ffin.kz

Асылбек ӘУЕЗХАНҰЛЫ, филология ғылымының кандидаты: «Даналық ойдан дән ізде...»

Асылбек ӘУЕЗХАНҰЛЫ, филология ғылымының кандидаты:  «Даналық ойдан дән ізде...»

Ұлы даланы мекендеген қазақ – сан ғасырдан бері ислам дінінің мәңгілік мұраларына, шариғат қағидаларына қанығып келген мұсылман халық. Ақиқат діннің талаптарын өлеңмен өріп, жас ұрпақ тәрбиесінде молынан қолданып келген сөзге шебер жұрт. Сондықтан болар, сөз қадірін жақсы білген момын елдің рухани қоймасы ата дінімізді әспеттеген небір даналық ойларға толы. Бір ауыз аталы сөз айтылса, «паһ, шіркін!» деп, теңізден маржан тергендей бір жасап қалған өрелі қазақтың діні мен тілі құстың қос қанатындай қатар қағылып, дамып келген. Осы ретте белгілі дінтанушы Асылбек Әуезханұлының «Даналық ойдан дән ізде» кітабы өзінің жан-дүниесін рухани байлықпен байланыстыратын оқырман үшін абзалдық әліппесі болары хақ.



Кезінде Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы мен Орта Азия мүфтилер кеңесінің төрағасы, Бас мүфти болған Шейх Әбсаттар қажы Дербісәлінің алғысөзімен шығарылған бұл кітаптың «Даналық ойдан дән ізде» деп аталуы тегін емес. Ғалым жазғандай, бұл тағылымды туындыда қоғамда, мұсылман өмірінде кездесетін сан қилы жағдайларға негізделген алуан түрлі тақырыптар қозғалып, оларға тереңнен талдау жасалған. Әр оқиға түйіні қазіргі тіршілігімізбен байланыстырылған. Автор қазақ даласының даналары мен ойшылдарының еңбектерін жаңа қырынан талдап, хикметке толы ойларын қасиетті Құран мен ардақты пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерімен қуаттай- ды. Діннің асыл негіздерімен қоса, отбасы жайында әңгіме қозғап, ошақ қасының құндылықтарын танытады. Абай атамыздың рухани мұрасын – «Адамды сүй, Алланың хикметін сез», «Алла деген сөз жеңіл», «Махаббатпен жаратқан адамзатты» деген секілді даналық ойларын Ислам ғұламаларының діни тұжырымдарымен үндестікте сипаттап, елді имандылыққа, ақыл-парасат пен адамгершілікке үндейді. Осы арқылы жас ұрпақ санасына сан ғасырдан бері Ислам дінін ұстанған мұсылман қазақ жұртының терең тәлім-тағылымы сіңіріледі. Біз газетіміздің бүгінгі санынан бастап ұрпақ үшін тағылым болар деген ниетпен «Қала және иман» айдары аясында осы кітаптан қысқаша үзіктер беріп отыратын боламыз.



«Адамды сүй, Алланың хикметін сез»


Данышпан Абай атамыз өлеңдерінің бірінде: «Адамды сүй, Алланың хикметін сез, Не қызық бар өмірде одан басқа?!» деп толғаған. Байқасақ, заңғар ойшыл атап отырған бұл екі істің арасында тығыз байланыс бар. Сондықтан адамды, ең алдымен, Алланың мың сан хикметінің айқын айғағы болғаны үшін жақсы көруміз керек. Кемеңгер атамыздың өлеңіндегі «махаббатпен жаратқан адамзатты» деген жолдар адам баласының тұла бойы хикметке толы дегенді білдірмей ме? Жаратушы иеміз қасиетті Құранда: «Анығында, адам баласын ардақты еттік» («Исра» сүресі, 70-аят) деген аят келтірген. Ендеше, ұлы Алла Тағала осыншалықты әспеттеп жаратқан адамды сүюдің өзі даналықтың бір белгісіндей.


Адамнан өзге жаратылыстарда да Алланың хикметтері өте мол.



Мәселен, кіп-кішкентай құмырсқадан бастап, алып галактикаларға дейінгі жаратылыстарға бір сәт ой жүгіртіп көрейікші. Осыншалықты алып сарайдағы барша тіршілік иелері бір кісінің баласындай ұйымдасқан, ымыраласқан түрде өз міндеттерін атқаруда. Олардың қай-қайсына назар аударсақ та, сөзсіз Алла Тағаланың құдіретіне таңқаларымыз хақ. Бір ағаштың кіп-кішкентай дәннен өсіп шығуынан бастап, оның бұтақ салуы, жапырақ жаюы, жеміс беруі Алланың шеберлігін паш етіп тұрған шындықтар.



Хайуанаттар әлемінен де Жаратушы иеміздің ғажайып кереметтерін аңғаруға болады. Олардың сыртқы тұлғасындағы бірі-біріне ұқсамайтын үйлесімді сұлулықтары бір бөлек, әрқайсысының күнделікті қажеттіліктері, қорегі қандай шеберлікпен жеткізіліп отыр?! Сондай-ақ, қасқыр секілді жыртқыш аңдар болмағанда, жер бетін әлсіз, аурушаң малдардың өлексесі қаптап кетер еді. Осындай табиғи тазалықшыларды жаратқан кім? Тіршіліктегі, міне, осылар секілді теңдессіз жүйеге бағынып тұрған ұлы үйлесімді Алланың хикметі дейміз. Алла дүниеде ешбір нәрсені бекер жаратпаған. Адам баласы өз жаратылысына қарап-ақ Алланың ұлы хикметтерін көре алады. Себебі адам бүкіл жаратылыстың шағын бір макеті іспеттес. Оның көзі бір әлем, құлағы бір әлем, бауыр, бүйрек, өкпесі өзінше бір-бір әлем. Олар да ынтымақтаса отырып өз міндеттерін атқаруда. Мысалы, адам денесінің бір мүшесі жарақаттанса, сол жерге зиянды микроптар жиналады. Сөйтіп, бүкіл денеге қауіп төнеді. Сол кезде адамның клеткалары жиналып, әлгі қауіпті жердің айналасына берік қамал тұрғызады. Тосқауылға жолыққан микроптар тұрған жерінен жылжи алмай, қарақошқылданып, жараға айналып, ақыры денеден аластатылады. Ағзадағы осындай тас-түйін бірлік те Алланың анық хикметі емес пе? Кісіге берілген осы секілді көптеген сырлы сыйларға қарап Алланың құдіретіне бас иеміз. Сөйтіп, Алланың жаратқаны ғой деп адамды сүйеміз... Абай атамыздың «Адамды сүй, Алланың хикметін сез, Не қызық бар өмірде одан басқа?!» деген даналығында, кем дегенде, осындай астар жатқаны анық.


«Алланың өзі де рас, сөзі де рас»


Абай хакімнің «Алланың өзі де рас, сөзі де рас, рас сөз еш уақытта жалған болмас» деген нақылы барша қазаққа таныс. Абай атамыз бұл өлеңінде Аллаға және оның қасиетті кәләмына, яғни Құранға иман келтіру жайлы тоқсан ауыз сөзді тобықтай етіп жеткізген. Сондықтан Құран жайлы, мұсылман адамдардың онымен қарым-қатынасы қандай болуы керектігі жайлы ойларымызды бөліспекпіз.



Құран – белгілі бір дәуірге немесе белгілі бір қауымға ғана жіберілген мазмұны шектеулі кітап емес. Ол – күллі адамзаттың игілігі үшін түсірілген ең ақырғы иләһи кітап. Ол барлық нәрседен хабардар, білімі шексіз Жаратушы иеміздің сөзі. Мұсылман ғұламалары Ғалам, Адам және Құранның арасында өте тығыз байланыстың барын айтады. Барша әлем мен адамның жаратылысындағы ақиқаттар Құранда түп-түгел қамтылған. Ғаламдар мен адамзат сырларын аңғарғымыз келсе, қасиетті Құранға үңілуіміз керек. Құранның тереңдігін осы тұрғыдан бағамдауымыз ләзім.



Құран – адамның тек руханиятына ғана емес, материалдық өміріне де теңдессіз пайда келтіретін кітап. Бірақ бүгінде Құранның пайдасын мұсылман елдеріне қарағанда батыс елдері көбірек көріп отырған секілді. Себебі, орта ғасырларда батыс қоғамы мұсылман ғұламаларының Құраннан буырқанып шығып жатқан ғылыми жетістіктерін жан-жақты зерттеді. Мұсылмандар жазған еңбектерді университеттеріне сан ғасыр бойы оқулық етіп енгізді. Ислам теңізінің түбінде жатқан інжу-маржандарды теріп алып, өмірде жүзеге асырды. Көп оқыды. Аз ұйықтады. Сөйтіп, бүгінгі деңгейге жетті. Әрине, Құранды толық мойындап, оған иман келтірмегендіктен техникалық жақтан қарыштап дамығанмен, рухани жағынан құлдырап, азғындай берді. Мұны бүгінде көзіміз көріп отыр. Міне, бұл бізге өмірлік сабақ болуы тиіс...


Бір өкініштісі, бүгінгі таңда ғылымға ден қойып, жаратылыс сыры мен хикметтерін зерттесем дейтін жастар тым аз. Талапкерлердің көбі заңгер болсам, экономист болсам, әкімшілік жүйеде қызмет етсем, оңай жолмен ақша табудың оқуына түссем деген армандарын жасырмайды. Бүкіл қазақ осы салаларға кетіп қалса, ғылыммен кім айналысады, жаңа заманауи технологияларды кім жасап шығарады? Бұл жайлы бас қатырып отырғандар көп емес. Қазіргі таңда еліміз жүрегінде иманы бар, Құран тілін түсіне алатын, заманауи ғылымдарды да терең меңгерген ғалымдарға аса мұқтаж. Білгенін өмірде іске асыратын, құрғақ теорияның емес, нәтижелі істің адамдары халқымызға ауадай, судай қажет. Сонда ғана ғылымы дамыған өркениетті елдермен тереземіз теңеседі. Барша жаратылыстың кілті Құранды ұстанған мұсылман бола тұрып, өзгеге телміріп, керегімізді айдаладағы біреулерден алып отырғанымыз - түсінгенге нағыз қасірет.


«Аlmaty-akshamу», №28 (6321) 25 ақпан, 2023 жыл

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

19:10

18:45

18:02

17:43

17:39

17:31

17:20

17:17

17:05

16:54

16:41

16:15

16:05

15:56

15:39

15:21

15:14

14:45

14:40

14:34

14:07

13:47

13:30

12:58

12:32