"Пікір қалдырудан бірінші орында". Мамандар қазақтардың желіде неге белсенді екенін айтты

  • 14:46, 05 желтоқсан 2025
"Пікір қалдырудан бірінші орында". Мамандар қазақтардың желіде неге белсенді екенін айтты сурет: ЖИ

Қазақстандықтардың желідегі белсенділігін әлем мойындап жатыр. Мәселен, біздің пікір қалдыруға бейім екенімізді байқаған шетелдік контент ұсынушылар қазақстандықтарға ғана көрінетін жазбалар жүктеді. Аqshamnews.kz тілшісі қазақстандықтардың желідегі белсенділігі жайлы тақырыпты арнайы мамандардың пікіріне сүйеніп, талдап көрді.

Қазақстан қалай "белсенді аудиторияға" айналды?

Айгерім Марат
маркетолог, SMM менеджер

Маркетолог Айгерім Мараттың айтуынша, басқа елдермен салыстырғанда халық саны аз болса да, Қазақстан ешқашан "кішігірім, назар аударуды қажет етпейтін" нарық болған емес. Керісінше, бұрыннан өте белсенді, эмоцияға бай, кері байланыс білдіретіндігімен танымал аудитория.

"Шетелдік брендтер контентті жай сала салмайды. Instagram, TikTok-тың аналитикасы қай аймақта қандай контент жақсы өтетінін өте дәл көрсетеді. Қазақстандық аудитория  - белсенді, эмоцияға тез жауап беретін, жиі пікір қалдыратын көрсеткішке ие аудитория", – дейді маркетолог.

Мысал ретінде ол Coca-Cola-ның Наурызға арналған ролигін келтіреді. Бұл - брендтің геолокация, дәстүр, мәдени кодтарды өте жақсы ескеретінін көрсетеді. Сондай-ақ, ол Реал Мадридтің Алматыда жариялаған 40-тан астам постын және Интер футбол клубының Instagram-дағы қазақша жазбаларын да тілге тиек етті. 

"Instagram алгоритмі үшін пікірлер ең құнды сигнал. Қазақтардың “ұжымдық реакциясы” күшті. Біреу пікір қалдырса, екіншісі іліп әкетеді. Осылайша пост вирусты болып кетеді. Қазақстандықтардың контентке реакциясы әлемдік клубтардың да назарын аудартты. Реал Мадрид пен Интер "тек Қазақстанға көрінетін" посттар салғанда 20 мыңнан аса пікір жиналды", – дейді Айгерім Марат.

Маркетологтың айтуынша, кей компаниялар тіпті арнайы пікір қалдырушылар жалдап, өз өнімін диалог арқылы жарнамалайды. Kaspi мен Aviasales бұл тәсілді жиі қолданады.

"Қазақтар басқаны қатырмаса да, пікір қалдыруды қатырады"

Ұлмекен Сәндібекқызы 

психолог, гештальт-терапевт

Желіде көп қаралым жинаған бейне немесе жазбаның астында міндетті түрді ерекше пікір қалдырушыны байқауға болады. Психолог Ұлмекен Сәндібекқызының пікірінше, біздің желідегі белсенділігіміздің тамыры тереңде жатыр.

"Біріншіден, бұл - әлеуметтік мойындалуға деген табиғи ұмтылыс. Адамның желіге пікір жазуы «мен бармын» деген ішкі қажеттілік. Екіншіден, қазақтың ұжымдық мәдениеті. Бұл тек цифрлық құбылыс емес, ата-бабамыздан қалған табиғи байланыс. Үшіншіден, эмоцияны сыртқа шығару механизмі. Қазақтар эмоцияны ашық көрсетеді. Сондықтан пікірлер бөлімі көңілді де, назды да, қыжылды да төгетін алаң", - дейді ол. 

Ал кей жағдайда бұған ішкі эмоционал күй де әсер етеді. 

"Әлеуметтік желі - қауіпсіз эмоционал алаң. Өмірде айта алмайтын эмоцияны адам көбіне желіде жазып шығарады. Бұл кейде ішкі қысымның, тіпті бала кезден қалған жараның көрінісі болуы мүмкін", – дейді психолог.

Желіде хейт неге тез тұтанады? 

Қазақтардың хейтке бірден жаппай кірісетін сәттері де жиі байқалады. Әсіресе ұлттық мүдденің қорлануы, тілді шеттету сынды жағдайларда қазақстандықтар қарсы пікір жазуға шебер. Психолог мұны бірнеше фактормен байланыстырады:

"Бізде ұжымдық әрекетке бейімділік бар, яғни “біреуге тиісті ме, демек бәріміз бірге қарсы тұруымыз керек” деген ішкі психология жұмыс істейді. Эмоция да тез жұғады. Біреу ашуланса, соның негативі лезде басқаларға тарайды. Сонымен қатар, қазақ әділетсіздікке өте сезімтал, “қиянатқа жол бермеу керек” деген ішкі қажеттілік бар. Көбіне адамдар жағдайдың бар мән-жайын толық білмей тұрып, бірінші эмоциямен реакция беріп жатады. Яғни, алдымен хейт, сосын ғана байыпты ойлану жүреді", – дейді маман.

Ұлмекен Сәндібекқызының айтуынша, біздің қоғам тарихи қысымдарды (қуғын-сүргін, ашаршылық, Желтоқсан оқиғасы) бастан өткерген. Бұл ұжымдық ес пен әділетсіздікке аса сезімталдықты қалыптастырған.

"Көбіне пікір қалдырушы адам қазіргі посттағы оқиғаға емес, өзінің ішкі жарасына реакция беріп жатады", – дейді психолог.

Threads-ті неге қазақтар "жаулап алды"?

Маркетолог Айгерім Марат Threads желісін қазақ аудиториясының ерекше феномені деп санайды.

"Бұл – фильтрсіз әңгіме алаңы. Қазақтар мұнда өте белсенді. Неге? Өйткені біз эмоциямызды ашық айтқанды жақсы көреміз. Бізге тек әдемі бейне емес, шынайы әңгіме керек", – дейді ол.

Оның айтуынша Тредсте ақпарат емес, эмоция көбірек өтімді. Сондай-ақ, storytelling-тен гөрі story-feeling жақсы жұмыс істейді.

"Адамдар жұмыстан шаршап келеді. Оларға философия емес, жылы эмоция керек. Сондықтан қазақтар Threads-ті тірілтіп отыр", – дейді маркетолог.

Қоса кетейік, жақында актер, продюсер Нұрлан Қоянбаев Тредс желісінде сәрсенбі күнін Қазақстан күні деп жариялайық деген ұсыныс қалдырған еді. Оның айтуынша дәл осы күні елімізді мақтап, түрлі патриоттық жазбалар, видеолар жариялаймыз. Негативті ысырып, тек жақсы пікір жазуымыз керек. 

Бұл ұсынысты көпшілік қолдап, бір тәуліктің ішінде сықақшының жазбасын шамамен мыңдаған адам қарап, 16 мыңнан астам «лайк» басып, 300-ге жуық пікір қалдырған. 

Айта кетейік, Қазақстанның цифрлық белсенділігі нақты статистикамен де расталады. DataReportal мәліметінше, 2025 жылдың басында елімізде 20,7 миллион халықтың шамамен 19,2 миллионы ғаламтор қолданады, яғни тұрғындардың 93 пайызға жуығы онлайн кеңістікте отыр. Әлеуметтік желіде тіркелген аккаунттар саны 15,7 миллионға жеткен. Бұл Қазақстан халқының шамамен төрттен үшіне тең.

Ал Meta мен TikTok-тың жарнамалық деректеріне қарағанда, Қазақстанда Instagram-ды шамамен 12,4 миллион адам пайдаланады, ал TikTok-та 15,7 миллионнан астам ересек қолданушы бар. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

15:16

15:11

15:06

14:57

14:46

14:29

14:15

14:11

14:02

12:23

12:11

12:01

11:51

11:44

11:36

11:28

11:21

11:05

10:52

10:35

10:31

10:22

10:15

10:02

09:59