Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сламбек Тәуекел 78 жасқа қараған шағында дүниеден озды, деп хабарлайды aqshamnews.kz
Қаралы хабарды Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі жариялады.
Министрлік белгілі кинорежиссер, сценарист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, "Құрмет" және "Құрмет белгісі" ордендерінің иегері Сламбек Тілеуқабылұлы Тәуекелдің дүниеден озуына байланысты отбасы мен туған-туыстарына, барша әріптестеріне қайғыра көңіл айтады.
"Сламбек Тілеуқабылұлы – қазақ киноөнерінің дамуына елеулі үлес қосқан көрнекті тұлға. Тарихи-көркем фильмдердің бірқатарын дүниеге әкелген кәсіби режиссер, білікті сценарист әрі продюсер ретінде ұлттық руханияттың өркендеуіне еңбек сіңірген өнер қайраткері. Сонымен қатар Қазақ ұлттық өнер университетінде ұзақ жылдар ұстаздық қызмет атқарып, жас мамандардың тәрбиесіне де зор үлес қосты. Отандық кино тарихында, өнер мен мәдениет шежіресінде жарқын із қалдырған ардақты азаматтың ғибратты ғұмыры халқының жадында мәңгілік сақталады. Марқұмның жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын! Алланың рақымы мен мейірімі жолдас болып, рухы пейіште шалқысын!", делінген көңіл айту хабарламасында.
Айта кетсек, Сламбек Тілеуқабылұлы Тәуекел - "Шұғыла" мультипликациялық фильмі сценарийінің (1975); 200-ге жуық мақала мен жарияланымның авторы, 1948 жылы 2 сәуірде Павлодар облысында дүниеге келген.
1971 жылы "Қазақфильм" киностудиясы директорының орынбасары, директоры.
1973 жылдан бастап ҚР Мемкино төрағасының орынбасары; сонымен қатар ҚР Мемлекеттік мәдениет пен өнерді қолдау қорының атқарушы директоры.
1991 жылдан бері Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" республикалық шығармашылық-өндірістік бірлестігінің режиссері.
2001 жылдан бастап "Қазақстан" республикалық телеарнасы басқарма төрағасының орынбасары.
2004 жылы - ҚР Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігі ақпарат және мұрағаттар комитетінің төрағасы.
2006 жылдан бері Ш. Айманов атындағы "Қазақфильм" АҚ бас редакторы, ойын фильмдерінің қоюшы режиссері болған.
"Батыр Баян" (1993), "Махамбет" (2008), "Атажұрт" (2010) кинофильмдерінің қоюшы-режиссері. "Армысың, Наурыз!", (1991), "Жоғалған өлке" (1992), "Киіз үй гимні" (1991), "Наурыз" (1997),"Асанәлі" (1998),"Бір бала" (2004) және тағы басқа деректі фильмдердің режиссері.
Қазақстан Кинематографистер одағының мүшесі, хатшысы.
Бұған дейін 3-7 шілде аралығында Қытайдың Чунцин қаласында 2025 жылы өтетін ШЫҰ кинофестивалінде Қазақстан екі фильм ұсынатынын жазғанбыз.