Футбол клубтарын жекешелендірудің тиімділігі неде? Спорт сарапшылары түсіндірді

Футбол клубтарын жекешелендірудің тиімділігі неде? Спорт сарапшылары түсіндірді Коллаж авторы: Нұрболсын Өріс

Футбол - әлемдік деңгейде ең көп инвестиция салынатын спорт түрлерінің бірі. Кейінгі жылдары Қазақстан футболында да айтарлықтай қозғалыс әрі өзгеріс бар. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында бұқаралық спортты қолдаумен қатар, кәсіби спортты табыс әкелетін бизнес-индустрия ретінде қарастыру керектігін айтып, футбол клубтарын жекешелендіру жұмысын жеделдетуді тапсырды. Бұл шешім не береді? Aqshamnews.kz тілшісі осы мәселе төңірегінде сарапшылар пікірін сұрап көрді.

"Футболды коммерцияландырусыз Қазақстанда бұл спорт дамымайды. Әлемдік тәжірибе соны көрсетіп отыр", - деді Мемлекет басшысы.

Бұл пікірді спорт сарапшылары да қуаттап отыр. 

Спорт комментаторы әрі футбол саласының медиа маманы Ермұхамед Мәуленнің айтуынша, футболды жеке секторға беру - дамудың табиғи жолы. Еуропалық клубтардың көпшілігі табысты бизнес-жаңа­шылдыққа айналған. Оның пікірінше, мемлекет тек балаларға арналған спорт орталықтарын қолдауға тиіс. Ал негізгі клуб жүйесін басқаруда жеке меншік тиімдірек, себебі мемлекеттік модельдің негізгі кемшілігі - кей жағдайда қаржының ашық еместігі мен жемқорлық тәуекелдердің болуында. 

Сурет: instagram.com/e.maulen

Мәулен жекешелендірудің ең үлкен әсері жастар академияларының дамуы болатынын айтады.

"Жеке кәсіпкер командаға қаражат құйғаннан кейін, футболшыны өнім ретінде қарайды. Талантты жастарды өсіруге мүдделілік артады. Бұл - нәтиженің негізі. Бірақ жекешелендірілген клуб бірден гүлденіп кетеді дегенге сену қиын. Футболда нәтиже беру үшін 10-12 жыл керек. "Қайрат" футбол клубын көріп отырсыздар. Қайрат Боранбаев 2012 жылы сатып алды. 2025 жылы жарты ақшасын қайтарып отыр", - дейді сарапшы.

Инвестор тарту үшін мемлекет қандай қадам жасауы керек?

 Ал инвестор тарту мәселесіне келгенде, сарапшының пікірінше, мемлекет нақты қадамдарды жеделдетуі керек. 

"Инвесторды тартудың нұсқалары көп. Мемлекет кәсіпкерлер қашан келіп сатып алады екен деп күтіп отыра бермей, соған сай әрекет етуі керек.  Футбол клубтары да және сол өңірдің әкімдері де осы мәселеге бас қатырса. Бүкіл спорт басқармасы, туризм және спорт басқармасы жер бөлуі керек. Туризм басқармасы деген сияқты әкімдікке қарайтындар солардың балансында тұрған, шаруашылық бөлімнің балансында тұрған базаларды, футбол алаңдарын инфрақұрылымдардың қайсысы болады деп сол жергілікті өңірдегі футбол клубтары пайдаланып жүрген жерді беру керек", - деп қорытты ойын. 

Белгілі спорт комментаторы, футбол шолушысы Есей Жеңісұлы да жекешелендірудің артықшылығын жоққа шығармайды. Бірақ алғашқы жылдары асығыс үміт артпау керектігін айтады. Оның пікірінше, жеке инвесторлар клуб қаржысын бақылауда ұстайды, бұрынғыдай миллиардтаған қарыздарға жол бермейді. Сонымен қатар, академиялардың дамуы немесе жаңадан құрылуы ойыншы дайындаудың мүлде жаңа сапалы кезеңіне әкеледі.

Сурет: kazgazeta.kz

"Қайрат" академиясы - осы бағыттағы сәтті мысал. Есей Жеңісұлы академияның Қазақстанның түкпір-түкпірінен талант жинап отырғанын алға тартады.  Бүгінде ұлттық құраманың сегіз-тоғыз ойыншысы - осы академия түлектері. Бірінші лигадағы көптеген клубтарда да "Қайраттың" бұрынғы шәкірттері ойнайды. Сарапшының айтуынша, басқа клубтар да осындай жүйені іске қоса алса, Қазақстанның футбол нарығы ішкі трансферлермен де, сыртқы сатылымдармен де табыс ала алады. 

"Қайраттың" академиясын қалып қарасақ, құрамы республиканың түкпір-түкпірінен. Мысалы, Темірлан Анарбеков Атыраудың баласы, Нұрәлі Әліп Маңғыстаудың баласы. Олжас Байбек Шардараның баласы деген сияқты. Егер балалар академиялары ашылып жатса, онда өзінің таланттарын сыртқа шығармауға тырысады. Яғни, ие болуға тырысады. Мысалы, қазір Премьер-лиганың командаларында шамамен екі командаға жететін тараздық футболшылар ойнайды.  Бауыржан Исламханнан бастап, Артур Шушеначевпен қостап, Дәурен Жұмат бар. Солардың барлығы Тараздың өзінде ойнаса, ақшаны аз тауып қалады. Сондықтан , шашылып жүр. Ал алдағы уақытта жеке бизнесмендер қолға алып, осындай таланттарды "шашпаса", онда жергілікті жердің өзі футболшыларды сату арқылы пайда табуға болатын еді. Қазіргі Нидерленды командалары, сол сияқты  шағын елдердің командаларының сүйенетіні сол ғой. Сондықтан ол жол да бізге жат болмайды деп есептеймін", - дейді ол. 

Сонымен қатар, ол клубтарды жекешелендіргеннен кейін мемлекет пен жеке меншік арасындағы қолдау механизмі ашық қалыптасуы керектігін атап өтті. Жекеменшік клубқа бұрынғыдай ірі көлемдегі бюджеттік қаражатты еш талапсыз бөле беру -  жекешелендірудің мәнін жоғалтады. "Қайрат" мысалында мемлекеттік қолдау тек балалар академиясына бағытталады және нақты есеппен жүреді. Басқа клубтар да осы модельге көшуге тиіс.

"Мемлекет "команданы өткізіп бердік, енді ары қарай өзің қалай болса да жан бақ "деуге де болмайды. "Қайрат" қазір мемлекеттен ақша алып отыр ғой. 30 пайыз бюджеті мемлекеттен, яғни Алматы қаласының бюджетінен. Ол былай айтқанда, балалар академиясына жұмсалып отыр және оның есебі бар. Сол сияқты жеке команда иесі мен облыстық спорт басқармалары арасында байланыс қандай болатыны осы тұста анықталуы керек" - дейді ол. 

Қазір мектепке барған баласын футболға да жетектеп апарып, тапсырып жатқан ата-аналардың қарасы да көбейген сыңайлы. Бұл да Қазақстан футболына сенім арту мен болашағынан үміт күтудің бір көрінісі іспетті. Осы жайлы сұрағымызға Есей Жеңісұлы ағамыз былай деп жауап берді:

"Әлем жағдайында футбол - әлеуметтік лифт. Мысалы, Африка елінің таланттары Францияға, Бразилияның таланттары бірінші Бразилияға табан тіреп, біртіндеп АПЛ-ға, Бундеслигаға жолдама алуға тырысады. Нидерландыда бастайтын ойыншылар бар. Сол сияқты біздің балалардан да алдағы уақытта жақсы футболистер шығады деген үміттеміз. Қазіргі жағдайда балаларды футболға беру өте жылдам нәтиже беруі мүмкін. "Қайрат" алғышартжасап қойды ғой. Қазір, мысалы, Ұлттық құрамада ойнайтын 8-9 түлегі бар, одан бөлек біз ескермей жүрген нәрсе, "Қайраттың" түлектері бірінші лиганың командаларында түгелі дерлік бар. "Қайсарға" келген Нұрдәулет Ағзамбаев та кезінде "Қайратта" ойнаған. Басқа да біршама ойыншыны айтуға болады. Роман Черков дейтін ойыншы мысалы "Атырауда", "Тұранда" ойнады. Соның бәрі "Қайраттың" академиясынан шыққандар. Егер академия жылдам қолға алынатын болса, оның жемісін тез көруіміз мүмкін".

Жекеменшік клуб пен мемлекет серіктестігі қалай жұмыс істеуге тиіс? 

Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаевтың айтуынша, қазіргі таңда Премьер-лигада ойнайтын 14 клубтың бесеуі жекешелендірілген, тағы екеуі бойынша инвесторлармен келіссөздер жүріп жатыр. Үкімет клубтарды коммерцияландыру бағытында ҚФФ және өңірлер әкімдіктерімен бірлесіп жұмыс істеп жатыр. Жекешелендірумен қатар, барлық кәсіби клубқа балалар академияларын ашу міндеті қойылған.

Қазақстанда қанша клуб жекешелендірілді? Ресми мәлімет

Жақында Қызылорданың "Қайсар" клубы TAU Group LTD компаниясының басшысы Исламғали Қозыбақовқа басқаруға берілді. "Шахтер" клубын Freedom Holding Corp. сатып алды, ал астаналық "Жеңіс" командасының ендігі иесі - Михаил Ломтадзе.

Жалпы алғанда, футбол клубтарын жекешелендіру - Қазақстан футболының жаңа кезеңге қадам басуы. Сарапшылардың айтқан пікірлерінен бұл процеске уақыт, салмақты стратегия және инвесторлардың табандылығы қажет деген түйін жасадық. Жүйе дұрыс құрылған жағдайда, жекешелендіру жастар даярлау сапасын арттырып, клубтардың ашықтығын күшейтіп, футболды шынымен тиімді бизнеске айналдыра алады. Ал егер механизмдер нақты айқындалмаса, реформа өз әлеуетін толық аша алмай қалуы әбден мүмкін.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

15:28

15:16

15:11

15:06

14:57

14:46

14:29

14:15

14:11

14:02

12:23

12:11

12:01

11:51

11:44

11:36

11:28

11:21

11:05

10:52

10:35

10:31

10:22

10:15

10:02