бәрі отаншыл еді. Кейін бәсеңдеді. Қай күні қазақшылыққа бұрыламыз, сол кезден бастап іс өнеді.
Қазақ тілі – мемлекеттілік белгісі
Егер шынайы шындыққа келетін болсақ, қоғамдағы барлық нәрсе тілге байланысты. Тіл ортақ болмай, қоғам топтаспайды. Тілді білген жан ғана сол ұлттың жан-дүниесін ұғып, құрметтейді һәм сыйлайды.
Біз бір нәрсені түсінуіміз керек. Қазақ тілі – мемлекеттіліктің белгісі. Біз көп тіл үйренуге қарсы емеспіз. Әйткенмен, қазақ ұлтының жаны – қазақ тілінің керек болмай тұрғанына қарнымыз ашады. Осы ғой жүйкені тоздыратын.
Артта жаңа буын өсіп келеді. Ендігі жас ұрпақ тілге жанашыр болса екен. Бәріміз керек қылмай тұрсақ, өзгелер қажетсінбейді. Қарақтарым, жер бетінде қазақ ұлты өмір сүріп тұрғанда, қазақ тілі жасай береді деп сенемін. Тіл тағдыры ұлттың болашағын айқындайды. Кім қазақша керек емес десе, онда жаңылысқаны. Өйткені, қазақ тілі – түркі елдерінің түпқазығы. Алтай тілдерінің ішіндегі тұнығы. Өзге түркі халықтарында араб, парсы және шетелден кіріккен сөздер көп. Ал бізде ол жоқтың қасы, бізде өзге сөз болса да тым аз.
Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған, Әзербайжан басшысы Ильхам Әлиев, бәрі-бәрі қазақ тілінің тұтас түркі халықтарына ортақ құнарлы, нәрлі, өз қалпын сақтаған тіл болғандығын айтыпты. Демек, әлемді айбынымен, ақыл-айласымен өзіне назар бұрғызған туыстас елдердің басшылары бір дүниені біліп, көріп жорамал жасаған болар. Негізі, қазақ тілінің көрер жарығы мол.
Осы күні Тұран одағын құру, соның сыртында ортақ әліпби жасау туралы бастама көтеріліп келеді. Бұл негізі сонау Кеңес Одағы тараған соң, 1991 жылдан кейін айтыла бастаған идея-тұғын. Бұған уақыт-сағаты әлі келмей тұрса керек-ті. Аталған идеяға түбі бір оралармыз. Біздің пайымдауымызша, түркі елдерінің ортақ жазуы болғаны құба-құп. Онсыз да Өзбекстан, Түркіменстан, Әзербайжан және т.б. латыншаға әлдеқашан көшкен. Түркия 1923 жылдан бастап Еуропаға жақындау мақсатында заманның ығына қарай латынды қолдаған шығар. Біз әлі екі арбада келеміз. Қазақ тілін латын қарпіне көшіруге ниеттіміз.
Алайда, ісіміз шалағай. Осы шаруаны тездетіп істейтін уақыт келді. Қазір жастар әлеуметтік желіні, ғаламторды, латын әрпін ойланбай қолданады. Ғылым, білімнің көбісінің дереккөзі сонда. Әлбетте, үлкен кісілерге қиындау болуы мүмкін. Дегенмен, бұл уақытша процесс. 1929–1940 жылдар аралығында латын тілін қолдандық. Сол кездегі КСРО құрамында тұрсақ та, өз тіліміздің қадірі қашпады. Алаш қайраткерлері жасаған, әсіресе, Ахмет Байтұрсынұлының еңбегі сіңген істі неге кешеуілдетеміз. Қолдан келгенше бұрын пайдаланған латын алфавитін заманға ыңғайлап қолданысқа енгізейік. Бұны қайта-қайта талқылап, тендер өткізе беруді доғарайық.
Қазақтың тілі, әдебиеті, мәдениеті, дәстүр-салты дейміз, алайда қазақтың химиясы деп айтпаймыз. Менделеевтің таблицасының түгелі қазақтан шығып отырса да, қазақтың химиясы деп неге айтпаймыз?! Міне, сұрақ! Қазақтың физикасы деп те сөйлемейміз. Сонда тіл мен тарих егіз ұғым. Тарих – мемлекетті сақтайды, тамырын дәлелдей алады. Ал тіл – ұлтты айғақтайды.
Инновация – бәріне ортақ қой. Жаңалық ашсаңыз, ол – инновация. Егер біреу жаңалық ашса, соны сол адамға телиді. Ал қазақ тілі сол тумысынан қазаққа телулі.
«Келісіп пішкен тон келте болмас»
Мемлекет басшысының Egemen Qazаqstan басылымына сұхбаты шықты. Өте келелі әрі маңызды мәселелерге тоқталыпты. Оқып шығуға кеңес берер едім. Ұлтқа қажетті, мемлекеттің бағыт-бағдарын айқындайтын дүниелерді көтерді. Әсіресе, академик Дихан Қамзабекұлы да ұтымды сұрақтарды дәл тауып қоя білген. Бұл да үлкен шеберлік. Негізі, ұлттың басты баспасөз құралдарында халықтың көкейінде жүрген проблемалар қозғалуы тиіс. Бұқара мен билік егіз ұғым. Бір-бірінсіз күні жоқ. Сол себепті, бірлесіп іс қылған жөн. Қазақша айтқанда, «келісіп пішкен тон келте болмас». Елдің ішінде іскер жандар көп. Соларды қолдайық.
Қазақ қызын өзгеге қимаймын
Осы күні қыз тәрбиесіне байланысты әңгіме бар. Бұл мәселе күн тәртібінен түспей тұр. Бәрін елітіп тұрған – смартфон. Ішінен көрмейтін бәлесі жоқ. Телефонды орнымен пайдаланса бір жөн. Десе де, әртүрлі дүние көрген жас буын анаған да, мынаған да еліктеп барады.
Ел арасында «ұл бұзылса, отбасы, қыз бұзылса, ұлт бұзылады» деп алаңдаған. Қазақ қызының ары тапталмаса екен. Ата-бабаларымыз қызға қырық үйден тыйым жасаған. Оның да өзіндік мәні бар. Біздің алаңдайтынымыз, қыздарымыз шетелге тұрмысқа шығып, ұлттың қанын бұзбаса дейміз. Ағылшын, африкалықтың қолынан ұстап кетіп жатыр. Өрімдей, сұлу да сымбатты, қылықты, әдепті, білімді жас ұрпақтың өзгелермен шатысқанына жаның ауырады. Қан майданды кешіп жүріп, жан алысып, жан берісіп қазақ жерін сыртқы жаудан, ішкі даудан қорғап қалды. Соған қарамастан, күйдім, сүйдім деп ұлттың абыройын ойламау ұят іс. Қазақта «Ат айналып қазығын табар» дейді. Бізге қазақтың намысты, жүректі ұл- қыздарының өсіп-өнгені керек. Қазақ қалайда демографиялық тұрғыда көбейсе екен. Әбден геноцид көрген халқымыз ендігі кезекте қанатын кең жаюы тиіс.
Дәстүрлі кандидаттық, докторлық қорғауды қайта енгізейік
Ғылымның жағдайы алаңдатады. Бізден басқасының барлығы үш сатылы бакалавр, магистр, PhD-мен қатар, кандидаттық, докторлық қорғауды қатар алып жүр. Екеуін бір-біріне қарсы қоймайық. Бәлкім, шетелге кеткісі келгендер сырттан қорғап келер. Бүйте берсек, нағыз ғылыммен айналысатын ғылыми кадрды жойып аламыз. Олардан жөн- жосықсыз, есеп сұратып, қыспаққа сала бергеннен түк шықпайды. Ғылым – шығармашылық ізденіс. Ғалымдарды түрлі кедергіден қорғап, әлеуметтік жағдайын жасап, пәтер беріп, жалақысын арттырып, әлеуметтік мәселесін шешу керек. Қай ұлт өз ғалымына жанашырлықпен қарайды, сол ұлт нағыз ғылым мен жаңашылдықтың өзегіне айналады. Жиі-жиі ағылшынша, орысша есеп сұратып, тексеру жасап, естен тандыра бермеу қажет. Онсыз да ҰҒА әлі қалпына келмеді. ТМД аумағында академиялардың бәрі мемлекет қамқорлығында. Құрамындағы институттардың баршасы жұмыс істеп тұр. Демек, оларда ғылыми ізденіс, қамқорлық бар деген сөз.
«Мені құртқан көкшолақ...» дегендей, қазақ ғылымы мен білімін құртып жатқан сол – баллон жүйесі. Бұл шетелдің солақай саясаты. Біз тым еліктегіш болып алдық. Біреулер 12 жылдық білім беруге көшпекші. Бір ақылгөй шығып 15 жыл десе, соған да бас шұлғи беруіміз керек пе? Жоқ, жаным! Айдағанға көніп, айтқанға жүре беретін папуастардың елі емеспіз. Ұлтқа қызмет қылар, ел тізгіндер болмағандықтан, ғылым мен білімнің шырағданы жанбай тұр.
Қазақтың басы істейтін, білгір ғалымдары әлдеқашан шетелге, бизнеске және т.б. мекемелерге кетті. Ғылыми кадр азайды. Ұсақ-түйек мәдени орталықтардан академияның айырмашылығы болмай қалды. Осыған қалай жаның ашымайды? Көңілде «неге» деген сұрақ көп. Ғылым саласы адамдарының бала-шағасын асыраймын, кредит-ипотеканы жабамын деп университетте, колледжде, тағы басқа мекемелерде қосымша істеп жүргендігі жанға батады. Бір тақырыпты жоба ретінде 5 жылға бекіттіріп, содан қомақты айлық алып, күнкөріске алаңдамай, ғалымдар жұмыс жасайтын күнге жетейікші. Әгәрәки, ғалым қу тіршілікті ойлап, әрі-бері шапқылап жүрсе, онда ғылымның күні қараң. Ғылым адамын мазаламайық. Қайта ғалымдардың әлеуметтік жағдайын шешіп, түрлі әкімшілік кедергілерді алып тастайық. Қазақ «ғалымның хаты өлмейді» деп текке тәмсілдемеген.
Бұрын алдыменен ғылым кандидаттығын қорғайтын. Кейін докторлық диссертациясын сәтті қорғаса, өз саласы бойынша ғылым докторы атанатын. Баяғыда ғылыми жұмыс белгілі бір тәртіппен, рет-ретімен жүзеге асатын. Ілгеріде, тіпті ғылымға бейімі бар, өмірін ғылымға арнаған адамдар монография жазып, ғылыми ізденіс жасаса, ғылыми атақ беріпті. Көрдіңіз бе, әр нәрсенің өз жөні болған. Қазіргідей ағылшын білмесең, ғылымнан аулақ жүр демейтін. Бірінші кезекте ғылыми потенциалға қарайтын. Сөйтіп барып тақырып бекіту, ғылыми ізденіс жасау, қорғау жүзеге асатын.
Әрбір ұлттың өзіндік ерекшелігіне қарау керек. Мәселен, тарихтан қорғағанда сіз өзге тарихшыларды оқисыз, дейтұрғанмен өзіңіздің ғана тарихыңызды дәйектеп жазасыз. Тілді де салыстырып айтасыз, бірақ қазақтың тілінің ерекшеліктерін тізіп дәлелдеуге тырысарыңыз анық. Міне, бұл ұлттық ғылым.
Қазақ тілінен ғылыми дәреже қорғаймын деген жанға тақырып жетерлік. Көнеден келе жатқан кейбір сөздер архаизмге айналып барады. Кейде ұқпай, сөздіктен мағынасын оқимыз. Қазақтың қолданыстан шығып қалған төл сөздерін баршаға білдіру керек. Қазақтың тілі – бай тіл. Кез келген ұлттың тілі өзге тілден сөз алады. Тілді өзге кірме сөздермен байытқанымыз жөн-ақ, бірақ өз қалыбымызды бұзып алмайық. Егер шындыққа келсек, барлық дүние шығыс елдерінің дүниетанымынан алынған. Мақтанып айтамын, ең ақыры күн де шығыстан шығады. Айтарымыз, ғылым – қазақша болуы керек.
Елдің ішінде отаншыл азаматтар көп. Әсіресе, қазақтың ауылдан шыққан жастарын қолдайық. Қазақтың білімді, рухты жастарын жоғары лауазымға көтерейік. Кілең шенді-шекпендінің ұрпағын көтеретін заман өтті. Тамыр-таныстықпен келген кадр үмітті ақтамады. Бізге қазақша ойлайтын, қазақша түс көретін, қазақи менталитеттегі жас ұрпақ қажет. Қазақ елінің болашағы – қазақи азаматтардың қолында. Ал өзінің болашағын қазақпен байланыстыратын әрбір этнос Қазақстанды дамытуға үлес қосуға міндетті. Қиын-қыстау заманда қазақ өзгеге пана болды, жерұйыққа айналды. Ел мен жердің иесі, мемлекет құраушы ұлт – қазаққа қызмет қылатын кез жетті. Жаратқан ием, елімізді төтеннен келген апаттан, бәле-жаладан сақтасын. Қазағымның бірлігі мықты болып, жарқын болашағы алда болсын!
Жазып алған Олжас ЖОЛДЫБАЙ.