Екі апта бұрын Астанадағы сауда орталықтарының бірінде қазақшаға судай африкалықпен кездейсоқ кездесіп қалған жергілікті тұрғынның видеосы кең тараған еді. Астанаға тоғыз жыл бұрын қоныс аударған Абдул Керім Абдул Фати Адешин әлгі видеода қазақ тілін өздігінен үйренгенін айтады. Қазақша сөйлеп қана қоймай, қазақ тілінде ән айтатын Абдул Керімге хабарласып, әңгімесін жазып алған едік.
Қыста Астанадан Алматы немесе Шымкентке кетіп қаламын.
Мен 2014 жылы Нигерияның Лагос қаласынан Астанаға көшіп келдім. Астанаға осы қалада ағылшын тілін үйрететін немере ағам шақырған болатын. Бір-екі айдай ағылшын тілінен сабақ бердім, артынша музыкаға бет бұруды жөн көрдім. Себебі мен Африкада музыка жазып, ән шығарумен айналысатынмын. Қазір Астана қаласында жеке шығармашылықпен айналысамын. Неге «Астананы таңдадыңыз?» дегіңіз келсе, бұл – мен тұрақтаған бірінші қала. Сонысымен маған ыстық. Әлбетте, алғашында әлемдегі ең ыстық құрлықтан келген мен Астанадағы қыс мезгілінің қалай өтетінін көрген кезде аң-таң болғаным рас. Астананың қысы өте суық.
Бірақ мен қыс келген кезде кейде Алматы немесе Шымкент қалаларына барып уақытша тұрақтаймын. Бәрі менің қазақшаны қалай үйренгеніме аң-таң болады. Бар болғаны, достарыммен, айналаммен қазақша сөйлесуге тырыстым. Қазақша кітаптар оқыдым. Ешқандай курсқа бармадым. Өз бетіммен үйрендім. «Қазақ тілін үйрену қиын» дегенді жиі естимін. Мен сізге мынаны айтайын: Әлемде қиын тіл жоқ. Мен қазақ тілін қоса есептегенде сегіз тіл білемін. Бәрін оңай үйрендім. Менің үйрену әдісім қарапайым: Естимін. Сұраймын. Қайталаймын. Үйреніп аламын. Мен қазақша дұрыс сөйлей білмесем де, сөйлей беремін. Кейбірі «Әй, сен шала сөйлейсің. Сөйлемді дұрыс құрмайсың» деп орта жолдан тоқтатқысы келсе де, сөйлей беремін. Ұялмаймын. Дұрыс емес екенін біліп тұрсам да, сөйлей беремін. Өзге тілде сөйлесем де, арасына қазақша сөздер «қосып» жіберемін. Мені үнемі қолдап жүретін достарымды ерекше жақсы көремін. Қатты сыйлаймын. Әдепкіде олар өзара қазақша сөйлегенде «Мыналар не айтып жатыр екен?» деп беттеріне қарап отыратынмын. Не жайында әңгімелесіп жатқанын білгім келеді. Кейбірі «Әбеке, сен қазақша жай сөйлейсің. Тұра тұр» десе де, «Бауырым, жай сөйлесем де, тыңдайын. Сосын үйреніп кетемін» деп олармен қазақша сөйлесуге тырысатынмын. Арамызда қазақша сөйлемейтіндер бар. Олар орысша ортада туып өскендіктен, ата-анасы кеңес заманында тәрбиеленгендіктен қазақшаға шорқақ екенін айтады. Мен оларға «Мен секілді анда-санда сөйлей бер. Сөйтіп, үйреніп кетесің» деп айтамын.
Қазір қазақшамды жетілдіріп алғаным сонша, достарым анда-санда орысша сөйлегенде «Түсінбедім? Қазақша айтшы» деп айтамын. Айтпақшы, Қазақстанға алғаш келгенде клубқа барып «Қазақша әндер бар ма?» деп сұрағанымда, «Жоқ мұнда қазақша әндер қойылмайды» дегенді естіп таңғалғаным бар. Сол кезде қазақша әуендерді жиі тыңдап, ел мәдениетімен енді танысып жүрген кезім. «Қалайша? Қазақша небір жақсы әндер бар ғой?» десем де, бой бермей қойған еді. Ал қазір жағдай басқаша.
Жалпы, қазақ тілі өте икемді, әрі жұмсақ тіл дер едім. Әрі қазақ тілі әуезді болғаны үшін ұнаттым. Музыкант болғандықтан, тілді үйрену кезінде ән айтуға ыңғайлы екенін түсіндім. Түрлі жолмен, түрлі формацияда орындауға болады. Мысалы, мен қазақша бір сағат тоқтамай, «фристайл» жасай аламын. Бұйырса, екі аптадан соң «Made in KZ» деген атпен жеке альбомым шығады. Ондағы әндердің сексен пайызға жуығы – қазақ тілінде жазылған авторлық әндерім. Барлығын өзім орындаймын. Бұл альбомды жазуға алты жылдай уақыт жұмсадым. Мен үшін мұнда жеке альбом шығару – тарихи жайт. Сондықтан бұл ерекше сәтті асыға күтіп жүрмін.
Қазақтарды қандастар деп есептеймін
Әлеуметтік желіге жүктеген видеоларымның астына «Африкаңа қайт», анау-мынау деп ауыр сөз жазатындар да табылады. Бірақ оны жазатын қазақтар емес екенін білемін. Себебі мен білетін қазақтар олай жазбайды. Солай жауап қайтарсам, «Әбеке, рас айтасың. Қазақ халқы ешкімнің бетін қайтармаған, мейірімді халық» деп қолданушылар шыр-пыр болады.
Қазақтар қонақжай халық екенін көпшілік жиі айтады. Мен жай қонақжай емес, өте қонақжай екенін атап өтер едім. Қазақтарды қандастар деп есептеймін. «Қандастар сөзінің мағынасын білесіз бе?» деп сұрағыңыз келіп отырған боларсыз. Қандас деп бір қаннан тарайтындарды айтады емес пе? Мен әр мұсылман бір-бірі үшін қандас деп айтар едім. Себебі біздің діліміз, мәдениетіміз, тұрмыс салтымыз қатты ұқсайды. Мен он шақты мемлекетте болдым. Бірақ ешбірінде Қазақстанда бар мына әңгімені естімедім. Қазақтардан «Біздің ата-бабаларымыз осылай деп кеткен», «Біздің аталарымыз кезінде осылай істеген», «Біздің әжелеріміз айтып отыратын» дегенді жиі естимін. Мұндай әңгімелерді тыңдағанды жақсы көремін. Көп мемлекет ата-бабаларының жүріп өткен жолын, бұрын қалай өмір сүргенін ұмытып, әңгімеге қоса бермейді ғой. Ал қазақтар жадынан шығармайды. Ата-әжесінің айтып кеткенін ауызынан тастамайтын, дәстүрі мен мәдениетін сақтағысы келіп жүргендерді көрсем, ерекше тамсанамын. Бірақ араға іріткі салып, руға, жүзге бөлінетіндерді көрсем біртүрлі күй кешемін. «Сен – Наймансың», «Шымкенттіктер ғой» деп бір-бірін бөле-жара қарайтындарды жиі кездестіремін. Бұл – дұрыс емес. Бейбіт елдің ішінде бірлігі жарасып жүргенге не жетсін!
Маған Астана ұнайды. Жуырда Лондонда тұратын әпкем осында келіп, қаланың әдемілігіне тамсанып қайтты.
Астанада өнерпаз ретінде қалыптасқаныма қуанамын. Қазақстандағы әншілерді түгел танимын. Барлығымен жақсы араласамын. Тойға, концерттерге жиі шығамын. Қазақ достарым жетерлік. Мұнда Африкадан келіп, жұмыс істеп жүрген достарым да бар. Олар да қазақша жақсы біледі.
Мақала turkystan.kz-тен алынды. Жазып алған Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ