Үндістан G20 диалог алаңын сақтап қала алды ма?
Өткен демалыс күндері Үндістанның орталық қаласы Жаңа-Делиде «Үлкен жиырмалық» (G20) саммиті өтті. Онда әлемнің алдыңғы 20 ірі экономикасы саналатын елдер бас қосты. Әрі әлем дөп келген бірқатар мәселелер бойынша пікір ортақтығын табуға тырысып бақты. Тақырыптар легінде климат өзгерісі, жаһандық экономикалық қиындықтар және Украинадағы қақтығыс мәселелері де бар болатын. Анығында, бұл тақырыптарға қатысушы елдердің пікірі сан алуан, ұстанымдары алшақ-тын. Соған қарамастан ұйымдастырушы тарап қиыннан жол тауып, қисынын келтіріп, ортақ декларацияға қол қойдыра алды. Жалпы, жиын қорытындысына қарағанда, топ 20 мүшелері елеулі де елеусіз бұл декларация арқылы әлемдегі ең ірі пікір алмасу алаңын сақтап қалғандай болды. Сонымен, Жаңа-Дели жиналысы не түйді? G20 не шешті? Үлкен үстел басында қозғалған тақырыптарды таратып көрмек ләзім.
ҮНДІСТАН ҚИЫННАН ҚИЫСТЫРА АЛДЫ
«Үлкен жиырмалық» саммиті үлкен диалог форматы ретінде 1999 жылдан бері жалғасып келеді. Содан бері топ 20 елдің өкілдері экономикалық саясатты үйлестіру дейтін асқақ арман төңірегінде жыл сайын топтасып жатады. Турасын айту керек, бұл форматтағы кездесулерде көбінде ортақ консунсқа қол жеткізіп, бірлескен декларация жариялап жатқанымен, оның бәрін бірдей орындау міндетті саналмайды. Оның үстіне, соңғы жылдары әлемдегі күрделі геосаяси жағдайлардан кейін бұл саммиттің болашағына деген күмән күшейе түскен. Себебі, «Үлкен жетілік» саммиті бұдан көрі пәрменді. Ал оған кереғар күйде Ресей мен Қытай бастап БРИКС-тің ықпалын тебінді арттыруда. Тіпті, бұл жаңа ұйым алдағы уақытта G20 мүшелері арасынан өз жақтастарын көбейтуді көздеп отыр.
Тап осы тұста Жаңа-Дели сауын айтып шақырған «Үлкен жиырмалық» жиынына артылған үміт пен айтылған сын аз емес еді. Әу баста саммиттің күн тәртібінде климаттың өзгеруі, экономикалық даму және табысы төмен елдердің қарыз ауыртпалығы, сондай-ақ Украинадағы қақтығыстан туындаған инфляция мәселесі тұрды. Осылардың ішінде Ресей–Украина тақырыбы қатысушы елдер үшін ең бір нәзік тақырып болатын. Бұған байланысты тараптардың ортақ пікір табуы қиын екені де белгілі еді.
Бірақ Жаңа-Делидің ұсынған декларациясының мазмұны Ресейдің Украинадағы әрекетін айыптаудан аулақ болды. Сөйте тұра, қақтығыс салдарынан адами зардап шегудің ауырлығын қатаң сынға алынып, топ 20 елдерді аумақты басып алу үшін күш қолданбауға шақырды. Осылайша «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» ұсынылған декларация көп тараптың көңілінен шыққандай болды.
ӘР ТАРАПТЫҢ АЙТҚАН СӨЗІ
Декларация мазмұнына қатысты әрі мүшелердің пікірі түрліше болса да, негізінен ортақ пікір тізгінін ұстап қалғандарына ризашылық бар. Қанша жерден кереғар ұстанымдағы елдер қайшы келіп тұрса да, мәселені қақтығыс алаңына емес, келіссөз үстеліне тартатын бір жол керек.
Кезекті саммит және ондағы декларация жайында тараптардың мәлімдемелері халықаралық жиынның мазмұнын осы жағынан түсіндірсе керек. Айталық, Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров бұл саммитті дамушы елдер үшін табысты болды деп мәлімдеді, әрі Үндістан шынымен де «Жаһандық Оңтүстікке» (Global South) мүше мемлекеттердің бірлігін нығайтты деп бағалапты.
Бұнымен қат ар, Ақ үйдің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джейк Салливан саммит декларациясындағы күш қолдануға қарсы тұсына басымдық бере сөйлепті. Яғни кез келген ел аумақты иемдену немесе аумақтық тұтастыққа, егемендікке немесе саяси тәуелсіздікке қол сұғу үшін күш қолдана алмайды деген қағиданы ұсыну аса табысты қадам деп көрсетіпті.
Германия мен Британия тарабы да қарарды оңды бағалайды. Франция президенті Эммануэль Макрон жексенбідегі лебізінде G20 халықаралық экономикалық мәселелерді шешу үшін құрылғанын баса айта келіп, Украина тақырыбы бойынша дипломатиялық прогресс күтілетін алаң еместігін растайды. Дегенмен, G20 декларациясын Ресейдің дипломатиялық жеңісі емес дегені де бар.
Жапония премьер-министрі Фумио Кишида болса, Ресей мен Украина тақырыбы G20-ның ірге тасын бүлдіруі де мүмкін деп алаңдайды. Себебі, көп тарап осы мәселеге қатысты алаңдаған. Тіпті, былтырғы Бали саммитінде Мәскеу ашық айыпталғаны үшін ұйым елдерінің кезекті жиынының нәтижесіне деген күмәні де күшейген болатын.
АЛАБӨТЕН ПІКІР МЕН АЛШАҚ ҰСТАНЫМДАР АЛАҢЫ
Бұған дейін де әлемдік ақпарат кеңістігі кеңінен талқылаған, яғни Ресей мен Қытай басшылары аталмыш жиналысқа қатыспады. Сондықтан да саммитте жалпы басымдық АҚШ пен оның батыстық одақтастарының тарапында қалатыны анық болатын. Дегенмен, біз осы «Үлкен жиырмалық» саммитіне балама тағы бір ауқымды келіссөз алаңының қысқа уақытта боп көтеріп келе жатқанын байқап отырмыз. Қытай мен Ресей ортақ ұстанымдарына сай келетін БРИКС саммиті жақында ғана өзінің іргесін топ 20 елдері арасынан кеңейтетінін анық байқатты. Жақындағы жиынында аталмыш ұйым Сауд Арабиясы, Иран, Эфиопия, Мысыр, Аргентина және Біріккен Араб Әмірліктерінің қосылуын мақұлдады. Бұған дейін құрамында Қытай, Ресей, Үндістан, Бразилия және Оңтүстік Африка елдері болған еді.
Бұған қарап «Үлкен жиырмалықтың» іргесі сетінеп жатыр деуге тағы келмес. Себебі, осы саммитте 55 мүшеден тұратын Африка одағы G20-ның тұрақты бір мүшесі ретінде қабылданды. Бұл қалайда осы диалог алаңының ауқымын сақтап қалуға, әрі консунс орталығы етуге деген үмітті арттыра түскендей болды.
Шын мәнінде, ешкімнің шымбайына тимейтін бір ортақ пікірге келісім ұсыну үлкен диалог алаңында оңай жүзеге аса бермесі анық. Себебі, әлемнің экономикалық алға ілгерлеуінде осы топ 20 мүшелерінің қай- қайсысы да белгілі деңгейде салымға ие. Олардың ұстанымындағы, көзқарасындағы алшақтық барған сайын ұлғайып бара жатқаны тағы бар. Рейтер агенттігі жиынның соңғы күні өзінің дереккөздеріне сілтеп, ортақ декларация талқылау соңғы минуттарға дейін қызу жүргенін жазды. Осының өзінен де көп нәрсені аңғаруға болады. Бұдан біз ірі ойыншылар үлкен диалог алаңдарын өз мүддесіне бейімдеуге күш салып жатқанын байқаймыз.
«Аlmaty-akshamy» №108, 12 қыркүйек, 2023 жыл