Ұлы  қаламгердің  қолынан  шыққан  әрбір  сөз қазақ  тарихымен  бірге  жасауы  тиіс

Ұлы  қаламгердің  қолынан  шыққан  әрбір  сөз  қазақ  тарихымен  бірге  жасауы  тиіс almaty-akshamy.kz

Мұхтар Әуезов пен шәкірті, рухани серігі болған Қайым Мұхамедхановтың арасындағы әдеби, ғылыми дискурс мәселелері бүгінгі мұхтартанудың зерттелуге тиісті өзекті  әрі маңызды тақырыптарының бірі. Осы күнге дейін жарық көрмеген, өзінің жеке архивінде сақталған Қайым Мұхамедхановтың Мұхтар Әуезовтің өмірі мен шығармашылығына қатысты қаншама тарихи құжаттар Дина Мұхамедханның «Ұстаз бен шәкірт: Мұхтар мен Қайым. Учитель и Ученик: Мухтар и Каюм (қазақ және орыс тілдерінде)» (Алматы, 2023.-336 бет «суретті) атты еңбегінде әдеби айналымға енген.  

ина Мұхамедханның кітабындағы ұлы ұстаз бен шәкіртінің арасындағы диалогтар  уақыт сынына қарамай әлі де маңызды әрі құнды. Біз үшін Әуезовтің әрбір сөзі ұлттық руханиятқа қосылған құнды жәдігер.

Мұхтар Әуезовтің Қайым Мұхамедхановты бала кезінен баптап, өзіне  ғылыми тілші етіп алып, әдебиет әлеміне әуестендіріп, ғылымға баулығаны мәлім. Олардың бәрі көзі қарақты оқырмандар үшін үздік-үздік болса да белгілі. Дегенмен автор еңбегінде жарық көрген жазушының өз аузымен айтылған, шәкіртінің қолжазбасында ғана сақталған мұрағаттық материалдар, нарратологиялық мәтіндер , шығармашылық шежірелер қазіргі мұхтартану үшін үлкен олжа, ұлт руханиятына қосылған құнды дүниелер.

930 жылдардың аяғында Абай мұрасы, оның шәкірттері мен ізбасарларының шығармаларына жойылып кету қаупі туып, ақын сөздері бұрмаланып, шығармалары ғылыми тұрғыдан зерттелмей, қолжазбалары мен жеке заттары жоғалып, өмірінің куәгері болған қариялар қатары сиреп бара жатқанын сезген ұлы суреткер Мұхтар Әуезов шәкірті Қайым Мұхамедхановқа қолқа салып, нақты тапсырмалар берген. Ең бастысы – қазақ  жазба әдебиетінің көшбасшысы Абай Құнанбаевтың жиналмай жатқан әдеби мұраларын ел ішінен жинау, жариялау жұмыстарын қолға алу үшін:

·                   Абайдың тұңғыш мұражайын ашуға негіздеме қалау;

·                   Абай шәкірттері мен ізбасарларының мектебін құру және сақтау;

·     Ойшыл-ақынның құнды сөзін текстологиялық талдау әдісімен сақтап қалу керектігін тапсырады.

1940 жылы М. Әуезовтің тікелей жетекшілігімен ақын мұражайына лайықты алғашқы ғимаратты таңдап, Ленинградтан келген кәсіби маман, әріптесі Борис Аккерманмен бірге Абай ауылының аралап, 500-дей жәдігер тауып, оларға ғылыми сипаттама берілуі, мұражай бойынша тұңғыш «Жолбасшы» құрал жазылып, нақты жұмыстар жүргізіле бастауы шын мәніндегі рухани құбылыс болатын ( «Памятка для посетителей музея Абая. Литературно-мемриальный Музей Абая» (Алматы,1960 г.).

Абайдың өмірі мен шығармашылығына тікелей қатысы бар ерекше құнды қолжазбаларды, мұрағаттық, фольклорлық материалдарды жинақтап, жеке шығармашылық тұлғаға арналған қазақ руханиятындағы алғашқы мемлекеттік музейдің ұйымдастырушы әрі басшысы болған Қ.Мұхамедхановқа ұстазы үнемі бағыт-бағдар беріп отырған. Қазақ мәдениетінде ерекше тарихи орны бар мұражайдың негізін қалаған бірден –бір маман Қайымның ғана басқаруға моралдық құқығы барлығын айтып демеп, қолдау, қамқорлық көрсеткен. Осы тақырып төңірегіндегі ұстаз бен шәкірттің бірнеше қолжазба қорына айналған папкаларындағы ресми, ресми емес ақпараттар мен түпнұсқа жазбаларын жанкештілікпен зерделеп, мұқият жүйелеген автор ақынның әрбір мерейтойына қатысты құнды қолжазбаларды, іс сапарлар туралы куәліктерді тізіп келтіре отырып, екі ұлы тұлғаның еңбектеріне жан-жақты талдау жасап, Абайдың өмірі мен шығармашылығына тікелей қатысы бар ерекше құнды қолжазбаларды, мұрағаттық, фольклорлық материалдарды жүйелеп, жариялап, ғылыми айналымға ендірген.

Осы ретте әкесі Қайымның: «Материалдар жоқ, экспонаттар жоқ. Музейді қалай құру керек? Мұхтар Әуезов ерекше ақыл беріп тұрды»,- деген сөздерін еске алады (99 бет). 1940 жылы Абай музейін құру туралы үкіметтің қаулысына сәйкес шұғыл шаруалар жүргізіп, жанкештілікпен Б.Аккерман, фотограф Долгунин үшеуі күн-түн демей сапарға шығып, шалғай ауылдағы ақынның замандастарымен кездесіп, естеліктерін, ол тұтынған заттарды жинап, құнды қолжазбаларды қолмен жазып алғаны жөнінде қаншама құнды тарихи деректер бар еңбекте. 24 жасында республикамыздағы жеке шығармашылық тұлғаға арналған мұражайда тұңғыш рет экскурсия жүргізген Қайым Мұхамедхановтың қайраткерлік қайсарлығы мен білім- қабілеті архивтік жазбалар арқылы дәріптеледі. Мұражайда Қайым Мұхамедхановтың бастамасымен Абай университеті ашылып, өзі оның тұрақты ректоры болды.

«Абай с сыновьями, история фотографии» деген тарауда 1941 жылы Қайымға Әуезовтің «Абайдың қасиетті тарихи фотосы» деп Абайдың балалары – Ақылбаймен және Тұрағұлмен түскен суретін көрсетіп, оның тарихы баяндалған екеуара диалог та бүгінгі мұхтартану үшін тың дүниелер.

Оны музейге сұраған Қайымға ұстазының «Тұрағұл алашордалық» деген айыптаудан оны сақтандырып бергісі келмегені, алайда шәкірті табандылық танытып көндіргені: «Сенікі де жөн шығар, сурет Абай мұражайында сақталуы тиіс»,– деп бергені жөнінде тарихи дерек келтіріледі (101 б). Және күні бүгінге дейін көпшілікке таныс емес ұлы ұстаз бен шәкірттің мына диалогы  және  Абайдың ұлдарымен түскен жалғыз  суреттің тарихы бүгінгі ұрпаққа да қызықты болары сөзсіз:

« – А как она к вам попала, расскажите, Мухтар-ага, я запишу эту историю, дам комментарии к этой находке, ведь каждый экспонат должен быть научно описан: и его история, и его владельцы, и сам факт попадания в музей.

 – Снимок, на котором изображен Абай с сыновьями, был сделан в 1896 году в городе Семипалатинске. Это фотография Кузнецова. До 1930 года она сохранилась у сына Абая – Мекаила. Ты знаешь, что Мекаила расстреляли в 1931 году. Тогда более 70 тобыктинцев уничтожили только из-за того, что они выразили недовольство большевисткими порядками.

 – А какая судьба этой фотографии, у кого это фотография потом находилась?

 – До 1932 года фото переходило из рук в руки. И вот Манап Молдабаев обнаружил этот снимок уже в городе Фрунзе, в семье своего русского знакомого. И от него эту фотографию мне передали в дар в 1933 году. С тех пор я храню ее.

    Так и запишем в описании экспоната, что до сегодняшнего дня, то есть до 6 февраля 1941 года, фото хранилось у Мухтара Ауэзова. Теперь, как положено, мы составим Акт передачи вами этого ценного экспоната и подпишем его. И так, вот составил документ. Акт №40 (две машинописные страницы на русском языке), ваша подпись и моя подпись. Передано в квартире М.Ауэзова в г. Алматы 6 февраля 1941 года. Размер оригинала фото – 13х9 см,– закончил оформлять музейные документы Каюм» (103 б).

Диалогта қаншама құнды тарихи деректер бар. Бұл да абайтану мен мұхтартану мамандары үшін үлкен құндылық болуы керек. Осы шағын диалогтың өзі Қайым Мұхамедхановтың өз мамандығына деген адалдығын, жанкештілігін, ұлтқа қажетті мұраны мұқият сақтауға деген жауапкершілігін танытады.  

Осындай ойлы естеліктердің бірі шәкірттің нарратологиялық мәтіні арқылы беріледі: «...1939 жылы Қазақстан жазушыларының екінші сиезіне Семейден делегат болып Алматыға келдім. Сиез жұмысы 21 июнь (маусым) күні басталып, жеті күнге созылды. Сиездің 23 июнь күнгі кешкі мәжілісі Абайдың дүниеден қайтқанына 35 жыл толған күнін еске алуға арналған еді. Ақынның өмірі мен шығармашылығы  туралы Мұхтар Әуезов қазақша және орысша екі тілді баяндама жасады.

Сиезден соң Мұхаңның үйінде 4-5 күндей болдым. Бұл жолы құрқол келгем жоқ. Көкбайдың оншақты өлеңін, «Сабалақ» атты Абылайхан туралы дастанын және Әріп ақынның көп өлеңін ала келген едім. Мен әкелген өлеңдермен Мұхаң бұрын таныс емес екен. Бірге оқып шықтық. Мұхаң қатты риза болып, көңілденіп: «Бәрекелді, міне, жақсы жұмыс бастапсың. Осы бетіңмен жинай бер. Абай шәкірттерінің шығармаларын біршама жинақтап алған соң, олардың өмірбаянын жазып, шығармаларына әдеби талдау жасау қажет. Сенің бұл еңбегің түбінде «Абай мектебі», дәлірек айтқанда «Абайдың әдебиеттік мектебі» деп аталуы керек,-дей келіп, «Абай мектебі» бүкіл Қазақ әдебиеті тарихындағы бірден-бір әдеби мектеп екенін, «Абай мектебі кең көлемді, күрделі ұғым екенін, т.б түсіндіріп берді (137 б).    Кітапта бір бұл емес, М.Әуезовтің жетекшілігімен ұзақ жылдар бойы ғылыми ізденіс жұмыстарын жүргізген шәкірттің шабытына ие бола алмай айтатын нарратологиялық естеліктері шаш-етектен екендігі де сөзсіз. Кітап авторының айтуынша олардың бәрін, әрине, бір кітап көлеміне сыйдыру мүмкін де емес. Құнды қолжазба қорының алтын қазынасының аузы әлі толық ашылмаған сыңайлы. Мүмкін олар келешектің еншісіндегі жұмыстар болса керек .

Мұрағаттанушы Дина Мұхамедхан кітаптың өн бойында желісін үзбей жалғасып келе жатқан ұстаз бен шәкірттің диалогын нақты мәтіндер, архивтік құжаттармен толықтырып, өз сөзін нақты мысалдармен дәйектеп, дәлелді сөйлейді. Қайымның жеке мұрағатындағы жазбалар, түртпе тіркестер, оқшау ойлар, үзік-үзік түскен жазбалар әлі зерттелер, жариялануға тиісті қолжазбалар қоры бар екендігінен ақпарат береді. Ұстаз бен шәкірт арасындағы Абай мектебі , жалпы мектеп деген әдеби түсініктің тарихы мен теориясы, орыс әдебиетіндегі Гоголь мектебі жөніндегі ғылыми тұжырымдар мен әлемдік тәжірибелерді қабаттастыра қарастырған қағидаларына бүгінгі ұрпақ тарапынан талдаулар жасалған. Бұрындары жарияланбаған екі тарихи тұлғаның сұхбатынан сыздықтатып сыр тарта отырып, М.Әуезовтің айтқан әрбір ескертпелерін еске ала отырып, бүгінгі күн талабы тұрғысынан интерпретациялайды. Ұстаз бен шәкірттің 1949 жылы болған бір әңгімесінде «Дағыстан» поэмасындағы характер мен идеяны бөліп, ашып айту керектігі, «Зұлыстағы» жаңа табылған мәтіндерді қосу, мылтық атылу себебін ашу, Әріп поэмаларына шолу жасалып, Тұрағұл мен Біләлді алып тастау керектігі, Тұрағұлдан цитаталар екі-ақ жерде, яғни ертегі, орыс романы жайындағысы қалдырылып, әуез емес, «ән өнері..» делінсін деген сыңайда сын айтылғаны баяндалады (141 б). Міне бұлардың бәрі ұлт тұлғасының бірде-бір сөзі ұмыт қалмауы керек деген қағида тұрғысынан қарастырылған.

Ендігі бір естелікте Көкбайдың қайтыс болған жылын Мұхтар Әуезов 1927 жылы деп жазса, Қайым тапқан деректе ол 1925 жыл  болып жазылғаны, осы деректі талқылау барысындағы екеуінің пікірталасынан кейін  М.Әуезов: «...Согласен, Кайымжан, ты прав. Ты сейчас ведь полностью  погружен в эту работу, вникаешь  в детали и находишь точные биографические данные. Биография и произведения учеников Абая – теперь это твоя тема на всю жизнь. Когда-то и я в твоем возрасте тоже записывал свидетелей жизни Абая Что-то сохранилось, что-то осталось в памяти, а что-то  исчезло навсегда, тогда нас преследовали и обыски были нескончаемыми... Дай Аллах, чтобы тебя миновала эта участь. Я вспоминаю, как мы работали, все отдавали идеям и делу Алаш. Потом работа в советских органах, учеба в Ленинграде, творчество и наука захлестнули меня. А сейчас все мои мысли заняты романом-эпопеей, ты это знаешь. Занимаясь таким скрупулезным поиском, ты и мне помогаешь. Продолжай, я всегда и во всем поддержу тебя»,-деп бата беріпті.

Бір-біріне сенген және өз істері мен ұстанымдарына, тақырыптарына, мамандықтарына адал тұлғалар қандай қиындықта да бір-біріне қолдау көрсетіп, рухани медет бола білген. Мұхтар Әуезовтің шығармашылық шежіресінен бір үзік сыр шерткен мәтіндер мұхтартанудың  әлі де зерттей түсетін маңызды тақырыптарының бірі болса керек.

Осындай диалогтар негізінде туындаған әдеби деректер Қайым қолжазбаларындағы Әуезов әлемін жаңа бір қырынан тануға болатынын, ондағы жазушы мұраларына түскен текстологиялық түзетулер, белгілер, жазбалар мұхтартануды тың мәліметтермен, жаңа ақпарат ағынымен таныстыратынын, оның ғылыми-шығармашылық өмірбаянын қордаландыра түсетінін танытады.

 

Дина Мұхамедханның «Ұстаз бен шәкірт: Мұхтар мен Қайым атты бұл еңбек  «ұлы қаламгердің қолынан шыққан әрбір сөз қазақ тарихымен бірге жасауы тиіс» қағидасын тұжырымдауымен де құнды.

 

 

 

 

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
1
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

17:15

16:40

16:31

14:21

14:12

13:43

13:10

12:16

12:15

12:12

12:02

11:46

11:06

10:36

10:05

21:25

19:38

19:04

18:46

18:11

17:40

17:29

17:10

17:05

16:43