мегаполиске қайта оралсын десек, атқаратын шаруа шаш-етектен...
Іле Алатауының баурайында алма бақтарын сақтау және өсіру мәселесі ерекше бақылауға алынуы тиіс. Бұл – Алматы қаласының және бүкіл Қазақстанның игілігі. Қала маңындағы табиғат қорғау аймақтарына түгендеу жүргізу және оларды пайдалану мәселелерінде қатаң тәртіп орнату қажет. Әкімдік қаланы көгалдандыру және аты аңызға айналған Алматы апортын жандандыру жұмыстарын қолға алу керек. Бұл жерде біздің қаламыздың өзіндік символы – атақты ботаникалық бақты қалпына келтіру міндеті тұр.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.
Алматы алмасының сан ғасырлық тарихы бар. Әр нәрсенiң де отаны болады. Әлем ғалымдарының айтуынша, есте жоқ замандардан берi жасап келе жатқан алма ағашы басқа жерлерге о басында қазақ жерiнен барған. Оның мұнда, бiздiң аймақта өсе бастағанына 50 миллион жыл болды. Оны ғалымдарымыздың өздерi айтып отыр. Кезінде апорт алмасының салмағы 1 келіге дейін жеткен.
Апортты сақтау маңызды
Жалпы, Алматының тарихын жақсы бiлетiн адам оның алмасы жайында айтпай тұра алмайды. Көне заманда Алматының «Алмалы» деп аталғаны да тегiн емес. Алматы апортының берiдегi тарихы да осы тұспен тiкелей байланысты.
Кезінде қайран Алматының апорты «Алмалардың патшасы» атанған еді. Тіпті, оңтүстік астанамыздың символы болған. Оның тостағандай көлемiне, көздiң жауын алатындай қызылды-жасылды түрiне, тiлдi үйiретiн ерекше дәмiне, жан сарайыңды ашатын ғажап иiсiне бiрде-бiр алма сорты тең келмейтiн. Бірақ сол әйгілі апорттарымыз қазір қайда?
Бүгінде бұрынғы апортты кездестiру қиын. Көбісі жемiсi уақталып, түрi солғын тартып, дәмi мен иiсiнен түгелдей дерлiк айырылған. Кейбiр кезде көлемi мен түрi келiп тұрса да, апортқа тән дәмi мен иiсi байқала бермейдi.
Алмаға аса көңiл бөлу қажет
Мамандардың айтуынша, мұның барлығы түрлi биотикалық, абиотикалық әсерлердiң салдарынан болып отырған көрінеді. Бiрақ мұнымен қатар, әлеуметтік себептердi естен шығармаған жөн шығар. Қаланың өсуiне байланысты талай апорт ағаштары оталды. Қаншама бой түзеген әсем талдар жараланған жауынгерлердей қатарқатар құлап, жер жастанды. Шаруашылықтар мен жеке шаруалардың гектар-гектар алма бақтары да бiр күнде бар сәнiнен айырылды. Тау бөктерiнен коттедж соғып жатқан бай-манаптар апорт ағаштарын аяусыз кесті. 70-жылдарғы санақ бойынша, Қазақстанда 4 миллионға жуық түп апорт ағашы болса, оның 80 пайызын құрайтын 3 миллион түп Алматыда өсiрiлген екен. Бұдан кейiнгi санақтар көңiлге кiрбiң ұялатады.
Мәселен, 1984 жылы Қазақстанда 2 млн түп апорт алма болып, Алматыда оның 1 млн-ы өсiрiлген. Ал бұдан соңғы мәлiметтер, тiптi майдаланып кеткен. Қайткенде де, апорт алмаға аса көңiл бөлу қажет. Қашанғы Қытайдың көк алмасына қанағат қылмақпыз?
Апорттың жаңа «өсiмдiгiн» алған жөн
«Қолда бар көшеттердi отырғызғанмен, онымен сорт бұрынғы қалпына келмейдi. Себебi, қазiргi қолда бары апорттың аз түрi ғана. Оны қайта жаңғырту үшiн вирус ауруынан айықтырып, биотехнология жетiстiктерiн қолданып, апорттың жаңа өскінін алу керек. Ол үшiн ғылымипрактикалық қыруар жұмыс жасау қажет, барлық мәселе қаражатқа тiреледi. Арнайы отырғызған апорт бағына келсек, жағдайы мүшкіл. Отырғызылған ағаштарды ұрлау жәйттері орын алды, өйткені, жергілікті халық бақта нағыз апорт өсірілетінін біліп қалса керек.
Біз енді қолда бар алқызыл, алтын апортты құртып, жоғалтып алмаудың жайын ойластырсақ дейміз. Мемлекеттік тиісті органдар бұдан былай қалыптасқан жағдайға назар аударар, апорттың жойылуына жол берген адамдарды тәртіпке шақырар, жауапқа тартар, сөйтіп, мәселеге қозғау салар деген ойдамыз.
Алайда, осы маңы жоғары жұмыстарға қолдау көрсетуді артық санайтын шенеуніктердің қылығына қын- жылады екенсің. Сондықтан біз қолға алған апортты жаңғырту бағдарламасына мемле- кеттік мәртебе берген абзал болар еді», – дейді биология ғылымының докторы Мағжан Иса.
Қаланы алма бағына айналдыру керек
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ауыл шаруашылығына байланысты мәжiлiсте апорт проблемасы жиі көтерілетін. Бiрақ «тар жол, тайғақ кешу» заманы басталды да, апорттың мәселесi тағы да сиырқұйымшақ- танып кеттi. 2004 жылы бұл мәселе қайта көтерiлдi. Қазір қаланың кейбір зейнеткер- лерімен Алматының апортты туралы әңгіме- лесе қалсаңыз, тіпті олар көзіне жас алады... Дегенмен де, түпкілікті қолға алсақ, алдағы уақытта Алматының мақтанышына айналған апорт қайта жанданады деген ойдамыз.
Бұрындары үлкендер: «Алматыға жақындағанда алманың исі шығып тұрушы еді», – деп айтып отыратын. Алманың отанында тұрсақ та, мұны Қытайдан тонналап алып келетін болдық. Дегенмен, Мемлекет басшысы кейінгі уақытта өз сөзінде қаланы қайта алма бағына айналдыруды айтып қалып жүр. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыны дамыту жөніндегі кеңес аясында алма бақтарын сақтау мәселесін ерекше бақылауға алуды тапсырды.
Қытайдың көк алмасын тұтына береміз бе?
Қазiр көк базарды шарласаң, көк алмалар көзге ұрады. Қытайдан тасылған алмаларды «қай жақтiкi?» деп сұрасаң, саудагерлер міз бақпастан «Талғардiкi» деп тұрады. Мұнда алушылар көбеймесе, ешқашан азайған емес.
Дегенмен, адам ағзасының нашарлап, шамадан тыс семiруi қант диабетi мен әйелдердiң бала көтере алмауы секiлдi қатерлi аурулардың азық-түлiк сапасыздығынан да болатынын мамандар әлдеқашан дәлелдеген. Қытайдан келген өнiмдер Қырғызстаннан, Өзбекстаннан, Тәжiкстаннан жеткiзiлген жемiстердей тез бұзылып немесе шiрiп кетпейдi, құрт та жемейдi. Себебi, оларды қытайлар (ғалымдардың айтуынша) мөлшерден тыс биоқосындылармен булайтын көрiнедi. Бәзбiр сауда алпауыттары үшiн шамадан тыс биоқоспалар ендiрiлген қытай жемiстерiнiң жоғарыда айтылған ауруларды қоздырғыш күшке айналғанын мойындау мүлде тиiмсiз.
Қорыта айтқанда, Алматының апорты мегаполиске қайта оралсын десек, атқаратын шаруа шаш-етектен. Ол үшін, ең бастысы, туған жерімізде өскен әрбір тал-теректі мәпелеу, қорғау әрқайсымыздың міндетімізге айналуға тиіс. Байлығымыздан айырылмай, барымызды бағалай білейік!