Шәкәрім Құдайберді туралы сіз білмейтін қызық деректер

  • 09:00, 11 шілде 2025
Шәкәрім Құдайберді туралы сіз білмейтін қызық деректер abaialemi.kz

11 шілде - ойшыл ақын, ағартушы, философ Шәкәрім Құдайбердіұлының туған күні. Aqshamnews.kz тілшісі ғұлама туралы сіз білмейтін деректер мен оның нақыл сөздерін жинап шықты. 

Қазақ руханиятының алып тұлғасы, Абай дәстүрін жалғап, ұлтқа ой салған Шәкәрім Құдайбердіұлы 1858 жылғы 11 шілдеде Шыңғыстауда дүниеге келген. Бүгінде бұл жер - Шығыс Қазақстан облысындағы Абай ауданына қарасты Кеңбұлақ мекені.

Шәкәрімнің әкесі - Құдайберді Құнанбайұлы, яғни ұлы Абайдың туған ағасы. Құдайберді жастайынан өлең мен өнегені бойына сіңіріп өскен, ел ішінде абыройлы адам болған. Бірақ өкпе ауруынан ерте қайтыс болады. Сол кезде Шәкәрім небәрі жеті жаста еді. Осыдан кейін жас баланы Абай өз тәрбиесіне алады.

"Жалыналық Абайға, жүр баралық" деп ағасының жолын қуа білген Шәкәрім кейін бүкіл қазақты Абайға еруге шақырған алғашқы ізбасар болды.

Білім мен еңбек - өмірлік қағидасы

Шәкәрім - тек ақын емес, энциклопедист ғалым. Араб, парсы, орыс тілдерін меңгеріп, шығыс пен батыс әдебиетін оқып, олардан үздік аудармалар жасады. Хафиз, Физули, Пушкин, Толстой шығармаларын қазаққа танытты.

Ол тек ой еңбегімен шектелмей, дене еңбегін де жан рахатына балаған. Қолынан балта да, қалам да түспеген тұлға болған. Қыста от жағудың жаңа тәсілін үйретіп, сым арқылы ауылдар арасын байланыстыруға тырысқан, дәрі-дәрмектен хабары бар, алғашқы көмек көрсете алатын сауатты адам ретінде де танылды.

Шәкәрімнің шежіресі мен саяхаты

1905 жылы ол қажылыққа барып, Мекке мен Мысырды, тіпті Париж кітапханаларын аралайды. Бұл сапар ақынның дүниетанымын тереңдете түсті.

1911 жылы "Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі" атты еңбегі жарық көріп, Алаш зиялылары арасында зор ықыласқа ие болады. Шәкәрім кейін Алаш қозғалысының сот жүйесінде де қызмет еткен.

Қуғын, қасірет және қайғылы қазасы

Кеңестік кезеңде "бұқара халыққа қарсы шықты" деген жалған айыппен ақын оқшауланып, кейін Шыңғыстау көтерілісін ұйымдастырды деген жаламен 1931 жылы НКВД тарапынан атып өлтірілді. Оның сүйегі құдыққа тасталып, 30 жыл бойы ұмыт қалды. Тек 1961 жылы ұлы Ахат әкесінің сүйегін Жидебайға, Абай зираты қасына жерледі.

1958 жылы Шәкәрім ресми түрде ақталды. Ал 1988 жылы Қазақстан Компартиясы оны толық ақтау туралы шешім қабылдады. Бүгінде Шәкәрім мұрасы - ұлттық құндылық. Оның "Үш анық", "Қалқаман-Мамыр", "Ләйлі-Мәжнүн" сияқты туындылары қазақ руханиятының алтын қорында.

Шәкәрім - Абай жолының жалғасы ғана емес, өзінің дара сүрлеуін салған ой алыбы. Ол қазақтың кім екенін, қайдан шыққанын, қайда бара жатқанын өз дәуірінде-ақ ойлап, соған қаламымен жол сілтеді. Бүгінде оның мұрасы жас ұрпақ үшін темірқазық болуға тиіс.

Шәкәрім Құдайбердінің нақыл сөздері 

  • Кей адамнан ит ілгері, достықты ұмытпайды, адал қызмет етеді.
  • Шын дос - жақсылықты ұмытпаған дос.
  • Мейірім, ынсап, әділет, адал еңбек, таза жүрек, тату дос - өміріңде өкіндірмес қасиеттер осылар.
  • Ақыл - өлшеусіз жарық нұр.
  • Жан тән қамын жеп тыныштық таппайды.
  • Екі жуан сыймайды жер жүзіне - тоғыз кедей сияды алашаға.
  • Сөккенің болсын - сүйгенің, достығың болсын - күйгенің.
  • Жүрегі таза адам қиянатқа бармайды.
  • Анық бақ: кірсіз ақыл, мінсіз сөз, адал еңбек.
  • Өзімшілдің іші - тар, ойы - шартық.
  • Абай - ақыл дариясы.
  • Адам үшін еңбек ет.
  • Надандардың сөгуі айып емес.

 Жұқпайды екен айтқан сөз,

Ғылымы жоқ наданға.

Саңырау мен наданға,

Естіле ме құр айқай.

Емделмеген адамға,

Ем бола ма құр ойбай.

Ел құлағын, көзін аш,

Оқу оқыт, ғылым жай.

  • Рас сөзге - егеспе.
  •  Білу, нану, ұнату - ақыл ісі.
  • Тіл - бұлбұл, сөз - бұлақ.
  • Өткен бақ - өкініш.

 Мейірім, ынсап, әділет,

  Шыдам, шыншыл, харакет,

  Түп қазығы - ақ ниет.

  •  Жүрегіңді нұрмен жу.
  • Өтіріктің тілін тия алмаған адам - адамдықтың ындынын тия алмайды.
  • Мен зияны тиер деп күдіктенген кісіме жылы жүзбен қараймын: мұным - пішініммен айтқан өтірік.
  • Мен тарыдай жақсылық қылсам, таудай зұлымдығымды жасырғалы қыламын: сөйтіп жүріп адам атануға ұялмаймын.
  • Қызыл гүлге қызығып сайраған бұлбұл - гүл соларын білгенде зарламай қайтсін?
  • Терең ой, түзу тәжірибесі бар адам ғайыптан хабар береді - әулие деген сол болса керек.
  • Егер ақылым да, жаным да менімен бірге жолығатын болса - онда мен жанып-өшкен от қанамын: дүниені өртесем де, мені ешкім жазалай алмайды.
  • Дүниеге қызығатын көзімді топырақ баспай тұрып, бейнеттен құтыла алмаймын: осынша тәтті көретін өмірден гөрі татпай тұрып ащы дегенг өлім жақсы болса керек.
  • Мен жастықта балалыққа қызықтым, одан бозбалалықты бақ деп білдім. Одан әрі адамшылық атты баққа қызметкер болдым. Ақырында баққа құл болдым. Себебі, жасаған сайын алдыңғы бұзылып, артқы бақ түзу сықылданды. Тенді ойласам: өлмегім хақ.  Жә сол бақтарымның ең жарамдысын ұстап қана өлгеннен басқа не бар деп ойлаждым. Байқасам: жас бала күнімдегі бағымның артығы жоқ. Себеб - қайғы да жоқ, ар-иманнан тайғызатын ісі де жоқ.
  • Шын бақ - ата-ананың махаббаты мен балалардың таза жүрегінде.
  • Адамның бұл дүниеде, бұл табиғатта жоқ нәрсені ойлануының өзі мүмкін емес, болуға мүмкін істі ғана ойлай алады. Бұл - бір. Екінші - сол қиял, болмайтын нәрсе деп отырғанымыз ұлғайтылып, өзгертіліп, ауыстырылып айтылған болашақ болуы мүмкін.
  •  Біреулер адам өмірі жаратқан иесін танумен түзеледі десе, кейбіреулерн үкімет жойылса, әркім өз бетімен өмір сүрсе түзеледі дейді. Ал енді біреулер оқу-біліммен, халықты ағартумен адам өмірі түзеледі деп ойлайды. Тағы біреулер бай-кедейді теңеумен түзеледі десе, біреулер тәрбиемен түзеуге болады дейді. Біздіңше, бұларды жекелей алғанда, ешқайсы да адам өмірін түзей алмайды.
  • Оқу-білім үйренген адам өнерлі келетіні рас. Бірақ оны қандай іске, қай мақсатқа жұмсамақ? Үйренген ғылымымен түрлі қару жасап, улы газдар тауып, басқа адамдарға аң есебінде оқ атып, әлсізді құл етіп, жердің бетін адам қанына бөктірушілер де бар ғой! Ең өнерлі, білімдіге саналатын Америка, Англия елдеріне қараңыз.
  • Бай мен кедейді теңеу, байдың малын кедейге бөліп беру - кедейді еріншектікке, еңбексіз мал табуға дағдыландырып жіберетін жол.
  • Мейірімділік, махаббат, қайырымдылық пен адалдық ақ жүректен шығады.
  • Арлы, ақылды адам қиянат, зорлық жасамайды, өзімшілдік пен мақтанды сүймейді.
  • Жүсіп: Ләйлінің анық нұрын көрем десеңіз, менің көзіммен қарап, менің жүрегіммен сезінгейсіз.
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

12:30

11:49

11:48

11:01

09:30

09:22

09:00

22:21

22:19

18:03

17:21

17:03

16:58

16:54

16:43

16:37

16:13

16:02

16:01

15:55

15:49

13:17

12:55

12:53

12:43