Жетісу ауданының әкімі аудандағы абаттандыру мен инфрақұрылымды дамытуды көздейтін негізгі жобалар туралы айтты
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Жетісу ауданының әкімі Ләззат Жылқыбаева аудан көлемінде қолға алынған абаттандыру, инженерлік желілерді жаңғырту мен жайлы қалалық ортаны қалыптастыруды көздейтін жобалармен таныстырды.
Аудан әкімі атап өткендей, 2025 жылы Жетісу ауданында тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған ауқымды бағдарлама іске асырылып жатыр. «Жұмысты кезең-кезеңімен, жүйелі түрде жүргізіліп жатырмыз. Қоғамдық кеңістіктерді абаттандыруға, қауіпсіздікті арттырып, инженерлік инфрақұрылымды жаңартуға көп көңіл бөлдік», – деді Ляззат Жылқыбаева.
Басты басымдықтың бірі – төтенше жағдайдың алдын алу. «Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес Шелихов пен Волочаевская көшесіндегі беткейлерді бекіту жұмыстары аяқталды. Сырғыма қаупі жойылып, тұрғындар енді алаңсыз өмір сүретін болды», – деп атап өтті әкім.
Сондай-ақ, бірқатар маңызды аумақтардың абаттандырылғаны туралы айтылды: «Көкмайса шағын ауданындағы саябақ аймағы, Көкжиек шағын ауданындағы Есентай өзенінің бойындағы жағалау мен Черновицкая көшесінің учаскесі жаңартылды. Аталған жерлерге балалар мен спорт алаңдарын орнатып, көгалдандырып, жарық тартылып, кіші архитектуралық формалар қойылды».
Азаматтық бастаманың маңыздылығына тоқтала отырып, Ләззат Жылқыбаева «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасының рөлін ерекше атап өтті: «2025 жылы ХҚБ аясында 2 миллиард теңге көлемінде 30 жоба іске асырылып жатыр. Бұл – ауланы, жаяу жүргіншілер аймақтарын абаттандырудан бастап, жасыл аумақтар мен автоматты суару жүйелерін орнатуға дейінгі тұрғындардың бастамасы».
Әкімнің айтуынша, қазіргі таңда Қарасу өзенінің бойындағы жағалауды абаттандыру қолға алынған. «Жоба қала тұрғындарына арналған тағы бір жайлы қоғамдық демалыс орнын ашуға мүмкіндік береді», – деді ол.
Мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін кедергісіз орта қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінген. «Қазіргі уақытта 13 жер үсті жаяу жүргіншілер өткеліндегі көтергіштерді жөндеу мен ауыстыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл – аз қозғалатындарға өте қажет», – деп атап өтті әкім.
«Айнабұлақ-2 және Айнабұлақ-4 шағын аудандарындағы Есентай өзенінің жағалауларын, Көкмайса шағынауданындағы скверді, Палладин көшесіндегі жаяу жүргіншілер аймағын және 42 аула аумағын күрделі жөндеу бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Барлық аумақ осы заманғы стандарттар мен тұрғындардың қажеттілігін ескере отырып абаттандырылады», – деді Ләззат Жылқыбаева.
Аудан басшысы инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту бойынша да деректерді ұсынды. «Алматы Су» ШКК-мен бірлесіп, ұзындығы 3,6 шақырым болатын алты учаскеде су мен кәріз желісін қайта жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, «Алматы жылу жүйелері» ЖШС Айнабұлақ-1 шағынауданында жылу желілерін күрделі жөндеуге бағытталған екі жобаны жүзеге асыра бастады», – деді әкім.
Сөз соңында Ләззат Жылқыбаева ауданның республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына белсенді қатысып жатқанын атап өтті: «Жетісу ауданы «Таза Қазақстан» бастамасын қолдайды. Біз тазалық орнатып қана қоймай, қоршаған ортаға жауаптылықпен қарайтын мәдениетті де қалыптастырып жатырмыз».